19 шіл, 2018 сағат 08:57

Славян базары: «Әміре» 1,5 миллион теңгелік костюмін Польша әншісіне сыйлады

«Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, 1-орын алған Ернар Садырбаев Астанада баспасөз мәлихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әншінің продюсері Жан Мұқанов байқауда болған қызықты оқиғаларды айтып берді.

«Байқаудың соңғы күні «Әміре» құны бір жарым миллион теңге болатын қымбат костюм киіп шықты. Костюмның әдемілігі сонша, сахна сыртында барлық әртістер ұстап көріп, фотоға түсіп жатты. Сол күні Әміре сахнаға тумен шығуға бола ма деп рұқсат сұрады. Мен оның костюмы көрінбей қалады деп уайымдап тұрмын (күлді-авт.). «Есесіне туымыз көрінеді» деп жауап берді Ернар Садырбаев. Осылайша, «Әміре» он бес қатысушының арасында тумен шыққан жалғыз қатысушы болды. Ал қымбат костюмды Қазақстанға әкелу бұйырмады, қазір бізде жоқ», - деп еске алды Жан Мұқанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында

Продюсердің айтуынша, бағалы костюм қазақстандық қызметкермен ренжісіп қалған Польша әншісіне сыйға берілген.

«Әділқазы алқасында 2000 жылдары бас жүлде алған, Польша елінен келген әнші болды. Біз оны алғаш рет көрдік, бірақ оны тұтас Еуропаға танымал әнші дейді. Сол әртіс «Костюмыңызды сатыңыз» деп Ернарға жабысты. Біз сатқан жоқпыз. Байқау аяқталып, елге жиналып жатқанда, кішігірім араздастық болды. Қазақстандық қызметкерлердің бірі Польша әншісімен араздасып, қатты сөздер айтыпты. «Әміре» кешірім ретінде костюмды сыйлайық деп ұсыныс білдірді. Қымбат костюм, әрине, бірақ Польша әншісіне сыйладық. Әншінің қуанышында шек болмады», - деді ол. 

Сонымен бірге, продюсер Ернар Садырбаевпен қалай танысқанын айтып берді.

«Әміремен» кездейсоқ таныстым. «Сәлем, Ұлы дала» жобасына промо-ролик әзірлеп жатқанда жоба әнұранын айтатын әнші қажет болды. Сол кезде Әміренің ән айтқанын көрдім. Кейін метроға түскенде, қолма-қол ақша таппай қалдым, картадағы ақшамды еш жер қабылдамады. Сонда «Әміре» мен үшін 100 теңге төледі. Осылайша, бір метро билетімен мені сатып алды (күлді-авт.). Шын мәнінде, ол (Ернар Садырбаев-авт.) Қостанай облысында туған қарапайым жігіт, ең бастысы өте дарынды жігіт», - деді Жан Мұқанов.

Айта кетейік, «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі Беларусь мемлекетін дүниежүзіне танымал етті. 2015 жылы  бұл байқауда қазақстандық Димаш Құдайберген бас жүлдені иеленген болатын.

Биыл Қазақстан атынан өнер көрсетіп, жүлделі 1-орын алған Ернар Садырбаев әуелі Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» шырқады. Екінші күні оркестрдің сүйемелдеуімен Раян Поустың «Подбери музыку» және Рокопера Моцарттың «Я сплю на розах» атты шығармаларын орындады.