02 сәу, 2020 сағат 12:18

СҚО тұрғыны коронавирус инфекциясын екі әріптесіне жұқтырған

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов коронавирус инфекциясын жұқтырған тұрғындардың жағдайын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір облыста коронавирус жұқтырған 7 адам тіркелді. Петропавл қаласында 3 жаңа оқиға анықталды. Екі әйел облыс орталығында ауру жұқтырған әйелмен бірге жұмыс істеген. Олар қалалық жұмыспен қамту орталығында еңбек еткен. Сонымен бірге, Петропавл қаласының карантиндік стационарының медициналық қызметкері вирус жұқтырды», - деді облыс әкімі «QYZYLJAR» телеарнасының тікелей эфирінде. 

Тағы бір вирус жұқтыру оқиғасы Тайынша қаласында тіркелді. Аудандық аурухананың лаборанты Келлеровкадан келген науқас әйелмен байланысқан. Қазір Тайынша қаласы және ондағы аудандық аурухана 14 күнге карантинге жабылды. 

Әкімнің айтуынша, науқастардың барлығы Петропавл қаласының жұқпалы стационарына жатқызылды. Жағдайлары бірқалыпты. Байланыста болғандар анықталып, карантиндік стационарға жіберілген. 

Екінші жұқтыру жағдайы Келлеровка ауылының 40 жастағы тұрғынынан табылды. Ол ауылдық амбулаторияда саниарлық қызметкер болып жұмыс істеген. Науқас Петропавл қаласының жұқпалы стационарына жеткізілді. Ауыл 14 күнге карантинге жабылды. Науқаспен байланысқан тұрғындар Келлеровканың карантиндік госпиталіне және үй карантиніне жатқызылды. Алынған барлық сынмалар теріс нәтиже көрсетті. 

Келлеровкаға кіруге және шығуға тыйым салынды. Онда тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіледі. Қоғамдық орындар дезинфекцияланды. Барлық оқиғалар бойынша вирус табылған жұмыс және үй ошақтары оқшауланып, санитарлық және дезинфекциялық өңдеу жүргізілді. 

«Қазір Петропавлда 5 жұқтыру ошағы бар. Көпқабатты үйлердің тұрғындарына шыдаммен және сабырмен қарауды сұраймын. Қазір супермаркеттер азық-түлік жеткізумен айналысып жатыр. Науқастардың бірі бірінші қалалық емханаға барған. Сондықтан, тұрғындардан медициналық мекемелерге бармауды өтінемін. Дәрігерлердің өзі сіздерге барады», - деді Қ. Ақсақалов. 

КВИ белгілері байқалған жағдайда, 1406 немесе 103 нөмірлеріне хабарласу қажет.