09 қыр, 2019 сағат 11:13

СҚО-да халықтың қартаю көрсеткіші республикалық деңгейден екі есе жоғары

Солтүстік Қазақстан облысында Әдеп жөніндегі кеңес денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев тәуекел көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, жарты жыл ішінде облыста 3,4 мың өлім тіркеліп, көрсеткіш 1,8% өскен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мұны халықтың қартаю деңгейінің жоғары болуымен түсіндіреді. Облыста бұл көрсеткіш - 55,8, ал республика бойынша орташа деңгей - 25.

Алайда қан айналым жүйесінде дерті бар аурулардың өлім-жітім деңгейі 17,5% төмендеді. Т.Сұлтанғазиев алдымен кардиологиялық патологиясы бар науқастарға медициналық көмек көрсететін ақ халаттыларды және медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерін жүйелі оқыту жүргізілетінін айтты. Бүгінде кардиоцентр деңгейінде 52 дәрігер жетілдіру курстарынан өткен. Кардиоцентр кардиологтарды, терапевттерді және жалпы тәжірибелік дәрігерлерді оқыту үшін облыстарға барып, жалпы саны 107 қызметкерді оқытқан.

Жеті ай ішінде қатерлі ісік ауруы көбейіп, өлім-жітім көрсеткіші өскен. Денсаулық сақтау департаменті мұны қатерлі ісік ауруының көбеюімен және өлгендер арасында өкпе обыры дертінің көп болуы және оны ерте анықтау өте қиын екенімен түсіндірді.

«Аурудың жоғары деңгейінің ғаламдық себебі - бұл егде жастағы адамдардың қатерлі ісік ауруына бейімділігі. Осы жылы қатерлі ісіктерді ертерек анықтау үшін облыста өкпенің созылмалы аурулары бар адамдарды төмен дозалы өкпе томографиясына түсіру жұмысы басталды. Қатерлі ісік ауруын ерте анықтау жыл сайын жетіліп келеді. Республикада СҚО онкологиялык аурулардың бірінші және екінші сатыларын анықтауда көшбасшы. Анықталған онкологияның 60% - ерте анықтау ісінің жүйелі жүргізілгенінің нәтижесі. Тек 5,7% алдын-ала анықтау мүмкін болмады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Туберкулезбен ауыратын адамдардың саны 3,6% азайып, осы дерттен болатын өлім-жітім деңгейі 18% төмендеді.

«Жарақаттанудан, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын өлім-жітім 11% өсті. Сонымен қатар, қылмыстың салдарынан қаза тапқандар 20%, жазатайым оқиғалардан көз жұмған азаматтардың саны 44% азайды», - деді Т.Сұлтанғазиев.

Өңірде жастар арасындағы суицид азайды. Ал орта жастағы адамдар арасында өз-өзіне қол жұмсағандардың саны өткен жылы 41 болса, биыл - 68.

«Бұл психикалық аурудың алдын алу үшін кешенді шаралар қодану қажет. Тек денсаулық сақтау және білім басқармасы бұл мәселені шешпейді. Оған қоғамдық бірлестіктерді, облыс әкімдіктерін, жергілікті қауымдастықтарды жұмылдыру қажет», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Тағы бір өзекті мәселе - нәресте өлімі. Алты айда облыста бір жасқа толмаған 36 бала қайтыс болды. Нәресте өлімі 4 пайызға төмендеді. Т.Сұлтанғазиевтің айтуынша, өлімнің 73% негізгі себеп болатын – баланың дамуы кезеңде пайда болатын және әйелдің денсаулығына байланысты аурулар. Екінші орында туа біткен ауытқулар, ұрық ақаулары. Үшінші орында - тыныс жолдарының аурулары. Өткен жылмен салыстырғанда туа біткен ауытқулардың үлесі 24%-дан 19%-ға төмендеген.

«Нәрестелер өлімінің көп бөлігі дене салмағы өте төмен балаларда кездеседі. 60%-дан астамы - салмағы 500 грамнан 1,5 келіге дейінгі балалар. Бұл күрделі шала туылған нәрестелер, олардың өкпелері мен жүрек-тамыр жүйесі дамымаған. Өткен жылы ұрық ақауларынан болатын өлім деңгейі жоғары болды. Мұның себептері ультрадыбыстық диагностика үшін қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеуінен. Биыл біз 4 класты ультрадыбыстық аппараттарды алдырттық», - деді Т.Сұлтанғазиев.

Биыл СҚО-да ана өлімі тіркелмеген.