27 қыр, 2019 сағат 10:15

СҚО-да екі адамды өлтірген күдікті ұсталды

Заречный ауылында кездейсоқ өтіп бара жатқан адам жартылай қаңқаға айналып бара жатқан мүрдені байқаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сот-медициналық сараптама қылмыстық белгінің бар екенін көрсетті. Адам өлтірілгелі бері бірнеше ай өткен, оның саусақтарының ізін алу мүмкін емес.

Аға криминалист Жақсылық Уалиев арнайы өңдеуден кейін алақанның бір бөлігін суретке түсірді. Сурет дактилоскопиялық «Папилон» дерекқоры арқылы тексерілді. Марқұм тұрғылықты мекенжайы жоқ, 36 жастағы петропавлдық екені анықталды.

«Екі тәулік бойы жедел қызметкерлер, учаскелік инспекторлар қылмысты ашуға тырысты. Марқұмның өліміне қатысы болуы мүмкін айналасындағы адамдарды тексеру кезінде тағы бір жайт ашылды. Қаза тапқан ер адаммен бірге жүретін әйел де жоғалып кеткен. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде екі адамның өліміне күдікті 35 жастағы ер адам қолға түсті. Ол көрші облысқа қашып кеткен», делінген хабарламада.

Қылмыскер әйел адамның денесін қайда жасырғанын айтты. Белгілі болғандай, екінші мәйіт алғашқы қаңқа табылған жерге жақын болған. Өлген әйелдің кім екені алақанының фотосуретін дерекқор мәліметтерімен салыстыру арқылы анықталды.

«Адам өлтіру» қылмыстық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалды.