25 мау, 2018 сағат 16:26

"Сізбен бірге жүрегім қан жылап тұр". Министр Олжас Сүлейменовке көңіл айтты

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ақын Олжас Сүлейменовке көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

"Халық құрметіне бөленген ақынымыз Олжас Сүлейменовке қайғырып көңіл айтамын. Немересі Ескендірдің қазасы елдің қабырғасына батты. Олжас Омарұлының отбасының басына түскен қайғыны сөзбен айтып жеткізу қиын. Көңіл жұбатар сөз айту да қиын", — деп жазды Мұхамедиұлы фейсбуктегі парақшасында.

Мәдениет министрі ақынның шығармалары қиын сәтте талай адамға қайыспайтын рух бергенін атап өтті.

"Енді біздер, оның достары, жақын адамдары, ақынның шығармашылығына бас иетін адамдар бірлесіп, оның отбасына тағдырдың салған салмағын жеңілдетуге тырысайық дегім келеді. Болған іске болаттай берік болыңыз! Сізбен бірге жүрегім қан жылап тұр...", — деп көңіл айтты министр. 

Еске сала кетсек, жексенбі күні ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің 20 жастағы немересі Ескендір Астанада жол апатынан көз жұмған еді. Жол-көлік оқиғасы Мәңгілік Ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында кешкі тоғыз-тоғыз жарымның аралығында болған. Жас жігіт мотоцикл жүргізіп келе жатқан. 

Ескендірдің досының айтуынша, жас жігіт соңғы жылдары Астанада тұрып, жұмыс істеген.