13 қар, 2017 сағат 11:23

Сириядан Ресейге қайтарылған әйелдер мен балалар арасында қазақстандықтар да бар

Сириядан Ресейге 13 әйел мен 29 бала қайтарылды. Арасында Қазақстан және Өзбекстан азаматтары да бар. Олардың күйеуі мен әкелері ДАИШ-тың құрамында соғысуға кеткен. Бұл туралы Сириядағы Халықтық өзін-өзі қорғау отрядының (YPG) өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі life.ru-ге сілтеме жасап.

Аталған отряд бұрын да ресейліктерді Раккадан босатқан.

«Бұл соғыс кезінде және соғыстан кейін барын салған бауырларымыздың еңбегі. Босатылған әйелдер мен балалардың туыстары да көмектесті. Олар бізге ұялы телефондарын, аудиожазбаларын беріп отырды», - деді YPG өкілі.

Ал Шешенстанның адам құқығы жөніндегі кеңесінің деректеріне сүйенсек, 48 адам қайтарылған. Сондай-ақ, олардың арасында тек ресейліктер емес, Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары да бар. Бүгін олар Сириядан Грозныйға арнайы рейспен жеткізіледі.