04 жел, 2018 сағат 08:50

Сириядағы қазақтар соғыстан соң қайда барады?

Сириядағы соғыс туралы сөз болғанда бізді толғандыратыны – осы елде жеті жарым жылдан бері жүрген қазақтардың тағдыры. Олар бұл соғыс толық біткеннен кейін қайда барады, елге қайта ма, әлде қаруластарымен бірге Ауғанстан жеріне аса ма? Бұл сұраққа қатысты бір жауапты биылғы қыркүйек айында Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді берді. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген брифингінде қазіргі күндері Сирия жерінде жүрген 23 азаматты елге қайтару әрекеті жасалып жатқанын жеткізді. Бірінші вице-министрдің айтуына қарағанда, ведомоство бүгінде Сирия мен Ирак жерлерінде жүрген қазақстандық жауынгерлерді анықтау бағытында жұмыстар жүргізуде. «Бұл жөнінде бізде қазір біраз ақпар бар, Иорданиядағы елшілігіміз, сондай-ақ Ливандағы бас консулдігіміз аталған аймақтарда жүрген қазақстандықтарды іздеу мәселесімен тығыз айналысуда. Бұған қоса, біз сол жақтарға кеткен азаматтарымыздың ата-аналарына ұдайы сұрау салып отырамыз», – деді министрдің орынбасары.

Бұдан бұрын «Хабар 24» телеарнасының тілшісіне бір әйел хабарласып, 8 айдан бері 16 баласы бар 7 әйелдің Сирияда жүргендерін жеткізген еді. Ол Орал, Ақтөбе, Алматы және Жезқазған қалаларынан бұлардың тұрмыс жағдайлары нашар болғандықтан, елден кеткендерін айтты. Босқындар лагерінде тұрып жатқан олардың балалары да түрлі сырқаттармен ауырады, бәрі медициналық көмекке аса зәру. Әйел өзінің сөзін: «Егер қолдарыңыздан келсе, оларды сол жақтан алып шығуға жәрдем беріңіздер», – деп аяқтады. 

Бізге тағы бір белгілі болған жайт, қазіргі таңда біздің сырт жақтарда жүрген отандастарымызды елге қайтару мәселесімен тек Сыртқы істер министрлігі ғана емес, сонымен қатар арнаулы қызметтер, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет секілді құзырлы органдар да айналысуда. «Онда жүрген біздің көптеген азаматтарымыз Сирия мен Ирак билігінің арнайы сынақтарынан өткізіліп, террорлық іс-әрекеттерге қаншалықты қатыстары бар-жоқ екендерін тексертеді. Егер осы сүзгі кезінде кінәлары анықталмаған болса, олар Қазақстан тарапына өткізіледі. Сондай бақылауда жүрген әйелдердің бірқатарының балалары да бар. Біз бұл әйелдердің лаңкестік әрекеттерге қатыстары бар деп айта алмаймыз, бірақ елге қайтулары үшін келісімді ең алдымен осы әйелдердің өздері берулері керек», – деп атап көрсетті сыртқы істер ведомствосының өкілі.

Бірінші вице-министр өз сөзінде бұл балалар ата-аналарының Таяу Шығыстағы террорлық әрекеттерге қатыстары бар екені дәлелденетін болса, оларды ата-аналық құқықтарынан айырып, кәмелетке жастары болмаған жеткіншектердің әке-шешелерінен алынатын келісімсіз-ақ елге әкелінетінін білдірді.

Жұртты осы кезге дейін Таяу Шығыс елдеріне қанша қазақ ұланының барғаны да толғандырады. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, Сирия мен Иракта ұрыс қимылдары басталған кезден бұл жақтарға еліміздің 800-ге жуық азаматы, соның ішінде 500 шамалас кәмелетке жасы толмаған балалар кетіп қалған. Жасыратыны жоқ, күні кешеге дейін олар туралы әртүрлі мәліметтер беріліп келді. Мәселен, 2013 жылы әлеуметтік желіде мұнда 150 қазақтың отбасымен жүргені бейнежазба арқылы атап өтілді. Сонда қандастардың Алеппо жанында шоғырланғандары белгілі болды. 2014 жылғы қарашада «Ислам мемлекетінің» «Әл-Хайят» медициналық орталығы қазақ тілінде сөйлеп жүрген балалардың әскери дайындықтан өтіп жатқандары туралы бір бейнесюжет жариялады. Балалар түгел автоматтармен қаруланған екен. Сол уақытта республика Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы Нұртай Әбіқаев Сирияда «Ислам мемлекеті» құрамындағы «Қазақ жамағаты» тобында 300-ден астам сарбаздың бар екенін, олардың 150-ін әйелдер құрайтынын мәлімдеді. Ал саясаттанушы Ерлан Қарин сол жылғы қыркүйекте ДАИШ сапында шамамен 250-дей қазақ жастарының бар екенін, олардың жастары 30-дың маңайында екенін айтты. Сосын 2016 жылы наурыз айында ИМ-ның «Furat Media» медицина орталығы Оңтүстік Қазақстан облысынан келген орыс тілді мұғалімді көрсететін келесі бір бейнекөріністі ұсынды. Бұдан кейін Сириядағы қазақ содырлары жайлы басқаша деректер берілмеді. Қазір онда барған қазақтардың қаншасы тірі екені және олардың қайда жүргендері жөнінде нақты мәлімет жоқ.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қазіргі күндері нақты осы мәселелермен айналысып жатыр. Осының өзі көңілге ұнамды сезім ұялатады.

Серік ПІРНАЗАР