30 қыр, 2019 сағат 15:27

Сирияда 11 жасында тұрмысқа шыққан қыздың мұңы

Елімізде Сирияға кеткен қазақстандықтарды елге қайтару үшін «Жусан» операциясы қолға алынды. Осы уақытқа дейін «Жусан-1» операциясынан - 47 адам, «Жусан-2» операциясының арқасында 231 адам, «Жусан-3» операциясы арқылы 230-ға жуық адам елге қайтты. Солардың ішінде Салтанат есімді жасөсіпірімде бар. Қазір онымен мамандар жұмыс істеп жатыр.

Салтанатты бізбен кездесуге әрең көндірдік. Ол бізге жарты сағат уақыт берді. Одан артық сөйлеспеймін деп шарт қойды. Көндік. Біз барғанымызда терезенің алдында тұр екен. Сұрақ қоймастан әңгімесін бастап кетті.

«Өкінем. Көп қиыншылық көрдім. Балалық шағымды өткіздім. Қызықты шағымды тек уайым қайғымен өткізіп жіберіппін»,- деді ол даусы дірілдеп.

Қаршадай қыздың көрмеген қорлығы жоқ. Небәрі 15 жаста болса да, өмірдің небір сұмдығын басынан өткерген. Сол көрген азабы «енді қайталанбаса екен деген» ниетпен шығар... Шын есімін жасырып, ол өзін Салтанат деп таныстырды. Бал балалығын ұрлап, бұ дүниенің тозағын көрсеткен басқа емес, Салтанаттың өз анасы. Бәрі оның лаңкестер ылаң салып жатқан Таяу Шығысқа табан тіреуінен басталды. Ол күндер Салтанатттың аса есінде жоқ. Небәрі 7 жаста болатын. Тек анасының аяқ астынан буынып - түйініп, алдымен Түркияға кейін Сирияға қыдырып барамыз дегені есінде қалыпты.

«Басқы кез қатты есімде жоқ. Кішкентай болған соң тек бұрышта отыратынмын үлкендердің қасында. Басында барған кезде жақсы қарсы алды. 3 айдай жақсы тұрдық. Сол жердегі адамдар бізді шекарадан өткенде машинамен күтіп алды. Жарты жылдан соң жау жақындап, артқа қашып, 20 күндей далада жаттық. Автобуста, мешіттерге қондық. Аш қалған күндерімізде болды», - дейді Салтанат.

Салтанат есейген сайын, Сириядағы жағдай да, қиындай түсті. Күннен күнге үдеген жарылыстар, ауыл қаланың бәрін қиратты. Халық қойша қырылды. Аман-қалғандары бас сауғалап көшіп-қонумен әлек болды. Шықпа жаным шықпаның күйін кешкен Салтанаттың да қанша қалада тұрғаны есінде жоқ.Тек әне-міне өліп кетем бе деген қашып -пысқан тіршіліктің қажытқанын айтады. Қазір ол қақтығыстың қақ ортасынан қалай аман келгеніне таң қалады. Өйткені ол жақта қолына қару ұстаған ерлер ғана емес. Ешкімге зияны жоқ қарттар мен балаларда өліп жатыр. Бірі-жарылыстан, бірі аштықтан, ал енді бірі лас, тышқани тіршіліктен туындаған жұқпалы аурулардан.

«Адамдар өліп жатты. Қазақтар көп болды. Қай уақытта өлеміз білмейміз дайындалып жүрдік. Далада адасып қалған балалар болды. Олардың аналары қайтыс болып кеткен. Тұрып жатқан жерімізден қуып жіберетін. Көп тамақ жейсіңдер деп. Қыздарды танымайтын біреулерге беріп жіберетін», - деп еске алды ол.

Салтанаттың анасы Сирияда көп қиналыпты. Шам елінде бақытты ғұмыр кешеміз, өмір бойы сүйіп өтемін деп алдап шақырған радикал азаматы әлдеқашан өліп қалған.Одан бері бірнешеуімен некелескен екен. Ал, бойжетіп қалған қызына қорған бола алмаған соң 11 жасында тұрмысқа беріпті. Жолдасы мен отбасылық өмірі жайында, Салтанат ашып айтқысы келмеді. Бөлісуге болмайтын құпиясы бар ма? Әлде біткен жараның аузын тырнағысы келмеді ме күйеуі туралы тіс жармады. Тек балалық шағының қор болғанын айта берді.

«7 жыл өмірім түстей өтті. Өз елімде өзімді басқаша сезіне бастадым. Балалық шағымды қайтара алмаймын, қызық уақытымның бәрі өтіп кетіпті. Еске түсірсем, бомбадан қашып жүрген кезім түседі. Ертеңгі күнім қандай болады. Қай жерге барамыз. Қандай уақытта өтіп кетуіміз мүмкін. Қандай уақытта өліп кетуіміз мүмкін білмейміз. Өзім де, жолдасым да білмейді. Соның артынан еріп жүре бердім. Әркім қара басының қамын ойлайды. Ешкімнің ешкімге қарайлайтын мұршасы жоқ. Әсіресе, жетімдер мен жесірлер қорғансыздың күйін кешеді. Күйеуі өлген әйелдер - лаңкестердің олжасы. Ұлының қолына қару беріп өздері секілді қанпезер қылады. Ал, анасы мен қызын қолжаулық қып саудаға салады», - дейді ол.

Елге оралуға мүмкіндік туған сәтте анасы тек Салтанаттың өзін ғана жіберіпті. Болашағы алда, әлі-ақ оңалып кетер десе керек. Ал өзі кішкентай қызымен бірге Сирияда қалыпты. Отанға оралмас бұрын Салтанат та көп ойланыпты.

«Бізге Шам еліндегілер елдеріңе қайтушы болмаңдар дейтін. Барсаңдар, қамайды сендерді деп қорқытты. Басында менде қорықтым. Бірақ қазір өкінбеймін. Сол жақта қалған анам мен сіңілімді ойлаймын. Олардың күні не болмақ, соны уайымдаймын», - деді Салтанат.

«Жусан» деп айдарланған шара бейкүнә балаларды адастырмау үшін қажет. Жұртта жырақта қалдырмау үшін қажет. Олар қазір жазғырудан гөрі жанашырлыққа мұқтаж. Салтанаттың алға қойған мақсат армандары бар. Оңалту шаралары аяқталған соң оқуын жалғастырғысы келеді.

ҚазАқпарат