14 қаз, 2019 сағат 10:53

Сирия әскері Түркия әскеріне қарсы қозғалды

Сирия әскері Түркия әскери операцияға кіріскен Сирияның солтүстігіне қарай қозғалды. Сириядағы ресми дереккөздер Түркияның әрекетін "басқыншылық" деп атайды.

Сонымен бір уақытта Сирия үкіметі мен "Сирия демократиялық күштері" (күрдтердің қарулы жасақтары) арасында келіссөз басталғаны жайлы хабар тарады. Reuters мәліметіне қарағанда, келіссөз Ресей әскері бақылайтын Латакиядағы Хмеймим авиабазасында өтеді. Келіссөзде қандай мәселе талқыланатыны әзірге белгісіз.

Қақтығыс аймағында жұмыс істеп жүрген CNN тілшілерінің ақпаратына қарағанда, Түркия әскері Сирия аумағына кіргеннен кейін оқиға тез өрістеп жатқанға ұқсайды.

АҚШ қорғаныс министрі Марк Эспер Түркия шабуыл ауқымын бастапқыда айтылған межеден кеңейте түсі мүмкін деп болжайды. Бұл туралы Би-би-си хабарлады.

Түрік әскері күрд қарулы жасақтарын ығыстыруды көздейді. Би-би-си күрд жасақтарын Сирия аумағындағы АҚШ-тың басты одақтасы деп санайды. Эспердің айтуынша, күрдтер Сирия мен Ресей тарапынан қолдау іздеуі мүмкін, сол себепті АҚШ оларды қорғауға әрекет жасамайды.

БҰҰ мәліметі бойынша, Сирияның солтүстігінде өткен аптада басталған әскери қимылдарға байланысты 130 мыңнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған және таяу арада босқындар күрт көбеюі мүмкін.

Түркия әскері 9 қазан күні кешкісін Сирияның солтүстігінде әскери операция бастаған еді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның сөзінше, бұл операцияның мақсаты - "ДАИШ террорлық ұйымымен және күрдтердің қарулы жасақтарымен күрес".