30 қыр, 2019 сағат 15:39

СІМ Австрияда қиындыққа тап болған қазақстандық отбасы туралы айтты

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Австрияда қиындыққа тап болған қазақстандық отбасыға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Аталған ақпарат жергілікті БАҚ-та жарияланды. Біздің қолымыздағы мәлімет бойынша Байделдер отбасы Австрияның Ниделрвальдкирхен қаласында шіркеудің жанында 2013 жылдан бері тұрып жатыр. Олар - баспана сұраушы мәртебесіндегі отбасы. Тұрақты жұмыс орындары жоқ. Жергілікті әлеуметтік көмек алып отыр», - деді ол СІМ-де өткен брифинг барысында.

Оның айтуынша, Австриядағы жергілікті билік оларды елде қалдырудан, баспана беруден бас тартқан.

«Осы оқиғадан кейін отбасының мүшелері мен көршілері, баспана беріп, елде қалдыруды талап етіп, көшеге шыққан. Алайда сол елдің заң бойынша ол отбасын елде қалдыруға ешқандай негіз жоқ. Біздің консул бұл отбасымен байланыс ұстап отыр. Қажет болған жағдайда оларға қажет көмек көрсетілетін болады», - деді ол.