07 мау, 2017 сағат 10:56

Си Цзиньпиннің Қазақстанға деген пейілінің түзу болу сыры неде?..

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевтың  шақыруымен 7-10 маусым аралығында елімізге мемлекеттік сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сапар аясында жоспарланған шаралардың саны мен маңызы оның тарихи сәт боларын айғақтай түсетіндей. Оның үстінде сапар ҚР мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толуы аясында да өтуі де барынша маңызды.

«Төраға Си Цзиньпин Қазақстанға сапары барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге бірқатар іс-шараға, оның ішінде сәлемдесу шарасына, шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарға, келісімдерге қол қою рәсіміне, сонымен бірге бірлескен баспасөз мәслихатына қатысады. Тараптар сауда, экономика, қаржы, су шаруашылығы және басқа да салаларға қатысты бірқатар келісімге қол қояды», - деді ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Ли Хуэйлай.

Оның айтуынша, екі елдің басшылары екіжақты қарым-қатынас мәселелері, екі елдің даму стратегияларын түйіндестіру, сонымен бірге екіжаққа да қызығушылық танытатын халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасады. Мұнан бөлек, тараптар бірлескен мәлімдеме жариялайтын болады.

Қытай көшбасшысының сапарына Қазақстанда да зор назар аударылып, мәдени-гуманитарлық сипаттағы бірқатар шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Си Цзиньпиннің қазақ тіліндегі «Мемлекеттік басқару жөнінде» кітабы таныстырылып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдамалы еңбектерінің жинағы қытай тілінде жарық көрді. «Қытай - Қазақстан тынысы» орыс тіліндегі арнайы жарияланымның тұсакесері өтіп, «Көрікті Қазақстан - Көркем Қытай» фотокөрмесі ашылды, екі елдің БАҚ өкілдерінің симпозиумы өтті.

Сонымен Қытай басшысының Қазақстанға деген оң пейілінің сыры неде? Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған жылдардан бері қытайдың барлық басшыларымен достық қарым-қатынас орнатқаны белгілі. Мәселен, кезінде Қытайдың Қазақстандағы Елшісі болған Яо Пэйшэн қазақстандық-қытайлық ынтымақтастықтың тату көршілік, достық пен өзара тиімділік рухында дамуына екі елдің ұлттық мүделері ғана емес, сонымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қытайдың бұрынғы басшылары Цзян Цзэминмен, Ху Цзиньтаомен және Си Цзинпинмен жеке сенімне негізделген байланыстары да септігін тигізгендігін айтады. «Қазақстан мен Қытай басшылары тығыз жұмыс қарым-қатынасы мен жеке шынайы достық байланыстарды орнатқан. Си Цзиньпин мен Нұрсұлтан Назарбаев кездесулерінің саны бүгінде 15-ке жетіп отыр. Ал бұл әлемдік дипломатия үшін сирек кездесетін жайт. Екі елдің басшыларының жіті назарымен және тікелей басшылықтарымен Қытай мен Қазақстан арасындағы іскерлік ынтымақтастық түрлі салада айтарлықтай нәтижеге қол жетізуде», - деді Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапарына орай пікір білдірген Алматыдағы Қытайдың  бас консульдығының өкілі ҚазАқпарат  тілшісіне.

ҚР Президенті мен ҚХР Төрағасы арасындағы жылы қарым-қатынас өзара сапарлар барысында да, көпжақты іс-шараларға қатысу аясында да байқалып отырды. Мәселен, 2016 жылдың қыркүйегінде, қытайдың Ханчжоу қаласында өткен G20 саммиті барысында Қытайдың орталық телевидениесі екі ел көшбасшыларының кездесуі, олардың бір-бірін бірнеше мәрте достық пейілде құшақтасқандықтарын көрсетті. Дәл осы жайт батыс журналистерінің Қытай мен Қазақстан арасындағы ерекше байланыстар жайында жарыса жазуына түрткі болған еді.

Тағы бір қызықты мысал... 14-15 мамырда Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы аясындағы халықаралық ынтымақтастық жөнінегі жоғары деңгейдегі форум барысында аталған шараның ашылу салтанатына 30 жоғары мәртебелі қонақтың ішінде ең соңғы болып Нұрсұлтан Назарбаев келіп, оны Си Цзиньпин қарсы алды. Форум аяқталып, қонақтар естелік суретке түскеннен кейін  Қазақстан Президентінің  кортежі кездесу орнынан ең бірінші болып аттанып кетті. Ал бұл жайт дипломатия тілінде қабылдаушы тараптың мәртебелі мейманына деген айрықша құрметін білдіреді.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға және қазақ халқына деген айрықша қарым-қатынасына әкесі Си Чжунсюньнің (1913-2002) ҚХР Ганьсу өлкесі Ақсай-Қазақ автономды уезі басшысының орынбасары болған Сағидолла есімді қазақпен достығы ықпал етуі мүмкін.

ҚазАқпараттың Қытайдағы меншікті тілшісі Садық Әкежанов Ганьсу өлкесіне жасаған сапары барысында жергілікті музейдегі қазақ отбасы мен Си Цжуньсюньнің суретіне назар аударған болатын. Музейдің және жергілікті партия комитеті насихат бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, Си Чжуньсюнь Қытай Компартиясы Орталық комитеті Солтүстік-Батыс бюросының хатшысы болған кезінде, 1950 жылдары Ақсай-Қазақ автономды уезін Ганьсудың Дуньхуан уезінен бөлек шығару  жұмыстарына басшылық жасап, оның одан ары дамуын бақылауда ұстаған. Сол кездегі Ақсай-Қазақ автономды уезі бастығының орынбасары қазақ Сағидолла Ганьсу өлкесінің әкімшілік орталығы Ланьчжоу қаласына үш рет барып, Си Чжуньсюньмен кездескен. 1958 жылдың 29 қыркүйегінде Си Чжуньсюнь көрші өңірлерді аралап жүріп, тосыннан Ақсайға келген және ол  Ақсай-Қазақ автономды уезін дамыту мәселесін арналған жиын өткізген. Түскі астан кейін қоштасар кезде Сағидолланың отбасымен суретке түскен. 2012 жылдың 20 шілдесінде ҚКП ОК ұйымдастыру  бөлімі Ақсай-Қазақ автономды уезі партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне аталған суреттің түсіру жағдайын анықтау туралы тапсырма берген.  Жауап алынғаннан кейін ҚКП ОК ұйымдастыру бөлімі тарихшылардан арнайы топ жасақтап, Қытай орталық телевидениесінің операторлармен Ақсай қаласына аттандырған. Олар Си Чжуньсюнь туралы деректі фильм дайындау барысында Сағидолланың отбасы мүшелерінен сұхбат алған.

2013 жылдың 13 қазанында Си Чжуньсюньнің жұбайы Ци Синьнің шақыруымен Сағидолланың ұлы 58 жастағы Бақыт (суреттегі анасының қолындағы бала)  ҚХР Төрағасы әкесінің 100 жылдық мерейтойына арналған шараға қатысып, оның анасының үйінде қонақта болды және қазақтың ұлттық киімін сыйға тартты. «Бүгінгі Ганьсу» күнделікті газетінің жазуынша, (авторы Цю Сяошань) Си Чжуньсюнь өмірінің соңғы жылдарында Ақсай-Қазақ автономды уезіне барып, досының отбасымен кездесуге ниет танытқан. Алайда түрлі себептермен бара алмаған. Өмірімен қош айтысар алдында ол әйеліне Сағидолланың өмірі мен оның отбасы жағдайын мүмкіндігінше білуді өтінген.

Ендеше, Си Цзиньпиннің қазақ халқына деген құрметі әке қанымен берілген шығар...