03 шіл, 2018 сағат 07:08

Шытырманға толы «Корсар» балетіндегі дебют

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы А.Аданның атақты «Корсар» балетінде маңызды дебют орын алмақ. 7 шілде күні театрдың Үлкен залы сахнасында айлакер Исаак Ланкедемнің партиясында жас дарынды әртіс Жансерік Ахметов алғаш рет өнер көрсетеді.

Әккі саудагер Исаак Ланкедем – теңіз қарақшыларының өмірі жайлы жарқын әрі қызықты балеттің негізгі кейіпкерлерінің бірі. Осынау партияны орындау үшін солистте шыңдалған техникалық дағдылармен қатар, айтарлықтай актерлік шеберлік те болуы қажет.

Қарапайым емес бейнені жеткізуді Жансерік Ахметов өзінің басты міндеті деп біледі. Жас дарынды әртіс рөл интерпретациясына жаңа реңк пен ерекшеліктерді қоса отырып, мизансценаларды әзірлеу бойынша дайындық залында бар ынтамен жұмыс жасауда. Орындаушы үшін осынау қызыққа толы оқиғаны би тілімен өрнектеп, көрерменге кейіпкердің барлық сезімін жеткізу аса маңызды. Себебі сахна төрінде орын алып жатқан іс-әрекет оның кейіпкерінің төңірегінде өрбиді.

- «Корсар» спектаклінде кез-келген жерден пайда іздейтін саудагердің рөлін дайындап жатырмын. Осындай ірі партияны орындау – мен үшін үлкен мәртебе. Сеніп тапсырғаны үшін «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға алғысымды білдіремін. Жас әртістердің барынша ашылып, өздерінің жан-жақты қырын көрсету мүмкіндігінің барына қуаныштымын. Маған сеніммен артылған үмітті ақтау аса маңызды. Бұл бейне бойынша жұмыс жасау – баға жетпес тәжірибе, өсіп, өркендеу, өзіңнің кәсіби шеберлігіңді шыңдау мүмкіндігі, - деп атап өтті Жансерік Ахметов.

Елорданың 20 жылдығын мерекелеу күндері А.Аданның «Корсар» балеті «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында екі рет көрсетіледі. 6 шілде күні Исаак Ланкедем рөлінде көптеген халықаралық байқаулардың Гран-при иегері Бақтияр Адамжан өнер көрсетеді.

6 шілдеде сұлу Медораның партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева, 7 шілдеде – Әнел Рүстемова орындайды. Конрад – Арман Оразов, Олжас Тарланов. Бирбанто – Олжас Маханбетәлиев, Ильдар Шакирзянов. Сеид-паша – Рахметолла Науанов, Жанәділ Бейсембиев. Гюльнара – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева, Шұғыла Әдепхан. Құл Али – Еркін Рахматоллаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов.

Қоюшы хореограф – «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова, қоюшы хореографтың ассистенттері – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский, Елена Шерстнева. Қоюшы сценограф – Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино, проекциялар бойынша дизайнер – Серджио Металли, жарық бойынша суретші – Якопо Пантани. «Астана Опера» симфониялық оркестрі қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Спектакльдердің басталуы сағат 18.00-де.