01 қар, 2018 сағат 15:39

Шыңғысxан туралы жазылған тариxи кітаптың тұсаукесері өтті

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Жамиғат-ат тауарих» және «Зикзал» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Қос кітаптың тұсаукесер жиынына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Алғаш болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кітаптың мәні мен маңызына тоқталып өтті.

«Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің алғаш рет қазақ тіліне аударылуы, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бекасыл Биболатұлының «Зигзал» кітабының да ана тілімізге тәржімалануы рухани өміріміздегі елеулі сәттердің бірі екені сөзсіз.

Орта ғасырларда жазылған «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі Ұлы даламыздың тарихы, Шыңғыс ханның өмірі мен шежіресі, Қазақстан мен Орта Азия жерінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тегі, дамуы, мемлекеттігіміздің қалыптасуы жайында нақты деректерді қамтитын терең, ғылыми тұрғыда маңызы зор туынды. Әлемнің біраз тілдеріне аударылған еңбектің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен тікелей парсы тілінен ана тілімізге аударылуы біз үшін үлкен жеңіс.

Осыдан 1,5 жыл бұрын Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, ұлттық, тарихи-мәдени құндылықтарымызды дәріптеудің айқын жолын анықтап берді. Елбасының осы бағдарламасы жарияланғалы бері еліміз бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, нақты жобалар іске асырылуда. Олардың барлығы біздің ұлттық кодымызды сақтауға, дәріптеуге, сол арқылы тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуға және заман талаптарына сәйкес еліміздің рухани жаңғыруын қамтамасыз етуге бағытталған», деді.

Сондай-ақ, ол рухани жаңғырудың негізгі шарттарының бірі тарихи сананы қалыптастыру екенін айта келіп, бұл ретте «Жамиғ ат-Тауарих» кітабының маңызы зор екенін тілге тиек етті.

Бұл еңбектің ғылыми сипатының жоғары екені және ХІV ғасырда нақты деректерге сүйене отырып жазылған энциклопедиялық туынды екендігі баса айтылды.

Ғұлама ғалым Рашид ад-дин Фазлуллах Хамаданидің 1316 жылы парсы тілінде жарық көрген «Жамиғ ат-тауарих» («Тарихтар жинағы») атты шығармасы түпнұсқадан тұңғыш рет қазақ тіліне толық аударылып, оқырман қауымның назарына ұсынылып отыр.

Кітаптарды түпнұсқадан тәржімалаған – араб, парсы тілдерінің білгір маманы, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Түркітану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Жұманұлы Оразбай.

Ал, кітаптағы парсы тіліндегі жүзге жуық өлеңді қазақ өлеңі формасына көркемдеп аударған - Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек.

Зәріпбай Жұманұлы өз кезегінде шығармаларды қазақ тіліне аударудың қиындығы мен жауапкершілігін айта келіп, қысқаша мазмұнына тоқталып өтті.

 «Осындай маңызы зор кітапты аударуды Алла маңдайыма жазғанына шүкір деймін. «Зикзал» кітабы Қазан төңкерісінен кейін Қазан қаласында жарық көрген. Ерекше тәсілмен, асқан шеберлікпен жазылған. Ұқсасы да, теңдесі де жоқ қайталанбас туынды. Еңбек негізінде шағатай тілінде жазылған және араб, парсы тілдерін де кеңінен қолданылған. Кітаптың мәтінін аударып отырған кезімде қазақ руханиятының алып тұлғасы Мәшһүр Жүсіптің бұл еңбекке қатысты сипаттама айта келіп: «Жеті жұрттың қамын жеп, жеті ұлттың тілімен өрілген дүниеде не жоқ дейсің. Арабтың да, парсының да, түріктің де тілін ұғып, сөз маржанын тізген дүние» деп баға бергені бостан бос емес екеніне көзім жетті. Кітапқа адам өміріне қатысты барлық сала қамтылған. Және бұлардың қандай еңбектерден алынғаны жайлы деректер келтірген. Бұл еңбектегі шешімдері мен әдіс тәсілдері айтылған тақырыптар мен мәселелер қай дәуірде болса да өз құндылығын жоғалтпайды. Әсіресі қазіргі кездегі діни теріс ағымдар мен жалған әулие бақсы-құшыныштардың алдауына көніп, жетегіне еріп жүрген халыққа ес болады дегенге сенемін», деді ол.

Зәріпбай Жұманұлына қажырлы еңбегі үшін Түркі академиясының күміс медалі табысталды.

Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі аталған кітаптардың маңызына тереңірек бойлап, құнды тарихи дүниенің жарық көруіне атсалысқан азаматтарға ерекше алғысын білдірді.

На данном изображении может находиться: 5 человек, в том числе Маулен Ашимбаев, люди улыбаются, люди стоят и костюм

«Тарихты жазу, тарихты жасаумен бірдей маңызды. Себебі тасқа жазылмаған тарих өшеді немесе соны жазғанның несібесіне көшеді. Кезінде ұлы дала төсінде айтулы із қалдырған айбарлы бабаларымыздың даңқты шежіресі ұлт жадында көмескі тартқан еді. Тәу етер тәуелсіздігіміз бен бірге тарлан тарихымызбен де қайта қауыштық. Соның жарқын айғағының бірі бүгін сіздерге таныстырылып, тұсауы кесіліп жатқан алдарыңыздағы сүбелі еңбектер. Бұл екі кітап Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасына айтылған ұлттық кодпен сәйкеседі. Бірі біздің санамызды сілкіндіріп, жадымызды жаңғыртса, екіншісі жүрегіміз бен рухымызға азық болады. Рашид-ад-дин бұл кітабын 1300 жылы бастап, 1316 жылы тәмәмдаған. Энциклопедиялық сипаттағы шығармада  ұлы дала жылнамасы ғана емес дүние жүзінің тарихы да кең ауқымда қамтылған. Мұндай іргелі де күрделі еңбек оған дейін жазылған емес. Іргелі еңбектердегі деректер мен мәліметтерді жинақтау үшін сол дәуірдегі түркі, парсы, араб, қытай, тибет, үнді және т.б халықтардың тарихшылары мен білгір шежірешілері жылнамашылары мен асқан оқымыстылары жұмылдырылған. Қарахан дәуірінен бастап қазақ жерінде ислам діні кеңінен тарала бастады. Ұлы далада көптеген ғалымдар, ғұламалар өмір сүрді. Олардың еңбектері көне түркілік дәстүр мен дінді жымдастырып үйлестіре білген. Кейінгі ғасырларда көз жазып қалған осы дәстүрді бізге Бекасыл Биболатұлының кітабы арқылы жетіп отыр» деді Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі. 

Айта кетсек, бұл кітапта Ұлы далада ғасырлар бойы өмір сүріп, тіршілік еткен халықтардың пайда болуы, олардың түрлі тайпаларға бөлінуі, солардың ішінен кейіннен қазақ халқының құрамына кірген ру-тайпалардың шығу тегі, тарихы, өмірлік салт-дәстүрлері, ата қоныстары, бір-бірімен қарым-қатынастары толық баяндалған.

Сондай-ақ, осы тайпалардың арасынан шыққан Ұлы қаған Шыңғыс ханның өмірбаяны, шежіресі, оның ата-бабаларының, даңқты ұлдары мен ұрпақтарының тарихы, жорықтары, нақыл сөздері мен өсиеттері, олар билік жасаған уақыттарында орын алған ерекше оқиғалар және көршілес елдердің билеушілерінің тарихы жазылған.

Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» шығармасы сол кездегі Шыңғыс қағанның мұрагерлері мен куәгерлердің, шежіреші тарихшылардың талқысы мен көмегі арқылы бекітілген бірден-бір шынайы түпнұсқа дереккөзі болып саналады. Яғни, кітаптан Шыңғыс хан және оның ұрпақтары туралы шынайы мәліметтермен танысуға болады.

Жарық көрген кітапты аударуға түрткі болған және оның сапалы шығуына жана­шырлық танытқан Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш министрі Бейбіт Атамқұлов екенін айта кеткен жөн. 

Туынды Еуразиялық Топтың (ERG) қаржылай қолдауымен жарық көрді.