03 мау, 2017 сағат 10:38

Шыңғыс ханның аруағымен тілдескен

«Жас Алаштың» Оңтүстік Қазақстан облысындағы қосынына ерлі-зайыпты Өтеген Сман мен Гүлжанар Алтынбекованы Әділхан Атемов есімді қария алып келді.

– 2014 жылдан бастап мені Шыңғыс ханның аруағы мазалай бастады, – деді әңгімеге алғашқы болып араласқан Гүлжанар Алтынбекова. – Бабамыздың өзі аян беріп, 2014 жылдың қарашасында жолға шықтық. Қай жерге баратынымызды өзі айтып отырды. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласының аумағында Шыңғыс ханның қолбасшысының моласы бар екен. Соның басына белгі салып, аруағымен тілдестім. 2015 жылдың ақпанында бабамыз «жолға шығыңдар» деген аян жолдады. Тағы да Арысқа келдік. Қайда баратынымызды өзі көрсетіп отырды. «Ары қарай жолды ат дүбірімен табасыңдар» деген еді. Айтқаны болды. Діттеген жерімізге жақындағанда мың шақты аттың дүбірі естілді. Сол жерге белгі салып, құран оқып, 2015 жылдың сәуірінен бастап қазба жұмыстарын бастап кеттік.

– Бұл кісінің (Г.Алтынбекованы айтып отыр – Б.Ә.) арғы бабалары Манас Шыңғыс ханның заманында өмір сүрген екен. Шыңғыс ханмен байланыстырып жүрген сол Манас атасының аруағы ғой, – деді Гүлжанардың жұбайы Өтеген Сман. – Қазба жұмыстарын өз күшімізбен бастап кеттік. Біраз туысымыз көмектесті. Аумағы 4х8 метрлік жерді төрт жарым метр тереңдікке дейін қаздық. Осы кезде қанды топырақ шықты. Бабамыз «топырақты Алматыға апарып тексертіңдер» деді. Топырақты белгілі археолог-ғалым Карл Байпақовқа көрсеттік. Ешқандай ғалым айтқандарымызды мойындамаған соң, бабаның аянымен қайтадан Арысқа қайтып кеттік. Моланың ішкі үйіне түсер кезде «Сарытөбе деген жерді табыңдар» деген аян келді. Оның қай жер екенін бабаның жыланы көрсетіп отырды. Үш шақырымдай жерде тақия сияқты 15 шақты төбе бар екен. «Бірінші төбенің басында Майқы би жатыр» деді. Ол Шыңғыс ханды хан етіп сайлаған, ұлы қағанға ұстаз болған адам болып шықты. Майқы би бір төбенің басында жұбайы, қызы үшеуі жатыр екен. Сол кісінің рұқсатымен Шыңғыс ханның моласының ішкі үйін қазуға кірістік. Қазу жұмыстарын аян бойынша жазға қарай тоқтатып, 2015 жылдың қазанында қайта бастадық. Бабамыз «енді тоқтамаңдар» деді. Он үш метр тереңдікке жеткенде бабаның үш бұлағы шықты. Енді бабаның есігінің алдына келдік, – деді Өтеген Сман.

Сұхбат берушілердің айтуынша, қазба жұмыстары оңай болмаған сияқты. Қайдан оңай болсын, ақ керішті қатты жерді 12-13 метр тереңдікке, одан кейін көлденеңінен 40 метрге дейін қазуға қаншама күш-қуат, қажыр-қайрат қажет емес пе?!

– Қазу жұмыстары кезінде аян арқылы көптеген белгілер көрінді. Табанның таңбасы, арабша жазулар, 16 деген белгілер кездесті. Бабаның жыланы да шықты. 1027 деген белгінің құпиясы әлі ашылған жоқ, – деді Гүлжанар Алтынбекова. – Ақыр аяғында Шыңғыс ханның моласына 30 сантиметр қалды деген белгі келді. Аян бойынша бабамыз бұл жерге атымен бірге жерленген.
– Осы 30 сантиметрді неге қазбай отырсыздар?
– Себебі ол үшін жоғарыдан рұқсат қажет.
– Рұқсат кімнен керек?
– Шыңғыс хан бабамыз президенттің рұқсатын күтіп отыр. Аянда солай деген.

Кісі иланатын, ақылға қонатын тірлік пе? Қаншама ғасырлардан бергі аралықта әлемнің ең мықты деген ғалымдары таба алмай жатқан Шыңғыс ханның моласы Арыс қаласынан 2-3 шақырым жердегі жұрт Лесхоз атап кеткен ауылда жатыр деген сөз құлаққа қона ма? Сонда бұл не? Бәлкім, ерлі-зайыптылар осы тірліктері арқылы пайда табуды мақсат етіп отыр ма деген күдік те келген. Бірақ айтқан әңгімелеріне қарағанда, оларға қаржылай жәрдем беріп жатқан ешкім жоқ сияқты. Өздері Лесхоздағы бір үйді жалдап тұрады. Тауып жатқан табыстары да жоқ көрінеді. Тіпті Шымкентке келіп-кету жолақысын да ауылдастарынан қарызға алғандарын айтып отыр.

Ал қоғам тарапынан бұған нендей пікір айтылар екен?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы