10 жел, 2016 сағат 11:31

Шыңғыс қаған Ордасының салт-дәстүрлері

Қазіргі Мұңалиядағы Шыңғысхан мұражайында, Мұңалдардың сол кездердегі негізгі  ұлттық ойындары бәйге, күрес (қазақ күресі) және жамбы ату, ал қарулары садақ, қайқы қылыш, найза және қалқан екендігі жайлы деректер бар. Осы үш ойын мен төрт қарудың бәрі де тек қана қазаққа тән екендігі кім-кімге де белгілі болса керек. Оның үстіне осы мұражайдағы Шыңғысхан әулеті дулығасының қазақтың киіз үйінен аумайтындығын қосыңыз. Ал, қазақтың киіз үйі, зер салып қараған кісіге жер мен көктің кішірейтілген макеті емес пе?! Осы жоғарыда көрсетілген төрт қару жайлы жазба дерек Х1Х ғасырдың авторы болып табылатын Г.Саблуковтың Шыңғыс хан және оның ұрпақтарының мемлекеттеріне арналған «Очерк внутреннего состояния кипчакского царства» атты еңбегінде «Моңғол қаруы садақ, қылыш, найза және қалқаннан тұратындығын» және оның қалдықтарының Алтын Орданың астанасы Сарай қаласының орнын қазған кезде  табылғандығын айтады («Алаш» журналы».№ 2 (23), 2009. 69 бет).

- Көшпенділер, яғни біз, киіз үйде тұрдық. Әлі де пайдаланамыз. Біздің ата-бабаларымыз киіз үйді ойлап тауып, ішінде өмір сүріп жүргенде, жеттік деген европалықтар лашық жасауға да дәрмені келмеген. Кигіз үйдің конструкциясы қандай күрделі. Европалықтар, киіз үйдің жібін де есе алмайды. Өзі қаңқайып тұрып, желге, жауынға шыдамды. Жер қозғалса, керісінше билеп тұрады. Жер сілкінуден бірде-бір қазақ баласы опат болмаған. Шыңғыс қаған атамыз жарты әлемді жаулағанда, киіз үйін өгіз арбаға артып жүріп, тас қамалда отырғандардың бәріне, қазақтың ұлы мәдениетін мойындатқан болатын.

- Ежелгі мұңалдар тәңірін қастерлеген, «мәңгі көк аспанға» табынған: «Алғашқы айдың алғашқы күні міндетті түрде айға бас иген» - деп жазыпты қытай тарихшысы Чжао Хун. Қазақтардың  тәңірге сыйынуы әлі сол күйінде, сол заманнан бері өзгерген жоқ. Жөн білетін Маңғыстаулық қазақтардың келіндері күні бүгінде де жаңа туған айға тізесін бүгіп сәлем етеді. Өз қарабасым өз анам мен жеңгелелерімнің «Ай көрдік, аман көрдік» деп жаңа туған айға сәлем еткендерін талай көрдім.

-  Қазақта қыз бен жігітті жастай атастыру деген дәстүр бар. Қоңыраттың қызы Бөрте Теміршіге жастай атастырылып тұрмысқа шығады.

-  «...Келіндеріне сәлем еттіріп, дәм әкелдіріп, сырнайлатып, арнайы рым істеп, сиынады» («Мұңалдың құпия шежіресі» 119 бет). Қазақ келіндерінің күйеуінің ата-аналары мен жасы үлкен туыстарына, жалпы үлкенге дізесін бүгіп сәлем етуі тек қана қазақ халқына тән елден ерек құбылыс. Бұндай дәстүр қазақтан басқа ешбір елде жоқ. Бұл дәстүр Маңғыстауда күні бүгінде де сол қалпында сақталуда.

-  «Әкем марқұмның ежелгі досы сізді өз әкемдей көріп, өзім үйленгенде енеміз китке берген қара мақпал ішікті сізге әкеліп отырмын»,-деп ішігін ұсынады («Мұңалдың құпия шежіресі»  48 бет). Осы күндері «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» дегендей, құдаларға кит беру Маңғыстауда әлі сол күйінде.

- «Әке-шешесінің шаңырағы әрқашан кіші ұлына қалған. Олар ешқашан біреудің әйелімен жатпаған және мұны жаман, сатқындық іс деп санаған». Шыңғысханның бұл мысалында көргеніміздей, некеге тұру ерлі-зайыптылардың бала күнінен әке-шешесінің келісімімен жүргізілген. Некесіздік кешірілмейтін масқара болып есептелген (Марко Поло). Бұл да солай. Қазақта сонау Адам атадан бастап, күні бүгінде де, «кенже ұл қарашаңырақтың иесі»,  деп айтылып келе жатқан жоқ па?! Қазақтар күні бүгінде де күйеуі бар әйелге «сөз» салмайды.

-     «Сол жылғы көктемнің шуақтың күндерінің бірінде Амбағай қос ханымы Үрбей мен Сұқытай екеуі бабалар зиратының басына барып, үлкен ас береді» («Алтан Тобыш» 26 бет). Қаз Адайларда бейіт басына барып, сол жерде жерленген ата-бабаларының қабірінің басында мінәжат қылып,  құрбандық шалу, яғни садақа беру күні бүгінде де сол күйінде жалғасып келеді.          

-  Уақ тайпасының билеушісі Алақұсқа тұрмысқа ұзатылған Шыңғыс ханның қызы Алғабике Алақұс өлгеннен кейін, осы Алақұстың інісіне әменгерлік жолмен тұрмысқа шыққан.  Ол заманда, тіпті күні бүгінде де жесірін қаңғытпай, тумаласының балаларын жетім етіп ешкімге көз түрткі етпеудің бұдан артық жолын табу еш мүмкін емес еді. Ал, әмеңгерліктің тек қана қазаққа тән екені баршамызға белгілі болса керек.

-   «Ұлыс түрлі адамдардан тұрды. Онда туыс-үргілер мен бөтен-жаттар болды. Оның үстіне туыс болып «бір рудың ғана емес, бір атадан шыққан барлық қандас рулардың мүшелері, сүйектестер саналған» (Б.Я. Владимирцов). Бөтендердің ішінен, құдалар (құда) деп атаған, әйел жағынан туысқандарды жекеледі» (19 бет). Меніңше бұған түсінік берудің өзі артық.

-   «Ақ киізге салып хан көтеру деген сөз – Наурыз мейрамының, тоғыс мейрамының бейнесі. Шыңғысты қазақтың он екі атасынан он екі адам келіп хан көтерген деседі. Орта ғасырдағы ғалымдардың зерттеуінше Х111 ғасырда Дешті-қыпшақ ұлысын жаңадан құруға зор әсер еткен Жошы ханның үлкен ұлы – Алшын (лақап аты Орда Ежен). Оның ұрпағынан қазақ ұлысын біріктіруге кіріскен сұлтандар Орысхан, оның баласы Құйыршық, оның баласы Барақхан, одан Әз Жәнібек пен Керей хан (5.134). Төрелердің таңбасы – тарақ бейнелі «хантаңба» М.Қарамендина «Алаш жорналы» № 4 (25), 2009 58 бет).

Ақ киізге салып хан көтеру ежелден қазақ дәстүрі. Шыңғысты хан көтерген  он екі ата дегеніміз Қазақтың кенжесі он екі ата Байұлы. Алшынымыз Алшын. Арғы атасының аты ұрпағына қайталап қойылған. Тарақ бейнелі хантаңба дегеніміз Адайдың тіл таңбасы.

«Түрік шежіресінің» және одан да өзге қазақтың көптеген аңыз-шежірелерінің  айтуы бойынша Шыңғыс ханның үлкен ұлы, (яғни тақ мұрагері М.Қ.)  Жошы хан қайтыс болғанда, бұл қайғылы қазаны Шыңғыс қағанға естіртуге ешкімнің батылы бармай қағанның әмірлері бұл міндетті ұлы жыршыға жүктейді. Шыңғыс хан жырыңды бастай бер деп әмір берген сәтін пайдаланған ұлы жыршы:

            Теңіз бастан былғанды, кім тұндырар, а ханым?

            Терек түптен жығылды, кім тұрғызар, а ханым?, дегенде Шыңғыс хан оған жауап ретінде:,

            Теңіз бастан былғанса, тұндырар ұлым Жошы дүр,

           Терек түптен жығылса, тұрғызар ұлым Жошы дүр, - деп жауап қайтарады.

           Жыршы жоғарыдағы сөзін қайта қайталағанда көзі жасқа толы екенін аңғарған Шыңғыс хан:

           Көздің жасын шақыртып, көңіл бұзылған болар ма?

          Жырың жанды қайғыртты, Жошы өлген болар ма? – деп, бұдан былай Жошының өлімі жайлы ауыз ашқан жанның көмекейіне құм құйылсын деген билік айтады. Сонда ұлы жыршы:

            Сөйлемеске еркім жоқ сен сөйледің, а ханым!

        Өз жарлығыңмен өзіңе жауап айттың, а ханым! – деп жауап қайырады. Сонда қасіретті мойындамасқа шарасы қалмаған ұлы қаған:

            Құлыны өлген құландай құлынымнан айрылдым,

       Айрылысқан аққудай ер ұлымнан айрылдым, - делінетін жырдан үзінді айтқан сәтті пайдаланып, әмірлері түгелімен орындарынан тұрып ұлы қағанға көңіл айтқан екен деседі (Тизенгаузен В.Г. СМИЗО 1941, т.11, с.203-204).

            Қазақтың «Ақсақ құлан» күйін тудырған аңыздың сарыны да тура осы оқиғаны меңзейді.

Шыңғыс ханның өз басы әзер көндіккен ауыр қайғыны Жошының анасы Бөртеге естірту де оңайға түспеген. Жошының өлімі жайлы қайғылы хабарды анасына тура естіртуге жүрегі дауаламаған Шыңғыс хан кеңесшісі Елю Жу Сайға әдейі жарлық жаздырады. Онда «Хан ұлым Жошы Қыпшақ даласының бір үстіртінде дүниеден өтіпті. Ол мекен бұрын біздің ата бабамыз Бөрте бөрі, сұлу Марал мекен еткен Марал теңізінің жағалауы екен. Жошы аты затына сай Алланың әмірімен біздің боржығындарға жіберген қонағы еді, міне ол тәңіріне қайтып аттанып кетті...», делінген (Ино Юувэ Эсэси. Бөрте қасқыр. Тарихы роман. Хөх хот, 1979, 373 бет.)    Жошы өлімі Шыңғыс әулетіне осылайша қаған жарлығы арқылы таратылды. Жарлық сөзіне байланысты моңғолдың белгілі тарихшысы Амар «Қазақ даласының шығыс солтүстігіндегі Балқаш көлінің шығыс жағасында өмір сүріп келген ежелгі тайпалардың бірі Бөрте деп аталатын моңғол тайпасы еді. Сондығынан болар Шыңғыс хан «Батыс жорығына аттанғанда түркі қыпшақтарды өзіне жақын санады» деп жазған жолдары хан жарлығындағы пікірлерді растай түседі. Міне, Жошының өлімі жайлы хабар моңғол ордасында осылайша келіп жетті» (Бұл деректер З.Қинаятұлының «Жошы хан өмірбаянының қилы тұстары» атты еңбегінен алынды. «Алаш» №5 (26), 2009 4-6 беттер). Біз бұл деректерден Арал теңізінің шын аты Марал екенін (әйтпесе қазақта «арал» деп жан-жағы сумен қоршалған құрлықты айтады емес пе?!), Шыңғыс ханның арғы атасы Бөрте Бөрінің (Алшын атамыздың лақап аты) мекені Каспий мен Арал теңізінің арасы екендігі және Жошы ханның осы екі теңіздің ортасындағы Қырда (қазіргі атауы Үстірт, Манқыстау облысына қарайды) дүниеден өткендігін көреміз. Меніңше бұған ешқандай күмәнмен қараудың қажеті жоқ. Себебі, бұл деректерді беріп отырған қазіргі моңғол тарихшыларының  өздері.

Енді бастаған әңгімеміздің негізгі өзегіне оралсақ, осылайша марқұм болған адамның ет жақынына жараланған жанның жарасын аздап болса да жеңілдетіп демеу болу үшін қайғылы қаза жайлы тіке айтпай, асқан дипломатиялық әдістер қолданып барып көңіл айтқан. Бұл дәстүр қазақ даласында әлі сол күйінде. Мысалы, Әлкей Марғұлан өзінің (Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы, -Алматы, 1980) еңбегінде былай деп жазады: « Арада біраз күн өткеннен кейін Сырымбетке Шоқанның дүниеден қайтыс болғандығы жайлы Тезектен хат келеді. Замандастарының естеліктеріне қарағанда Шоқанның дүние салғандығы жайлы қаралы хабарды естігенде бүкіл ел жиналып, аза тұтқан. Халық дәстүрі бойынша ауылдың қарапайым қазағы Жаулыбайға Шоқанның қайтыс болуын әкесіне естірту, ал қаралы күй тарту қобызшы Қанқожаға, сыбызғышы Тулаққа тапсырылады. Қобызшылар мен ауыл ақсақалдары Шыңғыстың киіз үйіне мұңды түрде кіреді. Шыңғыс Қанқожаны көрісімен күй тартшы деп тілек білдіреді, бірақ күй орнына жоқтау тартылады.

Шыңғыс Қанқожаны кідіртіп:

- Тоқта, тоқта, басқа күй тарт, -дейді.

- Басқа күй тартылады, бірақ ол бұрынғыдан да зарлы

шығады. Шыңғыс тоқтат деп бұйырып, Тулаққа бұрылады.

- Тулақ сен тартшы.

- Бірақ күйшілер күйінен жаңылмайды, бірінен соң бірі жоқтау тартыла береді.

- Күйлерді тыңдау қандай ауыр еді, қайғы-мұңға батырып барады ғой, менің асыл Шоқаным өлді ме екен? – деп күрсінеді Шыңғыс.

- Болған іске берік бол – дейді Жаулыбай.

Шоқан Уәлихановтың мезгілсіз қаза болғанына халық қатты қайғырып, ақындар оның есіміне бағыштап өлеңдер шығарады. Ақан сері ол кезде аты жаңа шыға бастаған жас ақын еді. Шоқанға арнаған бір өлеңінде ол былай деп жазған:

Құрбылардан оздырған ақыл-білім, бірақта.

Туған жерден денесі қалды оның жырақта.

Шоқан әкесіне жолдаған ең соңғы хатында «Жетісуға келіп, сорлы Айсараны (әйелі) елге алып қайтыңыз, оны өзіңіздің назарыңыздан, марқабатты қамқорлығыңыздан шет қалдырмаңыз», деп жазған еді.

Шоқанның осы ақырғы тілегін орындау мақсатымен 1865 жылдың жазында Көкшетаудан Алтын Емелге арнайы керуен жіберіледі.

Бұл сапарға қатысушылар Уәлихановтың құрметіне арнап зиратының басына күйдірген кірпіштен қалап, күмбез орнатады. Шоқанның әйелін осы керуен Сырымбетке алып қайтады».

Міне өздеріңіз көріп отырғандай араларын алты ғасыр бөліп тұрған осы  екі жағдайдағы қаралы қазаны естіртудің бір-бірінен ешқандай айырмасы жоқ.  Бұл дәстүр қазақта сан мыңдаған жылдардан бері жалғасып келеді. Енді осының үстіне Ш.Уәлихановтың ұлы Шыңғыс бабамыздің  өз кіндігінен тараған тікелей ұрпағы екендігін қосыңыз.

-   «Маңғыстау аймағындағы жолдардың бойындағы құдықтардың орналасуы мен Рашид-ад-дин суреттейтін монголдар салдырған Пекин-Қарақорым қатынас жолының бойындағы бекеттердің орналасуы бір-біріне қатты ұқсайды» деп жазады Әбіш Кекілбаев «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты еңбегінде. (28 бет). Бұлай болуы әрине заңды. Бұның себебі Шыңғысхан құрған алып империя Қазақ мемлекеттігі болатын.

-    Сол кездерден қалған жазба деректе Темір-еке, Ұлын-еке деп жазылған. Мысалы, «Шыңғыс ханның анасының аты Ұлын еді, оны Ұлын еке  дер еді» (Әбілгазы. Түрік шежіресі. Алматы 1992 жыл 41 бет). «Салы-Қашаудың баласы – Еке-Нидун» (183 бет), «Еке – Барула» (187 бет), «Еке – Серен» (232 бет), «Гүрбесі – еке» (243 бет), «Еке – Ордас» (295 бет). Бұл деректер І. Есенберлин құрастырған «ШЫҢҒЫСХАН-әлем сілкіндірушісі» атты еңбегінен алынды. Моңғол тарихшысы Санан-Сесеннің айтуынша жалайырлар монғол арасында Еке монғол (ұлы монғолдар) атты күшті бірлестік құрамында болған, деп жазады Мұхамеджан Тынышбайұлы өзінің «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» атты еңбегінде. Күні бүгінде Мусеке, Нәке, Сәке, Алтеке, деген сияқты үлкенге көрсетілер құрметті атау тек қана бізде,  қазақта сақталған.   «Ечеке», «еке» моңғол тілінде ата дегенге келеді. Түріктер құрмет тұтатын адамның атына ата дегенді қосып айтады, мысалы Хакім ата, Сейіт ата. Әбілғазы. «Түрік шежіресі» (41 бет). Жасы үлкен, қариялардың атына «ата» деген сөзді қосып айту күні бүгінде де  сол Шыңғысхан заманындағыдай ешбір өзгеріссіз жалғасып келеді. Бұл жағдай қазіргі қазақтардың, сол қазақтардың тікелей ұрпағы, яғни заңды жалғасы екендігін көрсетеді. Себебі, «еке» сөзінің негізінде  өзіміздің «әке» деген сөзіміз жатыр.

«Шыңғыс хан кезіндегі және кейінгі қазақ салт – дәстүрінің сәйкес келуі

1. Босағаны баспау ырымы.

Шыңғыс ордасында және кейінгі ұлы хандар ордаларында ордаға кіретін есікте екі адам кезекші тұрған, олар тек кіргендердің босағаны баспауын қадағалаған. Босағаны басқан адам жаза алған. Не киімін шешіп алған немесе бірнеше дүре соққан. Бұл туралы Марко Поло және басқалары жазып кеткен.

-  Қазірге дейінгі қазақ салты. Босағаны басуға, тұруға болмайды, керегені, есікті керме дейді.

2. Қазақ арбалар.  Шыңғыс ұлысындағы қазақ тайпалары жүк арбаларымен бірге жабық арбаларды (күйме) көп қолданған. Шыңғыс ханның өзінің де 22 өгіз жегілетін жорық арбасы болған. П. Карпини, Г.Рубрук, М.Поло т.б. саяхатшылар арбалар туралы көп жазған.

- Қазақ ру – тайпалары түрік қағанаты кезінде де, кейінгі замандарда да арбаларды және жабық арбаларды көп қолданған. 1509 жылғы Мухаммед Шайбани ханның Қазақ хандығына жасаған кезекті жорығында тек Жаныс сұлтаннаң ұлысынан ғана 10 мың жабық арба олжа түсірген.

3. Шыңғыс кезіндегі тәңірлік діндегі ас беру  мен құрбандық шалудың кейінгі заманнан еш айырмашылығы жоқ. Тек мұсылман діні ғана өз әсерін тигізген. Мысалы бұрын қабірге жылқыны бірге көметін болса кейін бұл салт шариғатқа тура келмейтін болғандықтан тоқтатылып, орнына шашу есебінде күміс ақша т.б. қолданылатын болды.

4. Темірдің (Шыңғыстың) «Құпия шежіре» бойынша Бұрхан тауының басына шығып, бас киімін алып, белбеуін мойнына салып шығып келе жатқан күнге қарап 9 рет тәу етуі (тағзым жасауы).

-  Осы салт сонау көне үйсін, ғұн, түркі заманынан осы кезге дейін күнге, тәңірге, басқа жағдайларда да қазақ ішінде қолданылып келді. Осы арқылы қазақтар тәңірге деген құрметін білдіріп тілеу тілеген немесе біреуден кешірім сұраған. Немересі Акбар қатты ауырып өлім аузында жатқан кезде Ұлы Моғал әміршісі Бабыр шах тәңірге тәу етіп бас киімін шешіп, белбеуін мойнына салып Акбарды үш рет айналып шығып Алладан немересінің орнына өзін алуды сұрайды. Үш күннен соң Акбар жазылып, Бабыр 53 жасында дүниеден өтеді.

5.  Жошы хан құлан аулап жүріп қайтыс болғанда Найман Кет Бұға жырау Шыңғысқа өлеңмен естіртеді. Кет Бұға – жырау және қолбасшы, Елхан Құлағудың әскерін басқарып Египет сұлтаны мемлук   Құтызбен Аин – Желуд түбінде болған соғыста қаза тапқан.

            Кет Бұға: Теңіз бастан былғанды –

                              Кім тұндырар ей ханым?

                              Терек түптен жығылды –

                              Кім тұрғызар ей ханым !

            Шыңғыс: Теңіз бастан былғанса,

                              Тұндырар ұлым Жошы дүр.

                              Терек түптен жығылса,

                              Тұрғызар ұлым Жошы дүр.

Сол кезде Кет Бұға алғашқы айтқанын қайталап айтады, бірақ көзінен жасы сорғалап отырып айтады.

             Шыңғыс:  Көзің жасын жүгіртеді,

                                Көңілің тұлды болмай ма?

                                Жырың көңіл үркітед,

                                Жошы өлді болғай ма?

            Кет Бұға:   Сөйлемекке еркім жоқ

                                Сен сөйледің ей ханым!

                              Өз жарлығың өзіңе жөн,

                              Не ойладың ей ханым!

           Шыңғыс:   Құлынын алған құландай

                              Құлынымнан айрылдым

                              Айрылысқан аққудай

                              Ер ұлымнан айрылдым!  -   деп жылап жіберген екен.

 

6. Плано Карпинидің еңбегінде жазылғандай татарлар (қазақтар деп біліңіз) өлген адамның асына неғұрлым көп мал сойылса, марқұмның аруағы риза болады деп білген. Кеңес өкіметіне дейін қазақтарда солай болып та келді. Мыңдап жылқы сойылған үлкен астар да болған.

Ал қалмақ – моңғолдар өлген адамын ит – құс жесін деп далаға апарып тастайтын. Шыңғыс та, кейінгі Ұлы хандар да құпия жерленген және де ескі қазақ салты бойынша.

7.  Қайтыс болған адамның киіз үйін отпен тазартқан. Қазір де отпен аластайды.

8.  Қазақтар жайлауға көшерде екі үлкен от жағып жылқыдан басқа малдарын аластаған. Ерте кезде шет елдің елшілерін де  отпен аластаған. Түркі қағанатында және Шыңғыс ұлысында осы салт орындалған.

-    1218 жылы Жебе ноян Баласағұн қаласы ұрыссыз берілгендіктен – Го балық – деп атаған (жақсы қала), балық – ескі түрік тілінде бекіністі қала деген сөз.

-    1219 жылы Зернук қаласы да ұрыссыз берілгендіктен – Құтлық балық деп аталған (құтты қала). Ал Пекин – Ханбалық деп аталған. Нишапур  қаласын алған ұрыстарда Шыңғыстың күйеу баласы Тоғышар мен немересі Мутуген оққа ұшады.  Сол үшін Нишапурды қиратып, орнын тегістеп – Мау балық (жаман қала) деп атаған. Қазірге дейін тілімізде Маубас деген сөз қолданылады. (Ақылбеков Ш. М. «Шыңғысхан - Аңыз бен ақиқат»).

-  «Екінші бір: «Сурет №5.  Шыңғыс ханның мүрдесін мәңгілікке апара жатқан сәт. Тебриз (Иран).1330 жыл. Көлемі 22х29см. «Шах наме». Жозеф Пулитцердің қоры Нью-Йорк, Метрполитан» – делінген суретке, автор: «Рашид-ад-диннің ұлы Гьяас-ад-дин 1330-жылдары сызып, «Шах-наме» дастанын көркемдеген суреттердің ішіне енгізген. Меңсіз, шымқай қара түсті  ат мінген ер адам нөпір халықтың легін бастап барады.  Қара арғымақтың кекілі мен құйрығын  шорт кескен» – деген түсіндірме береді. Алайда ат үстінде адам жоқ, үзеңгі бос салақтап тұр, тізгін де ат жалына бос салынған, шылбырынан біреу жетектеп бара жатқандай, яғни, шылбыр алға созылған. Сонымен бірге ер-тоқым теріс, яғни, ердің алдыңғы қасы аттың сауырына қаратып ерттелген. Автор айтқандай, аттың кекілі шорт кесіліп, құйрығы күзелген. Мұны қазақ «ат тұлдау» деп атайды. Бұл қайтыс болған ер адамға аза тұтудың бір жоралғысы. Тұлданатын ат сол адамның тірісінде пайдаланған меншікті мініс көлігі болуға тиіс. Бұл үрдіс тұлданған ат марқұмның асына сойылғанға дейін жалғасады. Мұндай көрініс М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында, М. Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» поэмасында, т.б. еңбектерде бар. Осындай дәстүр қазақ арасында XX ғ. 50-жылдарына дейін жалғасқан. Тіпті, қазақы, шалғай ауылдарда әліге дейін бар. Демек, Шыңғысханның мәйітін шығару рәсімі қазақ дәстүрімен ұқсас жағдайда өткізілген. Бұл сурет Шыңғысханның түрік текті, қазақ қанды екенін әйгілейтін ең жарқын дәлелдердің бірі» (Т.Ә.Тыныбайын Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының құрметті академигі, шыңғысхантанушы, тарихшы, аудармашы).

-  Батыстың (орыстың)  тарихшыларын оқып отырсаң, барлығы дерлік бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай Қазақтың ата-бабаларын жабайы, көшіп-қонғаннан басқа ештеңе білмеген, олар тіпті өзен-көлге шомылмайды да. Олар (Шыңғысхан) өзен-көлге кір жуғандарды жазалаған, - деп жазыпты.

Түсініктеме: Біз (Адам атадан кейінгі ұрпақтар) «бір тамшы» судан жасалдық. Жердегі бүкіл тіршілік иелері мен көктердің (ағаштар мен өсімдіктер) барлығының тіршілігінің басы судан басталды. Қазақ халқы мұны ежелден білген. Бізге ата-анамыз бала кезімізде судың киесі бар, суды лайлама, суға кез-келген затты тастама, көл мен ағын суға кір жума, суға дәрет етпеңдер, суға (құдыққа) түкірмеңдер дегенді үнемі ескертіп отыратын. Бала кезімізде ата-аналарымыздың айтқандарын жасасақ та, мағынасын анау айтқандай түсінбегенімізде рас. Міне Шыңғыс қағанның өзенге, яғни ағын суға тікелей кір жууға тыйым салу себебі.  Қайран аталарым ай? Сол ағын суды ластама дегеніңіз үшін, мына батыстықтар Сізді жабайыға балап, келемеж, күлкі қылып жүрген жоқ па?

Басын ашып кетейін. Олар ешкімге жуынуға тыйым салған жоқ. Тек қана жуыну мен кір жууды көлден, немесе өзеннен ыдыспен (шелекпен) алып, алысырақ  жерге апарып жууды ғана бұйырды. Себебі, басқа жерде жуылған кірдің суы буға айналып, одан қайта суға  айналып, сүзіктен (филтрациядан) өтеді. Ал, тікелей ағын суға қосылған лас су, сол күйінде қалады, ол сол кірдің төменгі ағысында отырған елдер үшін аса қауіпті жұқпалы аурулардың тууына себепші болар еді.

Мына Батыс пен Шығыс, әсіресе Орыс тарихшылары сол аталарымызды жабайы деп, жуынбаған деп, келемеж етті. Бұл жағдай Қытайдың «Шыңғыс хан» атты 30 сериялы фильмінде де көрініс тапқан. Ал,  өздері кірлерін ағын сулар мен көлдерге,  беті мен басын, денесінің ортасы мен аяғын, тіпті бәрі-бәрін бір бөшкеге, немесе үлкен шылапшынға қосып бірге  жуды. Олар өздері, осыны тазаландық, жуындық деп түсінді. Олардың көбінің түсінігінде әлі де солай. Арам менен Адалды, яғни аурудың қайдан келетінін ажыратуға саналары (ақылдары мен білімдері) жетпей келеді. Ал біздің аталарымыз құманмен, денесінің негізгі мүшелерін үш реттен сумен шайып, бірінің суын біріне араластырмай  бөлек-бөлек жуды.

Осындай білімсіз, надандықтың кесірінен жоғарыда көрсеткенімдей Қазақтың хандары мен  қағандары өзен мен көлдерге киім жууға да тыйым салып жүргенде, Орыс патшасы (1552 жылдың 11 қазанында) Қазан (Қазақ хандығы) қаласын аларда қала халқын түгелдей қырғынға ұшыратып, бәрінің денелерін (татар тарихшылары жарты миллион деп жазып жүр) Еділге ағызды.  Сол суды Еділдің төменгі ағысында отырған елдердің түгелдей ішіп, әртүрлі кесапат ауруларға (індетке) ұшырағаны жайлы кезінде аз жазылмаған.

Бүкіл жер бетінің басым көпшілігін су (бұлақ, өзен, көл, теңіз, мұхиттар) басып жатыр, одан да басқа тіршілік иелері (адам, аң, жан-жануар, ағаш, өсімдік т.т.) денелері де судан тұрады. Бірақ соңғылары жер бетінің уақытша қонағы. Олардың бәрі де келеді, кетеді. Кеткенде, денелеріндегі суы  күн жылы болса буға, керісінше болса мұзға айналады. Бірақ артынан оларда буға айналады. Олар осылайша жер бетінде мәңгі айналып жүре береді. Біздің тәніміз де, жанымызда осынау мәңгілік процесстің ажарамас бір бөлшегі.

         «Өзіңнің кемшілігіңді басқадан естіп білгенің жақсы,

         Сезіміңнің кемшілігін өзің біліп жеңгенің жақсы» (Шыңғыс қаған).

 Қорытынды: Соңғы екі мыңжылдықтың ең ұлы тұлғасы болып бүкіл әлем елдерімен (ЮНЕСКО) мойындалған Шыңғыс қағанның тегі қазақ екендігі дауға да, күмәнға да жатпайды. Егер біз осыны мойындай алмасақ, біздерге өзімізді де қазақпыз деп атауға құқығымыз жоқ.

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Ұлт порталы