16 жел, 2018 сағат 08:41

Шын көңіл


- Імм, ойымнан шықты, азудай-ақ азған екен сабазың, - деді соткісі таңғы 5:40-та музыкалатқаннан күндегі әдетімен тұрып алып тілінің астына  насыбайдан бір шымшымдай салып дәмін алып отырған Отарбай. Азды деген сабазың шалқадан жатыр жарықтық. Өліп жатыр. Әй, өліде де ес болар.

- Тым  жақсы қатыны бар, үш мыңның жаман қатындарына барып ләпсісіне еге бола алмай арамданып жатысын. Ант ұрған, ең болмаса қолында дерегі бар, печаты, мөрі бар адам ұялмайтындай қызметкер, байы жоқ қатындармен ойнас жасаса екен-ау. І-щ-щ-ай, ұялмай  бала шағасының арасында отырып шай ішеді-ау, - деп Отарбай ойын тағы үстеді.

Таң атпай тақуаша өзімен-өзі сөйлесіп отырған Отарбай кім, үш мыңның жаман қатындарына барып есі кете болдырып жатырған кім? Таратып сөйлейін, ал тыңдаңыз.

Отарбай шаруа баққан адал еңбегімен күн көрмекті мақсат біліп ауылдан 25 шақырым жерден 49 жылға 1000 га жер арендаға алып шаруасын күйттеп, тымау-сымауда  100 грамын ез-і-і-п ішіп жүрген кәсіпкер еді. Кеше көршісі той берген. Аптаның аяғы емес дәл ортасында мерекесін таратуға көршісі бағасы қол жетімді деп ауылдан 90 шақырым жердегі вағзалға жақын ресторанды таңдаған екен. Тойға таксилетіп келген Отарбай осы маңда тұратын кластасы Кесікбайға бүгін сенікіне қонаға барамын деп ескертіп қойған. Кесікбай құрылыс мекемесінде істейді. Мекемесі де ТОО ма, жарымаған мекеме әйтеуір. Осыдан екі жыл бұрын кредитім өсіп кетті деп жылап келіп  130 000 теңге қарызға алып кеткен. Соның 20 000 теңгесін қайырып берген де 110 000 теңгесін әлі бермей жүр. «Көшпеліде ақың кетсе, көше-көше үстіңе келеді» - деген, бүгін соны сұраудың сәті түскесін той тарағасын кластасын шақырып алып қонаға барған.

Барған құрлы берекесі кетті. «Буш саны» аталатын акорачкі салып бұқтырған күрішін бере отырып Кесікбайдың әйелі Айжамал отағасын жамандасын келіп.

- Жұрттың еркегі сияқты жалмаңдап тұрған жоқ. Пайдасын білмейді. Мен болмасам далада өліп қалатын адам. Шынын айтпайды. Арам. Туысқандары адамсынбайды деп Айжамал бұған мұңын шаққан. «Ұрының қатыны өзіне ылайық» деп оқытып қойды ма? Әлде шыны ма, аясын дегендегісі ме? екен.  Түн ортасы ауа Кесікбай таза ауа жұтайық деп бір танысын шақырып алып саунаға апарып суға  түсірді. Отарбай қажеті жоқ десе де қатын іздеді. Отарбайды  күттім дегені атақ қана? Қызығын өздері көрді. Отарбай су-суаны мен  қытырлақтарынан ауыз тигені болмаса дәретін бұзбады.

- Әй, шабылып не қыласың «қарызың көп болса жұмыртқа бөрек же» деп Қарақалпақ ағайындар айтпақшы бір тиын болса да борышыңды өтесейші деп Отарбайдың кейіп отырғаны осы. Кесікбай «Қарыз мәселесін ертең шешіп берем, мекемеден алынбай қалған 40 000 теңгем бар, бастығымнан алып беремін, қалғанын ұзатпай берермін» дегесін насыбайын атып жіпсіз байланып Отарбай отыр.

***

Кесікбайдың  жұмыс жасайтын  ТОО-сына барып  «жылап қайтарын» санап алып кеңседен шығып келе жатыр еді. Ауылдағы бажасы жолыға кетті.

- Әй, Бажок, - деп дауыстаған бажасы Қамысбаймен амандық-саулық сұрасып болып:

- Жүрген аяққа жөргем ілігеді деген 20 қапшық жем алып кете аламыз ба? - деді Отарбай.

- Бажа, сен айтқанда арқаласам да апарып бермеспін бе?

- Осында, нағашым жұмыс жасайтын еді, мені күт қазір шығамын. Әй, сен поэзист едің ғой, бір мықты ақынның орталық кітапханада кездесуі болады. Әрі кеткенде сағат жарым болар бірге кетеміз. Балдызыма көзайым етіп өзім жеміңмен қосып үйіңе лақтырып тастаймын менімен жүр - деді Қамысбай.

- Танымайтын жер, ыңғайсыз болмаса деді Отарбай. - Батыр жауын таныса да, ақын оқырманын танымайды деген. Сөзді қой. Мықты ақын - деді Қамысбай.

- Иә, сен сөз танисың. Сөз танымасаң кәсіпкер болып жүріп кітап жазасың ба - деді Отарбай. Сонымен екі кәсіпкер бірі шақырулы бірі шақырусыз кездесуге келді. Хош, сонымен кездесуге келелік.

                                                       ***

Қала ортасында кезінде күнін көре алмай жабылып қалған бала бақша ғимаратын тым жақсы етіп орталық кітапханаға айналдырған екен. Ұядай кітапхана базары ауған бастықтардың үйіндей болып қалған. Келім-кетімі  шамалы. Осы қазақ білімнен күпті болғандай, кітап десе теріс айналатын  болыпты.

Кітапхананың екінші қабатындағы оқу залында ақынға арналған бұрыш жасалыпты. Көрнекі етіп Жұмекен Нәжімеденовтың «Ақын Орақ Байғалиевтың өлең шумақтары барынша мығым, арасында  артық арам ет жоқ, нағыз поэзия» -деген  пікірі ілінген екен. Бұрышта ақынның жазған кітаптары мен осы ақын туралы Қазақтың сөз қалыптаған, Отарбай танымайтын белгілілерінің пікірлері мен ақынға берген бағасы анық етіп үлкейтіліп көрмеге қойылған. Жарқылдаған жасандылық жоқ. Қоңырқай отырыс болайын деп тұр екен. Жасынан жұлдыз журналын, қазақ әдебиеті газетін  қонышына тығып жүріп  оқып қой баққан Отарбай сөздің дәмін біледі.

Отарбай кейбір ақынның сөздерінен қате табарлықтай сөз қонған кісі. Қазіргі ақындардың сөз саптасын келекелейді. «Қырау жапқан» деп жазады дұрысы - «қырау түскен». «Тоқта такси, сүіктімді алып кет» дұрысы өлең емес қара сөз. Сондай-ақ белгілі Бегейлердің де сөз қалыппауында ханның қызында да болатын кемшіліктерді жіпке мөлдіретіп тізіп береді. Қазаққа белгілі ақын Ж.Молдағалиевтың «бір уыс нанды бөліп жеген» деген өлең жолы сәтсіз шыққан  ұйқас үшін құрылған, дұрысы қазақшасы «бір үзім нанды бөліп жеген» - дейді. Отарбайды сөйлетсең шамалыға шалдырмайтын шалқарлығы бар.

Кездесуді жүргізетін көз әйнек таққан, бір сөзін бір сөзі басып озатын асығып сөйлейтін әйел кісі екен. Ақынның өмір дерегі мен өлеңдеріне тоқталып өтті. Ақын ортасына лирик ақын ретінде танымал екен.

Ақын - Орақ Байғалиев есімді ардагер ұстаз әрі Махамбеттің жиеншары екен. Өлеңді ерте бастаса да, айлаудан шығып кеткен  басы қатты бәйге атындай өнер қумай, мұғалімшілікті де бастай сала тастап өндіріске кеткен бе, соң қайта мектепке келген бе бұралқының бұралаң жүрісіндей өмірі бар жетібайлық бір шал көрінеді. ... Ақын ортасына лирик ақын ретінде танымал екен. Алдын ала дайындалған студенттер ақынның өлеңдерін оқыды. Студенттердің бірсыпырасы өлеңді жүрекпен емес көмейден оқыды. Қажет болса кітапханашылар дарынды қолдан жасап күмпитіп қоюды әдетке айналдырған кез ғой, кім екенін сөзінен таниын деген кісіше Отарбай төрде жалғыз отырған ақынға сынай қарады. Ұзын бойлы, шағала мұртты жетпіске енсе де жидімеген қунақ көрінетін өзінің өлеңі сияқты артық арам еті жоқ, сидаң кісі екен. Ақын ортаға шығып сөз алды.

- Мен өлеңді, ерте бастадым. Мүмкін әкемнің ықпалы болар, әкем өнерге, жыр шежіреге жақын адам еді. Адай көтерлісіне қатысқан, Ұлы Отан Соғысында тұтқынға түсіп неміс күзетшісін ұрып  өлтіріп қашып, франция жерінде өзі жігіттің төресі Доғал деп отыратын. Доғал дегені Шарльде  Деголь. Дегольдың  партизан отрядында Қасым Қайсенов сияқты ерлікпен соғысып  елге аман оралды. Жылқышы болды. Әкем - Жамбылға түстен, Абайға қон, Абайдың ақылын ал. Абай  барма деген ауылдың маңынан жүрме дейтін. Тарихтан жақсы оқығасын  жоғары оқу орынының  тарих факультетінде Алматы қаласында оқыдым. Жазушылар үйіне жиі баратын едім. Жұмекен Нәжімеденов алғашқы жыр жинағыма  мақтап алғы сөз жазып берді. Мұқағалидың мен туралы жылы-жылы жазбалары сақтаулы. Тұманбай Молдағалиев «сен классик боласың Алматыда арамызда қал» деген ақылын алмадым. Мүмкін бұным дұрыс та болған шығар. Алматы жазушыны пісіреді. Бірақ кітаби ақын болып бөлмеде сөз құрастыратын ағалардың ығынан жүрмесең құрдымға кетеді екенсің. Мектепте, өндірісте, ел арасында жүріп жетілдім де тоқырадым. Ең негізгісі көңілімді пенделік деген кірден таза сақтадым. Ішімдік атаулыдан бойымды аулақ ұстадым. Қазақ әдебиетінде ақын кімдер дегенде? меніңше, Ұлы Абай мен Махамбет  бөлек тұлғалар. Менің  көзім көрген бүгінде бақилық болғандар арасынан Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев, Өтежан Нұрғалиевтер еді. Менің қатарластарымнан Темірхан Медетбек, сосын мына Қалбай Әбдіраман. Ізімізден қуып келе жатқандар арасынан Есенғали мен Тыныштықбек. Одан кейінгі буын арасынан  екі ақынды ел  айтып жүр ғой. Халық айтса қалпы айтпайды деген Светқали Нұржан мен Сабыр Адай бар.

- Мен өмір мен өлімді бөліп қарамаймын. Қазақ бар жерде тірі  Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, адамзат бар жерде тірі Мәскеудегі Сергей Есениннің, М.Лермонтовтың В. Высоцкийдің бейіттерінің басына  бардым. Рухани іштей бір күш алдым. Аварлық ақын Расул Гамзатовтың, орыс поэзиясының үш бәйтерегінің екеуі  Роберт Рожденствский, Андрей Вознесенскийлермен поэзия туралы таңды таңға ұрып әңгімелесетін кездерім күні кешегідей. Менің өлеңнің ұлықтығы туралы өлеңдерімді олар құптайтын. Әсіресе ертеректе жазған: «Тіке емес екі дүние арасы ирек, туған тау даналарды дала сирек, өр өлең өлгенімше сені аңсадым, құл көріп қара сөзді қара сирақ» деген жыр жолдарымның тәржімасын оқып сәтті шыққан шумақ деуші еді.  

Қарапайымдылықтан асқан биіктік жоқ екенін өмірлік ұстаным етіп алған ақынды Отарбай жақын тартып қалды. Ал, енді бір екі өлең оқып берейін деп ақын Өлеңдерін оқыды. Өлеңдері қысқа үш-төрт шумақтан болады екен. Отарбайдың оқыған ақындарынан бөлек екен. Сөзі мемлекет қайраткерлерінің сөз саптасындай ма? Адамзат, қазақтық биіктен ой түйетіндей ақын: «Алатау, Алтай, Альпі өр анасы, Туымда қыран мен көк бөрі арасы, білмеймін қанша ғасыр өткен далам, планета парламенті төрағасы», «Мен нөсер жыр, сен бұлттан пырақ мініп, күнді қолға көтеріп шырақ қылып, кеңістіктен кетейік көз жаздырып, О дүние бұ дүниені лақтырып»... Логикасы бөлек, таза қалыпты жырдың  атасы ғой деген ойды залға иіріп әкелген ақын, өлеңді қойып жүрмін деді.

Ақынмен бір институтта оқыған  ғылым докторы атағы бар атыраулық ғалым жазушы ортаға шықты. Құлап қалар ма екен? Қалт-құлт етіп әрең қозғалады. Кездесу сенің не теңің? дегендей кездесуге қатысушылар  жазушыға мүсіркей қарады. Отарбай: Жасына жетпей күзге салым бала кезінен бақылдап  жарайтын, қыс аяғында өлімтігін сүйреуге жарамай қалатын көк текемнің тұқымынша қаңғалақтап-ақ қалған екен, сары ұзыннан аман өтсе жарар еді деп ойлады. Қаңбақ шал  командир дауысты екен. Ашық жуан дауысы залды толтырып жіберді.

- «Менің жырым бүкіл әлем» атты шын ақынның, шоң ақынның кездесуіне келіп отырмыз. Орақ Байғалиев классик ақын. Мен соғыс поэзиясын зерттеген жоқтаушымын. Жорық жырларын бір адамдай зерттедім. Қазіргі қазақ поэзиясы дегенде мына бір эпизод ойға оралады. Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдардың ортасы болуы керек Москвадағы  Кремльде Сталиннің жиналысы болып жатыр дейді. Күн тәртібіндегі тақырып: «Болашақтың армиясы қалай болуы керек». Сонда Ворошилов пен Буденный атты әскер басымдыққа ие болуы керек десе Германияда  соғыс әдістерін оқып келген Тухачевский жақын жылдардың армиясы моторлы механизмді армия болуы керек дейді. Ана екеуі жеңістік бермейді. Сол айтпақшы бүгінгі қазақ поэзиясы атты әскерлі армиядай бүгінгі күннің талабын қанағаттандырмай жатыр. Поэзиямызда ұшақтың  гүрілі, ракеталардың ысылдысы жоқ. Бүгін поэзия сыншысы жоқ. Бірен-саран сыншылар ХХ ғасырдың 60-70 жылдарының көзімен қарайды. Бұл дұрыс емес. Жаңа көз қарастағы сыншылар керек. Бұрынғы мөлдір лирика мен бүгінгі қоғамды жаулай алмайсың. Бойжеткеннің қолы денеме тиіп кетті деп жылдар бойы жырлап жүрсең сені таза мәжүгін жынды дейді. Бүгінге басқа өлшемді өлең жыр керек.  Поэзия он сегізінші он тоғызыншы ғасырдың күйінде қалып қойды. Ақындар «Семсер серт» дейді қалқан дейді моральный архивке сұранып тұрған көнерген сөздерді пайдалана бермей бүгін. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылғандай  төртінші технологиялық революция кезеңіндегі сөздермен, ойларды поэзиямызға сіңіруіміз керек. Қасым Аманжоловтың «бомба болда жарыл жүрек» деп аттандауы немесе Сырбай Мәуленовтың соғыс кезіндегі құлындайын деп жатқан биені суреттеу жырлары сол механизмді соғыстың әсері. Қоғамдағы құбылыс ақынның тақырыбы болуы керек екендігін әлем ақындары айтып өткен. Ақындар кабинетте отырып алып сөз құрастырмай далаға шығуы керек. Ақын Орақ Байғалиевтың мықтылығы көрегендігі сонда, бұл қолына қалам алғалы өмірімізде болып жатқан құбылыстарды жырына өзек етіп келеді. Ақынның тақырыбы: Планета, мотор, авто арғымақ, ғарыш материктер болып келеді. Жапондарда бір сөз бар «последный самурай» деген. Біз последный самурайлықтан арылуымыз керек поэзиямызды өркениет кеңістігіне алып шығуымыз керек. Біз осыдан ақсаудамыз. Қазіргі танымал кейбір ақындарымыздың поэзиясы «Солған гүлдей» семіп тұрады. Мұндай өлеңдер сізге білмеймін маған керегі жоқ. Міне Орақ ақыннның ерекшелігі осыны көре білген деп ойлаймын. «Көшелер көл орындалар бар мақсат, қызыл гүлдер қауыз дәнін жармақ шақ, жол сақшысы джиптерге ау таппай, жағада тұр жигулиге қармақ сап», немесе «Бұл күнде бойымдағы айып күш кем, жиырма бес! Каспиді ұрттап, Жайықты ішкен», «сөзі су сияқты ма құм мекені, жолықтым мұңым шағып кімге тегі, көзі де көңілі де өп-өтірік, иісі күлкісінің мүңк етеді»  тамаша емес пе? Айтыңдаршы осылай жазған Орақ Байғалиевті өлкеміздің ең мықтысы демей көр. Қазақ поэзиясындағы екеудің бірі - Маңғыстаудың бас ақыны Орақ Байғалиевке «Соғыс және Поэзия» атты зерттеу монографиямды тапсыруға рұхсат етіңіз - деді. 

Оқырмандар қол шапалақтап қаңбақ шалға ризалығын білдіріп жатыр. Отарбайды лектор тәнті етті. Жүргізуші қолына қағазын ала бергенде залдан гүр-гүр етіп бір тыңдаушы сөз сұрады. Ішіп алған ба әлде  жаратылысы солай ма? Көзі шоқтанған, тілі күрмеліңкіреп сөйлейтін, шашын тақырлатып алған шешен  суырылды. Арқасы қозған ақынша қолын сермеп сөйлейді екен. Шамасы филолог болар. Ақын өлеңдерін кіл тоникалық па силаботоникалық деді ме өрмекшінің торынша әдіптелген шумақтарды гармонизм деді ме, геройзм деді ме әйтеуір мақтады.

Отарбайдың ұққаны: Орақ Байғалиев жоқтаушысын, зерттеушісін күтіп жатқан ақын. Ашылмаған материк, игерілмеген тың екен. Сөйлеушінің ақындарға  жазушыларға өкпесі қара қазандай ма? Бұрынғының ақыны қоғамның ауруын айтамын деп көштен қалады екен. Мысалшы Крилов аштан өлген екен. Талай ақын көштен қалған екен. Максим Горький туралы шетелдіктер естеліктерінде: Шетел жазушыларын кеңестің қаратабан жазушыларынан М.Горький қабылдады. Жазушылығында мін жоқ жазушы майкісінің сыртынан көйлексіз пиджак киіп алған. Онысын жасырып мойынына шарф орап алғаны жазылды. Біздердің көзқарасымызша жазушы бол, ақын бол үсті мен көңілін бүтіндеуді ойламайтын, Курчатовша сақалын алуға қолы тимейтін еңбек адамы  болып өтетін интелекттінің адамдары деп түсінетін едік. Америкалық Нобель сыйлығын алған бір жазушыны Америка президенті шай ішуге шақырғанда: 200 шақырымға бір аяқ шай үшін жанармай шығындап барып, уақытымды шығындап барып жыным барма деп бармағанын көріп біліп отырмыз. Ал, біздегі ақын жазушылар ру басы болып айналасына топ құрап Құнанбайша қоңданып алып ас беріп жүр. Тарихты бұрмалап кітап жазатынын қайтерсің? Қу бастан қуырдақтық ет алатын қу болып алған өздері. Жазушы кім, ақын кім? Одашы кім айырып болмайтын күй кешудеміз деді. Ақын деген халықтың адамы, халықтың биігі емес пе? Мен бұл кездесуге шақырылғаным жоқ. Кітапхана дайындалып жатыр екен, кездесуде болайын деп іркіліп қалдым. Орақ Байғалиевті білемін. Жақсы ақын. Жалын атқан жас кезінде бұрқыратып жазды. Өзіндік қалыбы бар ақын ретінде сыйлаймын деді.

Айтпағы не, дәті не өзің тауып ал дегендей қолды бір сілтеп залдан шығып кетті. Мүмкін ащы судың уыты тарағасын тағы бір сіміріп алмаққа кетті не қоғамға өкпемді айттым, менің кешімді қашан өткізесіңдер деп зіл тастап кетті. Отарбайдың ойына Моторист Қамбар оралды. Темірдің  тамыршысы Қамбар ащы су ішсе маторды шашып тастап арақ ішпекке кетіп қалып араға күн салып келіп жинап беретін. Әдебиеттің бұл да бір Қамбары да.

Жүргізуші сәл-кем ыңғайсызданып, ақша жүзі күреңітіп кетті. Сәл үнсіздіктен соң «құрметті кездесуге қатысушылар сценарий бойынша уақытымыз аз қалды. Бір екі әннен кейін Орақ Байғалиевтің өлеңдерін зерттеп жүрген ұстазға сөз берейік. Кездесуге арнап шақырған өлкетанушы жетпіс кітаптың авторы журналист ағаға сөз берейік» деп тізгінді қолға алып сөзді азайтайық дегенді емеуірінмен танытты.

Өнер коллежі студенттері ақынның сөзіне жазылған әнді орындады. Әннің сөзі ойлылау екен. Ән орындалып болған соң ортаға еңкіш бойлы, кезінде іште бұғып қалған ба көпшілікке жасқана қарайтын сары өңді кісі шықты. Қопыраған қағаздарын жиып қойып «ыңғайға көшіп сөзімді қысқартып айтайын» деді.

- Жаңағы ағай, соғыс поэзиясы туралы айтты ғой. Мына бір аударма есіме оралып тұр: «Дамылдайық фашистерді қырармыз, люкті аш, мотор тынсын дұрыс қой, біз адамдар бәріне де шыдармыз, ал машина не деген мен құрыш қой» дейді осыдан 80 жыл бұрын орыс поэзиясы. Қазақстан бойынша осыдан екі жыл бұрын патриоттық әнге байқау жарияланды, сонда ақындарымыз сарбаздарды құрышқа теңеді. Бұдан байқағанымыз бізден  орыс поэзиясы көп жылға алға кетті деп айта аламыз. Осы олқылықты толтырып тіпті бәрінен де асып уақыт пен үш өлшемді кеңістіктен асып  жырлап жүрген ақын Орақ Байғалиев десек қателеспейміз. Ақын: «Жылжыған жылдар уатып еміп, барады қайран қуатым кеміп, өлеңім өмір сүрер-ау мәңгі, қалмаса мына уақыт өліп» немесе «Мұхит та теңіз... дейді-ау Нұқ бар, қоңсы емес демеу кейде алыс жұрт жар, Араби әлем бөленген нуға, Арқадан ауса Бейбарыс бұлттар» деп қазақы өлшемді биіктетеді. Қыпшақ даласынан шыққан тұлғалардың өркениет қалыптастырудағы әлемдегі орынының  жоғары екендігін біздердің кезінде әлемді тітіреткен сұсты ел болғанымызды өлеңмен өрнектеген. Бұл басқаларда жоқ. Сондай-ақ «Құтылған аз қызыл қанға бөккен көп, күндер заулап машинадай өткен лек, тамырыма тежеуі жоқ дерт кірді, бағытында бағдар шамдар көкпеңбек» деп поэзияға бүгінгі күннің құбылыстарын адам қолымен жасалған жасампаздықты сіңіреді. Жалпы мен өнерге математикалық көз қараспен қараймын. Он сегіз мың ғаламда Жаратушы жаратқанда жай сызықты да жаратқан. Осы жай сызықты адамзат ақыл ойы координаталық түзуге айналдыру үшін жай сызыққа бастапқы нүкте, бағыт, бірлік кесінді ұғымын беріп қалыптайды. Осы қалыптау бүгінгі өркениеттің өзегі, сұлулық симметриясының іргетасы және күре тамыры болып табылады. Мысалы ғимараттар адамзат қолымен стандартталған тастардан тұрады. Стандартталмаған табиғи күйінде қотыр тастардан ғимараттар тұрғыза алмайсың. Сол сияқты сөзді қалыптайтын жазба ақындары болмаса әдебиет жетістіктерге жете алмайды. Кезінде жыраулар поэзиясы біріншіден не жаман, екіншіден не жаман биігінен әрі асалмай тоқырады. Осы кезде ұлы Абай қазақ поэзиясына әлемдік түр берді. Кеңістікке алып шықты. Қазір импервизаторлықты жазбаша қалыптаудан жоғары қоятындар әлі де арамызда бар. Оларға сөз қалыптаудағы жазба ақындарды дизайнер ретінде түсіндіру керек. Мысалы айтыста айтыс ақындары дайындалып шығады екен дегенді ақпараттардан естіп қаламыз. Дайындалу керек және оларды дайындауда Орақ Байғалиевтың поэзиясымен сусындату керек дер едім. Сондай-ақ ақын: «Аспанның аты қара бұлты кісінеп, бұлақтар бұраң қағып күлкісі ніл көк, көкжиек кемпірқосақ басқұрын тартып, төңірек мың құбылған түлкі сүгірет» ешкімде жоқ, тек қана Ә.Қастеевтың суреттерінде бар көріністер. Ақын Орақ Байғалиевті лирик ақын деп баға берген. Әрине лирик ақындардың бағасына дауым жоқ. Алайда мынаны айта кету орынды: Лирика музыканың алдына түсіп алып су төгілмес жорғадай тайпалып тұрады. Бір түйгенімді айта кетейін. Менің нағашыларымның аулында Мүдір деген баукеспе болды. Аттары жорға емес, кіл жарау, шоқтығы биік келетін. Аяңы адамды соғып тастайтын.  Сол сияқты Орақ Байғалиевтың өлеңдеріне ән саз аз жазылатынының себебі  қуаттың дүмпуі мықты. Ақын өлеңдерінде   қуаттың дүмпуі байқалады. Сезім мен ой қатар жүреді. Өлеңдері қысқа бұл философтың қолы. Басын ашып айту керек кей философтар өлеңді ойға, ақылға қалыптайды. Бұлай өлең жазу кемпірінен айырылып жалғыздықты мойындап сопылыққа бет бұрған жетім шалдың заман ақырды төндіріп отырған кейпін береді. Ал Орақ Байғалиевтай ақынның өлеңінде сезім үнемі астасып жүреді. Жалпы ақынның ерекшелігі: өлеңді қысқа жазуы, қоғамнан алшақ кетпеуі, кітаби білімді көкірек лабароториясынан өткізуі, озық ойы, қуаттың дүмпуі. Әлемдік деңгейде ойлауы болмақ. Бұл жағынан өлкемізде Орақ Байғалиев оқшау тұрған жалқы, дара  ақын - деді.

Бір кітап жазбағанның сөзі мынау болса жетпіс кітап жазған журналист жеті қырдан асар деді ме? Жүргізуші әйел: делебесі қозып әзер отырған журналистке қарап қиылғандай - Аға, қысқарақ сөйлерсіз деді.

Журналист: Мен, Орақ Байғалиевпен бір класта оқыдым. Мен де өлең жаздым. Ортанқол ақын болғанша үндемегенім жақсы деп тастап кеттім. Орақ Байғалиевті пейзажист Бунин мен қатар қою керек. Бунинді тәржімалаған заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев. Тәржімасы түпнұсқадан әлде қайда сәтті шықты. Ақынның ерекшеліктерін сөз танушылар атап өтті ғой, Орақ Байғалиевты өлкемізде «Бас ақын» деп атау орынды шығар. Мен Орақтың өлеңдері туралы айтқанда лирик деп танимын. «Сен жақта күн ашық шығар, ал біз жақта күн сіркіреп тұр» деп басталатын өлеңінде қаншама сыр жатыр. Жалпы ауыл туралы жазсын, махабат туралы жазсын, «Бүкшиген мотор, авто арғымақ, планета, кеңістік, бағдаршам» атаулары тілдік қорымызбен жымдасып кеткендігі үлкен ақын екендігін білдіреді. Ақынды аулына бірде Әбу Сәрсенбаев іздеп келді. Бұл туралы Орақтың әкесі туралы жаздым. Бұл кітаптарымды оқыған шығарсыңдар қайталамай-ақ қояйын деді.

- Аға, дұрыс айтасыз, сіздің жазбаларыңызды оқыдық. Рахмет аға, енді бір әнге кезек берейік. Уақыт таяп қалды деді асығыс сөйлейтін жүргізуші әйел.

Отарбай қол көтерді. Сөйлейін деп пе едіңіз? - деді тықыршып тұрған жүргізуші.

Рұқсатын алмай-ақ Отарбай ортаға шықты.

- Бүгінгі кездесуге шақырылмасам да Кесікбай құрдасым сеп болып ортаңызға келіп қалдым. Жалпы ақынды ақын ететін жарнамалау, насихаттау екеніне көзім жетті. Бүгінгі кездесуге көңілім толды. Поэзия туралы, жыр туралы курс оқығандай мағлұмат алдым. Менің айтайын дегенім, жамандарымның ішінен біреуі осы қалада дарында оқиды. Бірдемелерді жазған болып жүр. Өлкеміздің дара ақынын, бас ақынын осыдан 100 шақырым жерде үй бар, Аллаға шүкір, шақырғалы тұрмын. Жабағымды жығып жаңағы жаманыма Ореке батаңызды алып берейін деп едім, - деп ақынға қарады. - Ағалар бар, жүзін танымасақ та атағына қанықпыз, қонағым болыңыз. Поэзия үшін, поэзияның болашағы үшін келіңіздер. Мен, жылқым 30 болмаса 29-ақ болар деген эмоциямен емес, шын көңілден айтып тұрмын ағалар, - деді Отарбай.

- Алла риза болсын, оның бір реті болар, - деді Орақ Байғалиев.

- Інішек, шын көңілмен айтып тұр екен деді, кездесуге қатысып отырған ақынға жамағайын болып келетін шоқша сақалды төртпақ кісі.

- Шын көңілден, - деді Отарбай.

- Ет, дегенде бет бар ма деді тағыда шоқша сақалды кісі.

- Сен, інішек атыңды да білмеймін, сен былай жаса, маған осы кітапхана қызметкерлері арқылы ұлың  менімен хабарлассын. Жазған-сызғандарын қарайын. Көңіліңе рахмет деді, - ақын.

Жақсы онда әдемі әнге кезек берейік, - деді жүргізуші Әдемі әнмен аяқталған кездесуден ел ет жемесе де жабағының буы бұрқыраған жас етін жегендей болып тарасты. Шын көңіл деген осы-ау.

Қабыл Әбдірахманұлы