12 мау, 2017 сағат 07:54

Шымкенттен ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалауға 4 мың оқушының алғашқы легі кетті

Еліміз үшін маңызы ерек «Болашақ энергиясы» жобасын тамашалауға Оңтүстік Қазақстан облысынан баратын 4 мыңға жуық оқушының алғашқы легі кеше Шымкент қаласынан Астанаға жолға шықты.

Ұл дала төрінде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне Zhana Talap туристтік агенттігі ұйымдастырған 4 күндік турға алғашқы 150 оқушы кетті. Балаларды Шымкент қаласының темір жол вокзалынан қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тажиева мен ата-аналары, ұстаздары мен достары ақ жол тілеп шығарып салды. Шығарып салу салтанатында ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен Оқушылар сарайының көркем өнерпаздар ұжымы оқушыларға жолашар арнау айтты. «Алтын ғасыр» тобының орындауында арман қала - Астана жайлы әсем ән шырқалды.

Іс-шара қорытындысында қала мектептері оқушыларының қатысуымен «ЭКСПО. Арманға сапар» флешмоп ұйымдастырып, аспанға шарлар ұшырды. Өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мен оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан және білімі мен өнегелі тәрбиесі үшін оқушыларға мемлекет және демеушілер есебінен ЭКСПО-2017 көрмесіне 3 750 оқушыға жолдама берілген болатын.