14 мау, 2017 сағат 10:53

Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты шілдеден бастап жоғары октанды бензин өндіруді бастайды

Таяуда Шымкентмұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталады деп күтілуде. Еліміздегі мұнай өңдейтін ең ірі үш зауыттың бірі саналатын өндірісте бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Кәсіпорын мұндай мүмкіндікке еліміздегі Үдемелі индустриалды инновациялық даму бағдарламасының аясында қол жеткізіп отыр. Жаңғырту жұмыстарының негізінде зауыт жылына 4 мың тонна күкірт шығаруға қауқарлы болады. Мұнай өнімдерін саңлаусыз құю кешенінің  де құрылысы аяқталған. Нәтижесінде зауыттағы жанармай мен дизель отынының сапасы Еуро-4 және Еуро-5 стандартына сәйкестендірілмек.

Ал, жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңінде зауыттың өнім шығару көлемін жылына 6 млн. тоннаға дейін жеткізу және мұнай өңдеу тереңдігін 80 пайызға дейін көбейту көзделіп отыр. Жоба толық жүзеге асқан кезде еліміздегі мұнай өңдеу зауыты әлемдік талаптарға толық жауап беретін жоғары технологиялы ірі өндіріс орнына айналатын болады.

Стратегиялық маңызы бар жобаны «Қазақстанның Даму Банкі» қаржыландырып отыр. Яғни банк пен зауыт арасындағы келісімге сай  қайта жөндеу жобасын қаржыландыру үшін несие желісі ашылған болатын. 

13 жылға дейінгі мерзімге берілген несиенің жалпы сомасы 932 млн АҚШ долларын құрайды.  Жалпы құны 1,9 млрд АҚШ доллары болатын жоба индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылуда.

Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта жөндеу екі кезеңмен жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде Кеден одағы елдерінде қабылданған К4 және К5 (Еуро-4 және Еуро-5 баламасы) экологиялық класты бензин мен дизель отынын шығаруды реттеу жоспарланған, екінші кезеңде мұнай өңдеу тереңдігін, сондай-ақ қуатын жылына 5,250 млн тоннадан 6 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.