22 мам, 2020 сағат 11:57

Шымкенттегі балабақшалар 25 мамырдан бастап ашылатын болды

Шымкенттегі балабақшалар 25 мамырдан бастап ашылатын болды. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Басқарма басшысының айтуынша, мектепке дейінгі мекемелерге балаларды қабылдауы бойынша жаңа алгоритм қабылданған. Оған сәйкес, балабақшаға барғысы келетін балалар мен ондағы тәрбиешілерден денсаулығы туралы анықтама талап етіледі. 

«Алгоритмге сәйкес, бірінші кезекте баланы педиатрдың анықтамасымен қабылдайтын боламыз. Баланың денсаулығы жақсы екенін дәлелдейтін құжаттарды сұраймыз. Сонымен қатар, балабақшадағы қызметкерлердің де денсаулықтары жөнінде әрқайсысынан анықтамасын талап етеміз. Бұдан бөлек, ата-анасы немесе олармен қарым-қатынастағы туыстарының да саулығы жазылған құжаттарын сұратып, арнайы тексеруден кейін ғана балаларды балабақшаға кіргіземіз»,- деді Жанат Тәжиева.

Басқарма басшысы бұл жүйенің сақтық шаралары мен қоғам қауіпсіздігі үшін қолға алынғанын айтады. Оның сөзінше, әр топтағы бала саны 15-тен аспайды. Қазіргі кезде осы мақсатта арнайы тізім жасақтала бастаған. балабақшаға келуші бүлдіршіндер мен барша қызметкерлердің сәт сайын дене қызуы тексеріліп, қолдары арнайы антисептиктермен залалсыздандырылып отырмақ. Қаланың бас педагогы сақтық шаралары үшін балалардың ара қашықтығы сақталып, балабақша аумағы, ғимараттың іші мен сыртында санитарлық талаптар қатаң сақталатынын жеткізді. 

Айта кетейік, бүгінде миллионнан аса халық тұратын қалада барлығы 529 балабақша бар. Онда 77 мыңнан аса бүлдіршін тәрбиеленеді.