15 қыр, 2017 сағат 19:30

Шымкентте қоғам қайраткері Асанбай Асқаровты еске алу жиыны өтті

Шымкентте қоғам қайраткері Асанбай Асқаровты еске алу жиыны өтті. Шым шаһардың көркейіп, дамуына зор үлес қосқан тұлғаны үзеңгілес әріптестері еске алып, оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қыркүйектің 15-і күні туған Асанбай Асқаров көзі тірі болғанда биыл 95 жасқа толар еді. Бұл күні ардақты азаматпен бірге қызметтес болған ел ағалары оның есімімен аталатын көше бойындағы ескерткіштің алдына жиналып, митинг өткізді. Онда сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Төлеген облыстағы Асанбай Асқаровтың қолтаңбасы саналатын нысандар мен жобалардың бүгінде игілігін халық көріп отырғанын тілге тиек ете келе, тарихта есімі қалған мұндай азаматтарды ел есінен шығармайтынын айтты.  

Дара тұлғаның үзеңгілес достары да атпал азамат жайында естеліктер айтып, оның мол мұрасын жинақтап кітап етіп шығару ісі қолға алынып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ бес жылдан соң болатын 100 жылдық тойға дайындықты осы бастан қолға алу керектігіне тоқталды.  

Айта кетейік, қайраткер Социалистік Еңбек Ері, талай жыл Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары партия комитетінің бірінші хатшысы болып жемісті еңбек еткен азамат. Әсіресе, Оңтүстік өңірін басқарған шақта Шымкент қаласының көркейіп, дамуына зор үлес қосқанын жұртшылық жақсы біледі. Қаланың орталығындағы Дендросаябақтың, зообақтың сондай-ақ тағы да бірқатар нысандардың салынуына да көп еңбек еткен. Сексенінші жылдардың соңында оған «Желтоқсан көтерілісін ұйымдастыруға қатысты», «ұлтшыл» деген айыптар тағылып, біраз уақыт қамауда болды. Алайда уақыт өте келе шындықтың беті ашылып, қазіргі таңда қайраткерге зор құрмет көрсетіліп келеді.