26 қыр, 2017 сағат 12:52

Шымкентте қала мерекесіне орай балалар кітапханасы қайта ашылды

Шымкентте қала мерекесіне орай  балалар кітапханасы қайта ашылды. Қырық жылдық тарихы бар ғимарат қайта салынып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қалалық орталықтандырылған балалар кітапханасы жүйесіне қарасты №2 кітапхана бөлімшесі 112 орамда орналасқан. Іргетасы 1977 жылы қаланған кітапхананың 34 мыңға жуық кітап қоры және 2 мыңға жуық оқырманы бар. Келушілер саны да аз емес, 20 мыңға жеткен. Ал, 2013 жылы бұл ғимарат апатты деп танылып, жарамсыз болған еді.  Осыны ескерген шаһар басшылары оны қайта салу үшін қазынадан 44 млн теңге бөлген. Сәуір айында  кітапхана іргетасынан бастап қайта салынды. Мердігер мекеме қыркүйек айында мекеменің кілтін табыстады. Жаңа кітапхана жиһаз, компьютерлік техникамен жабдықталған. Интернет желісіне қосылып, «РАБИС» электронды бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Балалар кітапханасының ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мен жазушы Мархабат Байғұт қатысып, лентасын қиды.

«Елбасымыз Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында сауатты, креативті, жаңа жетістікті меңгерген ұрпақ тәрбиелеуіміз керек деген болатын. Кітапхана нағыз - білімнің құдығы. Бұл кітапхананың қоры аз емес, енді балаларымыз кітапты электронды түрінде оқуына да  мүмкіндігі бар. Оқушылардың бүгін көп жиналғанына қуанып тұрмын»,- деп игі тілегін жеткізді Қайрат Ырзақұлұлы.

Ғимараттың ашылу салтанатында қонақтар жаңа нысанды аралап, ондағы кітаптармен танысты.

Айта кетейік, Шымкентте 14 балалар кітапханасы бар.