22 қыр, 2017 сағат 16:13

Шымкентте қала күні мерекесі апта бойы аталып өтпек

Шымкентте қала күні мерекесі апта бойы аталып өтпек. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайрат Нұртайдың айтуынша, қалалық мәдениет бөлімі 23-30 қыркүйек күндеріне арналған мерекелік бағдарламаны ұйымдастырып қойған.

«Биылғы қала күні мерекесі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен үндес аталып өтпек. Мерекелік бағдарлама 23 қыркүйек, яғни, сенбі күні арнайы жалпықалалық сенбіліктен бастау алады. Кең ауқымды мәдени, спорттық шаралар көпшіліктің көңілінен шығуы тиіс», - дейді Қайрат Ырзақұлұлы.

Ал мерекені қорытындылайтын гала-концертке Қайрат Нұртас, Қыдырәлі мен Қарақат, Ерке Есмахан, Бейбіт Кушкалиев, Абай Бегей сынды Қазақстан эстрадасының әншілері мен "Формат" және "MBAND" топтары қатысады деп күтілуде.

Айта кетейік, мерекеде «Жастар» орталығының алаңында «Шымкент Арбаты» қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін, «Тәуелсіздік» саябағындағы бас қақпа - Наурыз алаңында тұрғындардың қатысуымен веломарафон, орталық саябақта ардагерлер  мен 11-14 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында шахматтан турнир, жаңа кітапхана ғимаратының ашылу салтанатын, 6-20 жас аралығындағы жастар арасында кіші футболдан жарыс, «Отбасы аллеясында» жас отбасын құрған азаматтарға арналған мерекелік бағдарлама өткізу және оқушылар сарайында «Таза қала» акциясын қорытындылау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар  «Шырайлы Шымкент» БАҚ өкілдері арасындағы байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен қала әкімінің осы күні туылған «Ең жас» және «Ең қарт»  азаматын құттықтауы,  қайырымдылық акция мен көңілді тапқырлар командалары арасындағы ойындар,  ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі мен саябақтарда көпшілік серуендер, орталық ипподромда ұлттық спорт ойындары  мен Әл-Фараби алаңында «Сүйікті Шымқалам» карнавал шеру,  «Жастар ресурстық орталығында» талантты балалар мен жастар арасында би, вокал жанры бойынша байқау мен Қазақ хандығының 550 жылдығы монументінде концерттік бағдарлама болады деп күтілуде. Бұдан өзге дендросаябақта «Болашақ Шымкент» жастар форумы мен «Жайлаукөл» демалыс аумағында спорттық ойын түрлерінен жарыстар, Наурыз алаңында театрландырылған көрініс ұйымдастырылмақшы.