04 қар, 2019 сағат 12:24

Шымкентте екі бүлдіршін тағамнан уланып қайтыс болды

Шымкент қаласында бүтін бір отбасы мүшелері тағамнан уланып, екі бірдей бүлдіршін қайтыс болды. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

3 қарашада, таңертеңгі сағат 10-да үш баласымен бірге анасы "тамақтан уланған" деген алдын-ала қойылған диагнозбен жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Кейінірек 2015 және 2018 жылы туған ұлдары ауруханада көз жұмған.

«Сағат 11-00-де жұқпалы аурулар ауруханасында 2015 жылғы бала қайтыс болды. Кейін сағат 14-00-де токсикология бөлімінде 2018 жылы туған бала көз жұмды. Өлімнің себебі анықталуда, сот-медициналық сараптама тағайындалды» деп мәлімдеді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Отбасы Еңбекші ауданындағы Алдияров көшесіндегі көпқабатты үйде тұрған. Үйде орталықтан берілетін жылу бар, алайда орталықтандырылған газдандыру жоқ.

Әкесінің айтуынша, 3 қараша күні таңғы 4:40 шамасында жедел жәрдем қызметі келген. «Тамақтан улану» диагнозын қойып, ем тағайындаған. Жағдайлары нашарлай бастаған соң тағы да жедел жәрдем қызметін шақырған. Дәрігерлер анасы мен үш баласын қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізген.

Анасы мен қызы қазір Шымкент қалалық гипербариялық оксинациялық орталығында ем қабылдап жатыр.