23 қаң, 2018 сағат 09:26

Шымкентте автобус өртенді

Шымкентте автобус өртеніп кетті. Бүгін сағат он жарымдар шамасында қоғамдық көліктің жанып жатқанын тәртіп сақшылары бейнебақылау камерасынан байқап қалған, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға орнына алдымен жол патрульдік полиция қызметкерлері жеткен. Дереу автобустың жанындағы жолды қоршап, өрт сөндірушілерді шақыртыпты. Белгілі болғандай «ДонФен» маркалы автобустың ішкі салоны мен мотор бөлігі жанған.

Жалынды ауыздықтауға өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің 16 маманы және 3 техникасы жұмылдырылып, дер кезінде сөндіріп алды. Тілсіз жау сағат 10.50-де ауыздықталып, сағат 10.56-да толық өшірілді. Өрттен ешкім зардап шекпеген. Автобустың 17,5 шаршы метр жерін от шарпыды.

Бастапқы болжам бойынша өрттің шығуына электр желісінің қысқа тұйықталуы себеп болған.

Әзірге белгілісі, 2014 жылы шығарылған автобус 22 бағытта жолаушы тасымалдап келген екен. Өрт шыққан кезде қоғамдық көлікте екі жолаушы мен жүргізуші болған.

Қазір бірқатар сараптама тағайындалып, өрттің себеп-салдары анықталуда.