13 жел, 2019 сағат 09:40

Шымкентте Әл-Фараби мен Абайға ескерткіштер орнатылады

Шымкентте Әбу Насыр әл-Фараби мен Абайға ескерткіштер орнатылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін қала әкімі Ерлан Айтахановтың қатысуымен өткен жиында орнатылатын ескерткіштерге қатысты мәселелер талқыланды,.

Ашық конкурс негізінде Әбу Насыр әл-Фараби ескерткішіне 12 жоба бойынша 7 үміткер және Абай ескерткішіне 14 жоба бойынша 7 үміткер қатысты. Үздіктерді анықтау үшін құрылған арнайы комиссия мүшелігіне Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары, басқарма басшылары және елімізге танымал сәулетшілер мен суретшілер енді.

Жиынға қала әкімі Ұлы тұлғалардың ескерткішін орнату бойынша үздік жобаларды анықтау оңайға соқпайтынын атап өтті.

«Келер жыл еліміз үшін ерекше рухани оқиғалар кезеңіне айналғалы отыр. Дала данышпаны атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық және ұлтымыздың ұлы ойшылы, ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту жауапкершілігі тұр. Сондықтан бұл мерейтойлар бәріміз үшін үлкен сын, тарихи жауапкершілік деп білемін. Біз әр қатысушының эскиздік жобасына ықыласпен, зейінмен қарауымыз тиіс. Себебі, қаламыздың қасбеті мен шырайын ашатын ескерткіш орнату негізгі мақсатымыз болып табылады», - деді Ерлан Айтаханов.

Үш сағатқа созылған жиын қортындысымен Әл-Фараби ескерткішінің эскиздік жобасы бойынша 1-орынды Ерғали Мұстафаев, 2-орынды Бәймен Батухан, 3-орынды Өмірзақ Шанов иеленді. Ал, Абай ескерткішінің эскиздік жобасы бойынша 1-орынды Әбдікәрім Ахметов, 2-орынды Құттыбек Жақып, 3-орынды Ерғали Мұстафаев алды. Жүлдегерлер қала әкімінің арнайы дипломымен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Айта кетейік, байқаудың екінші кезең қорытындысы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланады.