06 сәу, 2020 сағат 20:39

Шығыс Қазақстанда атыс алаңынан қашып кеткен сарбаз ұсталды

Қашып кеткен қатардағы жауынгер екі күннен кейін Шығыс Қазақстан облысының Знаменск елді мекенінде ұсталды, деп хабарлады Қазақстан Ұлттық ұланының "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.

"Жексенбіде, 5 сәуір күні сағат 17.10 шамасында 5511 әскери бөлімінің жеке құрамы іздеу шаралары барысында қатардағы жауынгер Ж-ны Семейден 60 шақырым жерде орналасқан Знаменск ауылынан тауып, ұстады. Оқиғаның себебі анықталуда. Бұл факті бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр", - делінгенген ресми хабарламада.

ІІМ Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде бөлімді немесе қызмет орнын заңсыз тастап кеткені үшін Қылмыстық кодекстің 441-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.

Қатардағы жауынгер бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 3 сәуірінде 5511 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Ж. әскери атыс полигонында қызмет ете жүріп, орналасқан жерін өз еркімен тастап, белгісіз бағытқа кетіп қалған.