12 ақп, 2018 сағат 11:56

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

Бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметов кеңейтілген аппарат жиынында өзінің жаңа орынбасарын таныстырды. Облыс әкімінің өкіміне сай бұл лауазымға бұған дейін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болған Алмасхан Бауыржанұлы Сматлаев тағайындалды. 

Алмасхан Сматлаевтың төрт жоғары білімі бар. 2011 жылы Мәскеу қаласында Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы университетін «экономика» мамандығы бойынша тәмамдады. Сонымен қатар АҚШ-тың Пельсинвания штатындағы Блумгер университетінде «халықаралық экономика» бакалаврын алды. 2012 жылы РФ Үкіметі жанындағы Қаржы университетінде «қаржы және несие» мамандығын меңгерді. 2015 жылы аталған білім ордасында «Мемлекеттік және муниципальді басқару» магистрі біліктілігін иеленді.

Еңбек жолын 2009 жылы Мәскеу қаласында  «Корал Групп» ЖШҚ бас директорының орынбасары лауазымында бастады. 2011 жылдың қарашасында «Сервис и Технологии ИНВЕСТ» ЖШҚ бас директоры болып тағайындалды. 2012-2014 жылдар аралығында Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым бойынша коллегиясы (Министр) мүшесі Секретариатының консультанты, кейін кеңесшісі болып қызмет атқарды.

Жаңа орынбасарын таныстырған Даниал Ахметов Алмасхан Сматлаевқа  аймақтағы қаржы тәртібін күшейтуге, сонымен қатар бюджеттен тыс қаржы көздеріне баса назар аударуды тапсырды.  

Бұған дейін аталған лауазымын иесі болған Ринат Мұратұлы Омаров енді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратын басқарады.