19 мау, 2018 сағат 09:59

Шу маңында апатқа ұшыраған пойыздың жылдамдығы қандай болғаны анықталды

Үкіметтің бүгінгі отырысында «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының басшысы Қанат Алпысбаев тексерудің алдын ала нәтижесін жариялады, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Бұған дейін пойыздың олай жолдан шығып кету оқиғалары болмаған. Себебі теxникалық жағынан түсініксіз жайттар көп. Атап айтқанда, жолаушылар пойызы түзу жолда аударылып кеткен. Сосын ол жердегі теміржолдың диагностикасы ағымдағы жылы 6 маусым күні жүргізілді. Сол кезде ешқандай кемшіліктер анықталмаған. Аталған учаскеде сағатына 100 шақырыммен жүруге болады. Ал құлаған пойыз 93 шақырыммен жүрген. Негізі, рельстер және басқа да қосымша бөлшектер тек 60 процентке пайдаланылған болатын», - деді Қ.Алпысбаев. Бүгінде компания басшысы апат болған жерде жүр. Өз баяндамасын ол онлайн байланыс арқылы жасады.

Оның айтуынша, Шудағы апат бойынша тексеру жұмыстары жалғасуда. Оған отандық және ресейлік мамандар тартылып отыр. «Комиссия қатар тұрған жолмен жүк пойызын жүргізіп көрді. Осы сынақтың нәтижесінде жолаушылар пойызының жолдан шығып кетуіне басқа пойыздың әсер етпегені анықталды», - деп атап көрсетті Қ.Алпысбаев.

Айта кетейік, тексеру комиссияның жұмысы осы айдың аяғына дейін жалғасады. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қайтыс болған жасөспірімнің отбасына 2 405 000 теңге көлемінде өтемақы төлеп береді. Бұдан бөлек, жарақат алған азаматтарға 500 000 - 1 000 000 теңге көлемінде өтемақы беріледі.