12 нау, 2018 сағат 15:07

ШҚО: Күршім ауданында көпірді су шайып кетті

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Топтерек ауылының көпірін су шайып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Толассыз жауын мен өзен деңгейінің көтерілуі салдарынан Топтерек ауылын аудан орталығымен байланыстырып тұрған көпірді су шайып кетті. Тіпті көпірден асқан су елді мекенге қауіп төндірген. Дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында қауіптің беті қайтты. Алайда Топтерек ауылының сыртпен байланысы қиындаған. Көпір бүлінген тұста кішігірім жасанды өткел ұйымдастырылды. Қазір жергілікті әкімдік өкілдері, Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағы мен төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарды өзеннен қайық арқылы өткізуде.  Негізгі жол ауылдан төрт шақырым жерде жатыр.


«Қайық арқылы тек шұғыл қажеттілігі бар адамдар ғана тасымалдануда. Қазірге дейін жасанды өткелдің көмегіне 7 ересек адам мен 3 бала жүгінген. Аудан бойынша туәлік бойы кезекшілік атқарылып, мониторинг жүргізілуде», - делінген ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.