21 қаз, 2019 сағат 20:35

ШҚО драма театрының Жастар труппасы жаңа маусымның шымылдығын түрді

ШҚО драма театрының Жастар труппасы жаңа маусымның шымылдығын түрді, деп хабарлайды Алтайньюс.

Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнерді тамашалауға келген көрермен үшін облыстық драма театрдың Жастар труппасы орыс драматургы әрі сатиригі Михаил Задорновтың «Последняя попытка» пьесасы негізінде «VABANK/Соңғы әрекет» спектаклін дайындапты.

Қойылым желісі бойынша отбасылы еркекпен сөз жарастырған 20 жастағы бойжеткен оның әйелінен күйеуін 20 мың долларға сатуын өтінеді. Алданған әйел бір жағынан опасыз күйеуін қимаса, екінші жағынан арсыз ақшадан да бас тарта алмай, әбден әбігерге түседі. Қысқасы, бір жарым сағаттық спектакльде отбасы құндылықтары және қазіргі түрлі әлеуметтік проблемалар көрініс тапқан.

Басты рөлді сомдау театрдың Жантай Тұрұсбеков, Аяулым Тұрұсбекова, Айгүл Хамит сынды артистеріне бұйырыпты.

Айтпақшы, бір қызығы басты рөлді сомдаған Жантай мен Аяулым өмірде де ерлі-зайыптылар. Ал, қалжыңға толы қойылымның қоюшы режиссері Роман Степенский.

- Екінің бірі ажырасып жатқан заманда бүгінгі қойылым жиылған жұртшылыққа ой салса, онда біздің мақсатымыздың орындалғаны. Маусымашарды асыға күткен көрермен үшін қойылым ұнады деген ойдамыз - дейді артист Жантай Тұрұсбеков.

Айтпақшы жаңа маусымның көрерменге әзірлеген тосын сыйы да жоқ емес. Қойылымға келген қауым үшін арнайы ұтыс ойыны әзірленіпті. Сәтті билет алғандарға театр репертуарындағы кез келген қойылымға 2 билет, 7 спектакльге тегін абонемент, жыл көлемінде 12 қойылымға абонемент сыйға берілді.

Жаңа маусымды тағатсыздана күткен шаһар тұрғындары қойылымнан ерекше әсер алдық дейді.