23 қыр, 2016 сағат 10:56

ШҚО-да Рүстем Есдәулетов атындағы І республикалық фестиваль басталды


ШҚО-да Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, кино және театр актері, ақын, режиссер Рүстем Есдәулетов атындағы І республикалық жастар және студенттер театры фестивалі басталды.

Аталмыш фестиваль барысында Көкшетау, Семей, Алматы, Қарағанды, Астана қалаларынан келген театр ұжымдары бақ сынамақ.

– Егер Рүстем құйрықты жұлдыздай өмірден жарқ етіп өтпегенде, біздің мәдениетіміз бен өнеріміз, театр, поэзия, проза өнері қазіргі деңгейінен бір саты жоғары тұрар ма еді?! Біз фестивальді барлық театрлар арасында өткізуші едік. Бірақ, Рүстем Есдәулетов қазақ жастарының бет бейнесі, өнерлі жастардың символы ретінде қалыптасып кеткендіктен, жастар мен студенттерді шақырып, солардың арасында өткізудеміз, – деді ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Сондай-ақ, Жақсылық Мұқашұлы айтып өткендей, алдағы уақытта фестивальдің ауқымы кеңейіп, жоғары деңгейде өткізілуіне ШҚО әкімдігі өз үлесін қоса бермек.

Фестивальдің ашылу салтанаты Рүстем Есдәулетовтың өмірі жайлы баяндайтын «Бөрінама» фильмінің көрсетілімімен жалғасын тапты.