06 сәу, 2020 сағат 05:55

ШҚО-да мешіт пен шіркеуге баруға тыйым салынды

Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысының діни ғимараттарына баруға шектеу қойылып, мешіттер мен шіркеулерде діни рәсім өткізуге тыйым салынған, - деп хабарлайды ШҚО ақпарат орталығы.

Бұған дейін аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстағы діни конфессия өкілдерімен кездесу өткізіп, онда коронавирустың алдын алу мақсатында енгізілген уақытша шектеу шаралары талқыланған.

Діни бірлестік басшылары Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарынан енгізілген уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауды сұрап, олардың әрбір отбасы мен ел болашағын қауіптен сақтау үшін қолданып отырған шара екенін түсіндірді. ШҚО бас имамы Ермек Мұқатай мен Өскемен және Семей епископы Амфилохий дінге сенетін адамдарға үйде дұға ету жөнінде кеңес берді.

Қазіргі кезде діни ғимараттарда тек діни бірлестік басшылары мен техникалық жұмыскерлер бар. Ғимарат бөлмелері күн сайын дезинфекциялануда.

Дін істері жөніндегі басқарманың мәліметінше, өткізілген мониторинг облыс тұрғындарының енгізілген шектеулерге үлкен жауапкершілікпен қарағанын көрсетті.