08 там, 2018 сағат 15:15

ШҚО-да лауазымды тұлғалар Қытайдан Қазақстанға тауар өткізу үшін 13 млн теңге пара алған

Шығыс Қазақстан облысында лауазымды тұлғалар Қытайдан Қазақстанға тауарларды кедергісіз өткізу үшін кәсіпкерден жүйелі түрде пара алып отырған. Параның жалпы сомасы 40 мың доллар немесе 13 миллион теңгеден асады. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті лауазымды тұлғаларының қылмыстық іс-әрекетінің жолын кесті.

"2016-2018 жылдар аралығында жеке кәсіпкер ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық қылмыстарды тергеу қызметінің аса маңызды істері жөніндегі аға офицеріне және Майқапшағай кеден бекетінің бас маманына Қытайдан Қазақстанға тауарларды кедергісіз өткізу және қамқорлық жасағаны үшін жүйелі түрде пара беріп отырған. Параның жалпы сомасы 40 мың АҚШ долларын құрайды", — деді Жахин брифингте. 

Қазіргі таңда үш күдікті қамауда, аталған фактіге қатысты тергеу жүргізілуде. 

"Күдіктілердің офистерін, тұрғылықты жерлерін және көліктерін тінту барысында 13 миллион теңгеден астам соманы құрайтын шетел валютасы тәркіленді", — деді ол.

Сондай-ақ брифинг барысында мемлекеттік кірістер департаментінің тағы бір қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. 

"Астананың мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық қылмыстарды тергеу қызметі офицерінің қылмысы әшкереленді. Күдікті 30 мың АҚШ доллары мөлшерінде пара алмақшы болған. Бұл іс бойынша тергеу мүддесіне байланысты ақпарат жария етілмейді", — деді Жахин.