08 мам, 2020 сағат 11:13

ШҚО-да Құнанбай музейінің құрылысы басталды

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында бой көтеретін Құнанбай музейінің құрылысы басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. 

«Жұмыс сапарымен Абай ауданында болдым. Ұлы ақынның туған жеріндегі «Сырт Қасқабұлақ» стелласының құрылысымен таныстым. Жұмыстың бірінші кезеңі аяқталды. Сондай-ақ Ақшоқыда Құнанбай әулетінің қорымы жаңартылып, музей құрылысы басталды. Мұндағы басты міндет - хакімнің ата-анасына құрмет көрсету. Музей қазақ халқының құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығын сақтау тұрғысынан өте маңызды нысан екенін ерекше атап өткім келеді», - деді әкім.

Оның айтуынша, Жидебайдағы мемориалдық кешенде де ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

«Біз бұл кешенді түбегейлі жаңартсақ та, оның тарихи, сәулеттік келбетін сақтаймыз. Абаттандырып, жарықтандыру жүргіземіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Абайдың 175 жылдығын атап өту біздің дәстүрімізге деген құрмет көрсету. Сондықтан мұнда халық ақынның шығармашылығымен танысып қана қоймай, жақсы демалып, өлке, Отан тарихын зерттеуге мүмкіндік алады», - деді Даниал Ахметов.

Шілде айының соңына қарай Қарауыл ауылындағы 300 орындық жаңа мектептің және дала сахнасы орналасатын саябақтың құрылысын аяқталмақ.