#
#
Жексенбі 26/05/2019

ШҚО-да «Абай әлемі» жобасы аясында 16 автордың шығармалары жарық көрді

  • 19.04.2019
  • 0
  • 276

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вице-премьер әуелі Семей қаласының Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде «Абай әлемі» кең көлемді кітап көрмесінің жұмысымен танысты. Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл жобаның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқанын айтты.

«Абай әлемі» кітаптар топтамасы - «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында Қазақстананның мәдениеті мен әдебиетінің дамуына ықпал етуге, Шығыстан шыққан ұлы тұлғалар мен ақын-жазушылардың туындыларын қайта жаңғыртып шығаруға, көркем әдебиет арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған бес жылдық әдеби жоба. 2018 жылы жоба аясында жергілікті авторлардың 16 кітабы жарыққа шығып,  облыс кітапханаларына таратылды», - деді Д.Ахметов.

Әкімнің айтуынша, басылымның басты ерекшелігі - кітапқа алғысөз ретінде абайтанудың бастауында тұрған Кәкітай Ысқақұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов мақалаларының тұңғыш рет бірге жариялануында.

Шәкәрімнің 160 жылдығы қарсаңында шығармалары 2 том болып баспа көріп, ақынның  1911-1912 жылдары Семей, Орынбор қалаларында төте жазумен жарық көрген кітаптары, XX ғасырдың басында мерзімді басылымдарда жарық көрген аудармалары берілген. 


«Абай жолы» роман-эпопеясын орыс тіліне аударған ресейлік жазушы, аудармашы Анатолий Кимнің аударма нұсқасы жарыққа шығарылған.

«Бұл шығармаларға алғысөз ретінде жазушының ұлы Мұрат Әуезов пен немересі Дияр Қонаевтың мақалалары енді. Абай, Мұхтар, Шәкәрім шығармаларын жоғары бағалаған, Қазақстанның тұңғыш халық ақыны - Төлеу Көбдіков. Ақынның шығармалары бұрын баспа көрмеген туындыларымен толықтырылып, бірінші рет толық түрде жарияланды», - деді аймақ басшысы.

Әдеби жоба аясында тұңғыш рет Федор Достоевскийдің Семейде тұрған жылдары жазған шығармалары жарияланыпты. Еуропаны тамсантқан Әміре Қашаубаев жайлы естеліктер жинағы «Әнші Әміре» атауымен қазақ және орыс тілдерінде бір кітапқа топтастырылып баспа көрді. Кітапқа әнші жайлы ең үздік мақалалар мен Жарқын Шәкәрімнің 2016 жылы орыс тілінде шығарған «Амре в Париже» кітабы толықтай еніп отыр. 

Шығыс өңірінен шыққан балалар жазушысы, балалар кітабы бойынша Х.К. Андерсен атындағы Құрмет дипломының иегері Марат Қабанбаевтың балаларға арналған «Четыре времени родной земли» атты прозалық шығармалары алғаш рет орыс тілінде шығыс өңірінде жарық көріп, жасөспірімдерге ұсынылды.

«Абай әлемі» жобасы аясында жарық көретін авторлардың кітаптары алдағы жылы да басылып шыға береді. Биылғы жыл Жастар жылы болып жарияланғандықтан, шығыс өңірінің жас таланттарының шығармалары да жарық көрмек.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар