11 қар, 2017 сағат 07:18

Шипалы Алакөлге шетелдік туристер ағылатын кез алыс емес

Үржар – аграрлық әлеуеті жоғары, халқы еңбекқор, берекелі аудан. Өңірдің экономикалық серпіні де бөлек. Әрқашан жарқын да жасампаз жобаларымен дамуға құлаш сермеген ауданның тыныс-тіршілігіне байыппен қараған жанның көзі сүйсініп, көңілі марқаяды. Сірә, бұл жетістік – ауданда атқарылған тындырымды тірліктер өз жемісін беріп жатқандығын білдірсе керек. Болашағы жарқын аудан соңғы бес жылдың ішінде спорт пен мәдениетте де толағай табыстарға қол жеткізіп келеді. Жаңадан салынған, қайта жаңғыртудан өткен әлеуметтік нысандар да кент пен ауыл ажарын ашып, көрікті мекенге жаңаша сән беруде. Ең бастысы, жұмыссыздық деңгейі төмендеп, халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты жақсарған. Мәдени ошақтар, бiлiм беру және денсаулық сақтау мекемелерi халыққа мiнсiз қызмет көрсетуде. Осындай тамыры тереңде жатқан, шежiресi мол iргелi ауданды басқару да, халқын еңбекке жұмылдыра бiлу де оңайға түспесi анық. Келешегі кемел Үржар ауданының тыныс-тіршілігін толығырақ біліп, алдағы уақытта ауданда атқарылар жұмыстарға қанық болу мақсатында аудан әкімі Серік Зинабекұлы Зайнулдинге жолығып, бірнеше сауал қойған едік.

Алдағы екі-үш жылда еуропалық деңгейге жеткіземіз

– Үржар – облыстағы халқы ең көп аудан. Сондай-ақ, облыс орталығы мен Семей қаласынан шалғайда жатқан өңір. Сондықтан облыс әкімі Үржар ауданына ерекше көңіл бөліп отыр. Неге? Өйткені, туризмді дамыту керек, табыстың көзі – Алакөл бар, Алакөлге байланысты аймақ басшысының берген тапсырмалары бар дегендей. Осыған орай, сөзімізді Алакөлден бастасақ. Алакөлде биыл қандай шаралар атқарылды? Келесі жылға нендей жоспарларыңыз бар? Өткенде әкімдік отырысында аймақ басшысы «біз Алакөлдегі кәсіпкерлердің тынысын тарылтпайық, алым-салықпен көп қыспайық», - деген-ді. Байқағанымыздай, көлге облыс басшылығы тарапынан үлкен үміт артылып отыр. Сондықтан, сізге қояр бірінші сұрағымыз осы Алакөлге қатысты болмақ.

– Негізі, Алакөл –Қазақстанға, тіпті дүние жүзіне белгілі шипалы су. Дегенмен, жылдар бойы Алакөлдің басында ешқандай жұмыс атқарылмайкелген-ді. Өз басым 2013 жылдың маусымынан бастап ауданның әкімі қызметін атқарып келемін. Көл жағасынаалғаш келгенімде, жасыратыны жоқ қайран қалдым. Басында не бір коммуналдық мекеме, не бір жол, не жарық жоқ, әр жерде тұрған вагондардан басқа түк көрмейсің. Жалпы, бұрындары аудан басқарған басшыларға топырақ шашудан аулақпын, дегенмен,бұл жер мүлдем назардан тыс қалып қойған сияқты көрінді маған. Содан не керек,бұл олқылықтың орнын толтыруға кірістік. «Ауданның келешегі – Алакөлде» деген тұжырым жасап, шұғыл ауданның қаражатынан «Алакөл тазалық» деген коммуналдық мекеме құрдық. 30 жұмыс орнын аштық. Аудандық бюджеттен 30 миллион теңгеге техника алдық. Сол кездегі облыс әкіміне барып,осы мәселені қойдым.Облыстық бюджеттен 30 миллион теңге ақша бөлінді. Оған кәріз суларын шығаратын машиналар, автотиегіш, қоқыс шығаратын машиналар, жиыны он шақты техника алып, басшысын тағайындадым. Сол 2014 жылы аудандық бюджеттен 34 миллион теңге бөлініп, демалушылар қалашығының бір үлкен көшесін асфальттап, жарықтандырдық. Бұдан кейін халыққа көрсететін қызметінің деңгейі төмен демалыс орындарының басшыларымен кездесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастадық. Арнайы комиссия құрдық. Ал 2016 жылы мұнда облыс басшысы Даниал Кенжетайұлы Ахметов келіп, көлдің жағасындағы бей-берекеттіршілікті көріп, біздерге реніш білдірді.Сол кезде облыс басшысы «Осы шаруағашамаң келе ме? Келсе айт, мен ақша беремін. Ал сен шаруаны тындыратын боласың» деп сұрады. Мен келіскен соң, көл жағасын абаттандыру мақсатына 500 миллион теңге ақша бөлетінін айтты.Сол жылдың қараша, желтоқсан, қаңтар айларында жобалық-сметалық құжаттары дайындалған соң, аймақ басшысы уәде бергендей бізге 500 миллион теңге көлеміндегі қаражат бөлінді. Оған біз арбат салдық, «Әйгерімнің» алдындағы көшені жаптық.Ол жерге сегіз мың шаршы метр қырлы тас кеспе төсеп, жаңа жағажай аштық. Демалушылар киім ауыстыратынкабиналарсалдық.Ескі базарды алып тастап, оның орнына заманауи 21 ұсақ сауда нүктесін орналастырдық. Оны жарықтандырдық, ішіне су кіргіздік. Бұрын болмаған екі қоғамдық дәретхана салдық. Содан кейін көшелерді жарықтандыра бастадық. Атап айтқанда, жалпы қашықтығы төрт жарым шақырым көше жарықтандырылды. Түнде қылмыс болмасын деп, 80 бейнекамера, төрт полиция тірек бекетін қойдық. Бұған қоса, екі медициналық бекет аштық. 4,7 шақырым жолды асфальттадық. 1,8 шақырымдай тротуар салдық. Жаңа автобекет ғимаратын пайдалануға бердік. Сондай-ақ көл жағасында 150 миллион теңгеге балалар демалатын бақ салынғанын айту керек. Осының бәріне 500 миллион теңге кетті. Оның сыртында 760 метр жолдың екі жағына гүл еккіздік, екі мыңға жуық түп ағаш отырғыздық. Осының бәрін тамшылатып суаратынжүйе орнаттық. Осылайша, көл басындағы ескі дүңгіршек, вагон мен киіз үйлердің бәрін алып тастадық, енді бәрі өркениетті болды деп ойлаймыз. Жалпы, мұнда алғашында 147 демалыс нысаны болған, соның 24-і маусымға дайын болмай, оларды ашқызғамыз жоқ. Облыстық штаб құрылып, көл басына бірнеше рет облыс әкімінің орынбасарлары Нұрымбет Сақтағанов пен Серік Ақтанов бастаған комиссия келіп кетті. Сегіз рет кәсіпкерлермен кездесу өткізілді. Бұған қоса, 25 қараша күні Үржарда үлкен форум өткіздік. Бұл бағытта Үржардың коммуналдық кәсіпорындары мен Өскеменнің кәсіпкерлері жақсы жұмыс істеп, шаруаны уақытында бітірді.Шілденің 1-інде облыс әкімі келіп, атқарылған жұмысқа жоғары баға берді. Осының нәтижесінде «Ең үздік туристік жоба» дипломымен марапатталдық биыл. 

Облыс әкімі келер жылы бұл мақсатқа тағы ақша бөлінетінінхабарлады.Қазір тиісті жобалық-сметалық құжаттар дайындап жатырмыз. Арбатты тағы 210 метрге ұзартпақ ойымыз бар. Ар жағында жағажайда тұрған 410 метр жерді кәсіпкерлерден босатайық деген мақсатпен олардан жерді алу жөнінде қаулы шығардық. Ол жержақын болашақта абаттандырылып, адам танымастай өзгереді. Мұндақырлы тас кеспе төселіп, балалардың ойнайтын алаңқайлары пайда болады.Бұған қоса, демалатын орындықтар, көше шамдары болады, тіптен, кір жуатын машинаға дейін қояйық деп отырмыз көшеге. Содан кейін аяқ жуатын орындар, душ кабиналарын орналастырамыз. Көшелерді жарықтандырамыз, бақ аумағынкеңейтеміз, жаяу жүргіншілер жолын саламыз. Бұрындары катер, скутер, қайықтар демалушыларға кедергі жасайтын. Сол жерге арнайы қоршау қоямыз,төрт жарым шақырымға. Қайықтар тұратын айлақ болады. Балаларға арналған жағажай жасаймыз. Бұған қоса, коммуналдық кәсіпорынға техникалар сатып аламыз. Автотұрақты абаттандырамыз. Ол жерге маршрутты таксилер қатынайтынболады. Жоғарыда айтқандай, 147 демалыс нысанының 24-і жарамсыз болып қалды, оларды ашқызған жоқпыз.Енді сол 24 кәсіпкерге облыс әкімдігі бес жылға алты пайызбен жеңілдетілген несие беруде. Облыс әкімі демалушыларға жағдай жасау үшін Жалаңашкөлге апаратын 51 шақырым жолды жөндетіп жатыр. Өйткені, Алматыдан жол жүрген демалушыларымыз пойызбен Жалаңашкөл станциясына дейін ғана келеді, ал бері қарай жол нашар.Сол себептібұл мақсатқа 1 миллиард 300 миллион теңге ақша бөлініп, қазір «Ярус» компаниясыжолды асфальттап жатыр. Бүгінгі күні 16 шақырымы асфальтталып қойды, жұмыс жалғасуда. Оның сыртында Өскемен – Шар, Ақтоғай – Жалаңашкөл бағыттарындағы пойыз шығару ұсынысы да қаралып жатыр. Алматы – Үржар, Астана – Үржар бағытында алты рейс (48 орындық «АН-28» ұшағы) қатынайды. Көріп отырғандарыңыздай, жұмыс көп, оған қажыр-қайрат керек. Дегенмен, оны тындыруға шамамыз жетеді деп ойлаймын. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына білдірген сенімі үшін үлкен рақмет айта отырып, осы жұмыстарды 2018 жылыбір жақты етуге уәде береміз. Күні бүгінге дейін 992 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар дайындап бітірдік. Осының ішіндегі 500 миллион теңгені облыс әкімі беруіне байланысты біз жобаларды қайта іріктеп жатырмыз. 8 қарашаға дейін осы жобаларды облыс басшысына көрсетеміз деп отырмыз.

Жалпы, Алакөлдің болашағы зор екеніне күмән жоқ. Биыл мұнда 400 мың адам демалып қайтты. Бірақ салық төлеушілермен жұмыс нашар, былтыр 24 миллион теңге салық түсті. Биыл да сол деңгейден аспайды. Салық комитеті осы тарапта бірқатар кемшілік жіберіп отырғанын айтуымыз керек. Бұл кемшіліктерді жою мақсатында жұмыс алгоритмі жасалды, тиісті тапсырмалар берілді, біз әр салық төлеушімен жеке-жеке жұмыс жүргізудеміз. Рас, 24 миллион теңге дегеніміз аз, бір күнде туристерден 60 миллион теңгеге дейінтүсіп жатады.

Қалай дегенде де, алдағы екі-үш жылдаАлакөл жағалауыжаңа кейіпке енетініне еш күмән келтірмейміз.

– Демалған адамдардың саны – 400 мың, бұл тіркелгені ғана ғой, солай ма? Жалпы, 400 мың деген қайдан алынған мәлімет?

– Біз демалыс базаларындағы төсек орындарыныңсанынанықтап шықтық. Артынша демалыс маусымының күндеріне қосып көбейткенде,шамаменосындай сан шықты.

– Алакөлге қатысты тағы бір сауал. Көл жағасы әлі де бері қарай жылжып келе ме? Әлде пирс салынған соң өзгерістер бар ма?

– Пирстың маңайында жағаны су шаю біразбәсеңдеді. Жағаны бекітуге облыстық құрылыс басқармасы жобалық-сметалық құжат дайындаған. Қазір осы мақсатқа 3 миллиард 360 миллион теңге қаржы сұрап отырмыз. Бұған алдағы жылдары Үкімет тарапынан қолдау болады деп сенеміз. Салық дұрыс түсетін болса, кәсіпкерлер өздері қолдайтын болса, оған да көмек болып, жағажай бекітіледі деген ойдамыз.

Келесі оқу жылына дейін 42 пән кабинеті жасақталады

– Жақсы, Алакөлге байланысты көп ақпарат алдық. Аудан экономикасының негізі – ауыл шаруашылығы. Аймақ басшысы сүт өндірісіне, сүт қабылдау бекеттерін ашуға мән беріп отыр. Өткенде аймақ басшысы Алматы қаласының өзі 1 миллиард доллардың сүт өнімдерін сатып алады деді. Осы нарықтан біздің облыс өз орнын алуы тиіс. Сүт өңдейтін кәсіпорындар жартылай жұмыс істеп тұр деген сын айтқан болатын аймақ басшысы сол кезде. 

– Облыс әкімініңтапсырмасымен біз екі сүт қабылдау бекетін салдық. Екеуі де тәулігіне үш тонна сүт өңдейді. Біріншісі - Талғат Ақпековтің «Арыстанбек сүт», екіншісі - Ниғмет Қайролданың «Мақаншы Арыс» кәсіпорындары. Қазір барлық мектебіміз сүтпен қамтылуда, аудандық бюджеттен 21 миллион теңге ақша бөлдік. Сүттен май, құрт, ірімшік, тіптен балмұздаққа дейін шығарады. Қазір осы екі кәсіпорын да даму үстінде. Біз қолдау көрсетіп, бюджеттен мектептерге, аурухана, балабақшаларға сүт алып отырмыз. Оған 21 миллион теңге қаржы бөлінген. Екіншіден, халықты жұмыспен қамту мәселесі шешілуде. Қазір сүтті 65-70 теңгеден қабылдап отыр. 10 литр сүт өткізсе, күніне 700 теңге ақша табады,майлылығына байланысты. 700 теңге деген бір отбасының күндік тамағы. Айына 21 мың теңге қосымша ақша алады. Бізде күніне 100-200 литр сүт өткізіп отырған адамдар да бар. Егер 100 литр сүт өткізетін болса, күніне 7000 теңге, айына 210 мың теңге. Бұл табыс көзі емей немене?!. Ақша қолма-қол беріледі. Жалпы, бұл облыс әкімі Даниал Ахметовтің көрегендігі.Аймақ басшысы бізге тиісті тапсырма берді, біз оны орындадық. Қазір өңірде екі үлкен тауарлы-сүт фермасы салынуда. Оның бірі – «Юбилейный» ЖШС. Мамырбек Қарашев деген Үржар ауданының Құрметті азаматы өз қаражатына 200 бастық тауарлы-сүт фермасын салып жатыр, құрал-жабдығын Ресейден әкелді. Қазір малын байлап, 1 желтоқсаннан бастап іске кіріспек.Бір айта кетерлігі, мұнда сүт өңдейтін цех та болады. Мұндағы мақсат – аудан көлеміменғана шектелмей, өнімді Алматы облысы, көршілес Аягөз ауданы, Семей мен Өскемен қалаларынашығару.Екінші ферма аудандық мәслихаттың депутаты, «Сағади» шаруа қожалығының басшысы Марат Тышанбеков деген азаматқа тиесілі. Ол «Қазагроқаржы» арқылы 60 миллион теңге қаржы алып, Ресейдің Новосібір қаласынанқажетті құрал-жабдықты жеткізген. Бұл азамат та сүт өңдейтін цех салып, Талдықорған қаласын өнімімен қамтамасыз етемін деп отыр.

– Жуырда Өскеменде «Туған жер» атты үлкен форум өтті. Облыс әкімінің бастамасымен «Менің мектебім» жобасы қолға алынды. Осы жобаға аудан қалай атсалысып отыр? Естуімізше, Мақаншы ауылында әр жылдарғымектеп түлектері ауылға көмектесіп тұрады екен.

– «Менің мектебім» жобасы аясында біз 248 миллион теңгеге 42 кабинеттің құрал-жабдығын алуымыз керек. Оның ішінде роботтехника, биология, химия, физика кабинеттері бар «Менің мектебім» жобасы бойынша біз Назарбаев зияткерлік мектебінде тұрған құрал-жабдықтар секілді заттарды алып, ауылдың мектептерін жабдықтауымыз қажет. Мұны 2018 жылдың 1 қыркүйегіне дейін толық аяқтауымыз керек. Осыған әр мектептің түлектері, жеке кәсіпкерлер қолдау көрсетіп жатыр. Жалпы, таратып айтатын болсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ауданда мына кәсіпкерлер көмек жасады: Құсман Шалабаев деген Алматыда тұратын меценатымыз Үржар орталығына 45 миллион теңгеге Қабанбай батырдың ескерткішін орнатты. Қуат Есімханов Алаштың 100 жылдығына байланысты жерлесіміз, «Алаш» қозғалысының белсендісі Отыншы Әлжановқа 18 миллион теңгенің ескерткішін қойып берді. Ержан Рахметов деген жерлесіміз өзі туған Науалы ауылына 23 миллион теңге қаражат бөліп, спорт мектебін салып берді. Көлденең ауылында Мамырбек Қарашев 24 миллион теңгеге мәдениет үйін ашып берді, 90 миллион теңгеге спорт мектебін салды. Міне, мұндай азаматтарымыз жетерлік.

Жөндеуді қажет ететін жолдар көп

– Келесі сауал азық-түлік, жанармай мен көмір бағасына қатысты болмақ. Білуімізше, сіздерге көмір алыстан тасылады, теміржол жоқ. Соған байланысты қандай шаралар атқарылып жатыр? Әлеуметтік жағынан аз қамтылғантұрғындарды қолдау бойынша не істелуде? Сол жайында айтып берсеңіз.

– Бензиннің тапшы болғаны рас, бағасы 180 теңгеге дейін көтерілді. Бірақ кәсіпкерлерді жинап, келіссөздер жүргіздік. Қазір бензин 166 теңгеден сатылып жатыр. «Қазмұнайгазда» «АИ-92» бензиннің бағасы – 157 теңге. 180 теңгеден сатып тұрған екі жанармай бекеті бар, олардың иелерімен жеке сөйлесіп, шештік, 175-ке дейін түсірді бағаны. Жалпы, осы баға жөнінде монополияға қарсы комитетке хат жаздым, жеке тексеріс жүргізу жөнінде. Шалғайдағы ауданбыз, облыс орталығынан 500 шақырым. Жанар-жағармай құю станциялары халықпен санасуы керек деп есептеймін. Пайда да табуы керек, бірақ тым қымбаттатып жіберсе, біз әкімшілік шараларды қолдануға тиіспіз. Осыны ұмытпауымыз керек. «Қазмұнайгаз» бекетінің біреуі Таскескенде, біреуі Бақтының жолында тұр, Үржардың өзінде жоқ. Қазір осы жайт өзкесірін тигізуде. Үржардың өзінде қазір бензиннің құны – 174 теңге.

Бюджеттік мекемелердің бәрін көмірмен қамтамасыз еттік. 14 мың тонна көмір тасыдық. 7790 теңгеден алдық тоннасын биржа арқылы. Халықты көмірмен қамтамасыз ету 70 пайызды құрауда. Халық саны 79 мыңға жуықтайды, 20 мыңға тарта жанұя бар. Көмірді негізінен Аягөзден тасимыз.Жанармайдың қымбаттауына байланысты қазір 15-16 мың теңгеден сатылып жатыр. Осыған байланысты біз арнайы штаб құрдық. Мақаншыда, Жалаңашкөлде «Мәдина» ЖШС бар. Биыл солармен әлжуаз топтарға үш мың тоннаға 6500 теңгеден (келгенде 9500-10000 теңге) көмір беру жөнінде келісімге отырдық.

Азық-түлік бағасын арзандату мақсатында апта сайын жәрмеңке өткізіп келеміз. Аз қамтылған отбасыларын қамтамасыз ету үшін Үржардың орталығында, Таскескенде, Мақаншыда үнемі жәрмеңке өткізіліп тұрады. Осы сенбіде орамжапырақ – 80, сиыр еті – 1300, картоп – 80, қатық – 120, құрт – 20, ірімшік – 110, сүт 80 теңгеден сатылды.

– Соңғы сұрақ жол туралы болмақ. Өскеменнен келетін адам жолдың Үржарға жақындағанда ғана жақсаратынынбайқайды. Бүгін Мақаншыға бардық, жол жақсы. Жалаңашкөлден көл жағасына дейінгі жол жөнделіп жатыр екен. Алдағы уақытта тағы қандай жолдар жөнделеді?

– Аудан бойынша жол мәселесі жоқ емес, бар. Оны жасыратын жоқ, бәрі біледі. Аудан аумағымен 965 шақырым жол өтеді. Соның 277 шақырымы республикалық, 479-ы аудандық, қалғаны облыстық жолдар. Бізді қинайтыны ауылдар мен аудан орталығындағы жолдар, олар 90-шы жылдардан жөндеу көрмеген. Соңғы екі жылда Көлденең – Көкөзек жолын толық жөндеуден өткіздік, бұған 2014 жылы 54 миллион, 2017 жылы 60 миллион теңге бөлінді. Осы үшін аймақ басшысына үлкен рақмет айтамыз. Ал енді қалған жолдарымыздың сапасы сын көтермейді. Келдімұратқа баратын 30 шақырым жолдың сапасы өте нашар. Мен жиынға барсам, халық алдында не айтарымды білмеймін. Жылда жасаймыз деп уәде беруге тура келеді. Алайда, жалғыз өзіміз бұл істі тындыра алмаспыз, өйткені, бұл мақсатқа 540 миллион теңге ақша керек. Бір шақырымын жөндегеннен пайда жоқ.Жуықта бұл мәселені облыс әкімінің алдына қойдым. Жалпы, аудан бойынша жөндеуді қажет ететінтрассалардың ішінде Келдімұрат – Мақаншы, Көктерек – Қаратал, Бестерек, Қарақол, Шолпан, Егінсу, Көктал ауылдарының жолдары бар. Бұл жолдарды біртіндеп жөндеуге қаржы іздестірудеміз. 2008 жылы басталған Бақты – Таскескен жолының 100 шақырымының 20 шақырымы қалды. Бұл жұмыс 2018 жылы толық аяқталады, бұйырса. Ал Алматы облысы шекарасынан Аягөзге дейінгі жолды қытайлық компания жөндегелі отыр. «Жол мұраты – жету» деп, осындай жөнді істерді атқарып жатқан жайымыз бар.

– Әңгімеңізге рахмет,бастамаларыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш