07 там, 2017 сағат 11:01

Шежіре-ғұмыр

Ақселеу аға Сейдімбек туралы жазу көптен толғандырып жүрген ой еді. Көзінің тірісінде өз басым ағаны, бір жағынан, әріптес-фольклоршы ғалым ретінде, екінші жағынан, қазақи дәстүрдегі сойымыз бір болғандықтан арқа тұтатын едім. Сойын білуіміз оның фамилияның орнына «Тарақты Ақселеу» деп жазғаннан кейін пайда болған таным болса, фольклоршы ғалым ретіндегі таныстығымыз 1993 жылдың ақпан айынан басталды. Ол кезде Ахаң М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының «Фольклор және қолжазба» бөлімінде ғылыми қызметкер болатын. 

Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстан тәуелсіздік алып, елдің еңсесі көтерілген, жұмысқа бел шеше, ерекше қарқынмен, қызу­мен кіріскен кезең еді. Қостанай өлкесінде тыңнан ашылған Қа­зақ филологиясы факультеті басшы­сы­ның оқу жұмысы жөніндегі орын­­басары ретінде Алматыдағы белгілі оқу орындарының тәжіри­бе­ле­рін игеру мақсатында сол кездегі астана – Алматыға іссапармен келген кезім еді. Үш-төрт күнге созылған іссапар аяқталып, шаруа ыңғайлана бастағаннан кейін, Қызылордадан Қостанайға Білім министрлігінің жолдамасымен аттанарда факультет деканы болған ұстазымыз Бағдат Кәрібозовтың: «ҚазМУ-дан (республикаға белгілі ғалымның фамилиясын атап) ғылыми жетекшілікке ғалым тауып беремін, Алматыға барсаң, маған телефон соқ, мен сені ҚазМУ-мен байланыстырамын», – деген уәде-сөзін «берік ұстанып», ғылыми жетекші белгілеп, тақырып бекітіп алуды жөн санадым.

Өкінішке қарай, Қызылор­да­­дағы Б.Кәрібозов ағамызға ха­бар­­ласа алмай, пұшайман бо­лып Қостанайға кері қайтқалы жа­тыр едім. Сол кезде Алматыда қос­та­най­лық әріптесім әрі жолдасым Қаны­­бек Бижанов деген азамат Ғы­лым Академиясында ғылыми тәжі­­рибеден өтіп жүрген еді. Ол – ҚазМУ-дың түлегі. Қасында Тіл білімі институтында аспирант бол­ып жүрген М.Сабыров деген жолдасы бар. Екеуі өздері оқыған оқу орнының жатақханасына орна­ласқан екен. Соларға жағда­йым­­­ды айтып едім, олар Академия ғалымдарына жолығып, тақырып алуды кеңес етті. Қысқасы, келесі күні Қ.Бижанов тәжірибеден өтіп жатқан М.Әуезов атындағы әде­биет және өнер институтының фольк­лор және қолжазба бөліміне жол тарттық.

Бөлім басшысы Қ.Бижа­нов­тың ғылыми жетекшісі – Шәкір Ыбыраев. Қанекең мені таныс­ты­рып, мақсатымды айтқан­нан кейін ол бөлімде отырған өзге кісілермен кеңесіп, ақылдаса бастады. Бір кезде төрде отырған бөлім басшы­сы­ның сол жағында ақсары келген, бойшаң кісі сөз алды. Сөз саптауы бөлек, сөйлемдері кісіні ұйытатын орамды, ойлы екен. Қанекең маған сыбырлап: «Бұл кісі Ақселеу Сейдімбеков деген тарақты ағаң болады», – деді.

– Шәке, бұл жігіт ат терлетіп сонау алыстағы Қостанайдан келген екен, – деді ол, – бұл өлке қазақтың біртуар азаматтары шыққан қадірлі жері ғой, сондықтан сол жақта мынау Қаныбек бір көзіміз бен құлағымыз болса, мына жігіт екінші көзіміз бен құлағымыз болып отырсын. Тақырып берейік, бұл жігітті де өзіңізге алып, екі жігіт­ке қос пар ат жеккендей етіп, жетекшілік етсеңіз, дұрыс болар еді, – деді.

Шәкір ағамыз оған:
– Ақа, сөзіңіз орынды, бірақ маған ол жұмыс ауыр тиер. Доктор­лық диссертациямның жұмы­сы қауырт болып жатыр. Бұл жігітті Секеңе ұсынайық, ол кісі ғылымға ынтасы бар жігіт болса, ұсынар тақырып­тарым бар еді деп айтып еді. Мен оған телефон соғайын, не дер екен?, – деп жауап қатты.

Сөйтіп, ол дереу телефон ша­лып, бір кісімен сөйлесе бастады. Байқаймын: Шәкір ағамыздың баппен сөйлеген сөзі мен биязы үнінде сый-құрмет табы ерекше сезіліп тұр. Менің жолдасым сы­быр­лап: «Секең деп жатқаны – ВАК-тың төрағасы Сейіт Қасқабасов»,–­­ деді.

ВАК дегеннің не нәрсе екенін түсінбесем де, маңызды мекеме екенін іштей ұғындым. Бір кезде Шәкір ағамыз:
– Секеңнің шаруасы өте қауырт, шетелге шыққалы отыр екен. Жетек­­шілікке келісімін беріп, Абылай хан туралы аңыздарды тақырып етіп беруді ұсынды. Бұл жігіт өзі де ертең еліне жүргелі отыр екен, сондықтан түс ауа бөлімнің жиналысын ашып, Секең ұсынған тақырыпты бөлімде бекітейік. Содан кейін институттың Ғылыми кеңесіне ұсынармыз. Өзің келесі жылы аспирантура, ол болмаса, ғылыми тәжірибе алып, бізге кел, – деді.

Ақсары келген кісі:
– Бәрекелді, тәуелсіздікке дейін зерттеу мүмкін болмаған тың тақырыптардың бірі екен. Оның үстіне атақты Абылай хан туралы. Сен, бауырым, тарихта болмаған жағ­дайды басыңнан кешіріп отыр­­­сың. ВАК-тың төрағасынан телефонмен тақырып алу деген бұрын-соңды болмаған. Сейіт Асқарұлы – талабы қатты атақты ғалым. Ол кісінің мектебінен өту, тағылым алу деген үлкен абырой. Осыны ұмытпа! – деді.

Осылайша, Ахаң маған қазақ­тың көрнекті ғалымы Сейіт Қасқабасовтан тақырып алып, жетекші етіп алуыма өз септігін тигізді. Сөйтіп, сол күні түс ауа бөлімнің жиналысында тақырып бекітіліп, ертеңіне Қостанайға кері тартып кеткен жайым бар еді. Бір жылдан соң, 1994 жылы күз айы қыркүйекте арнайы ғылы­­ми жолдама алып, Ғылым Ака­де­мия­сының Әдебиет және өнер инс­­титутына келдім. Сол кезде Ахаңмен жиі кездесіп, тілдесу, сұхбат­­тасу, кеңірек танысу мүмкін­ді­гі туды. Жетекшім – Сейіт аға әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің Никольск базарының жанында орналасқан біліктілікті көтеру инс­ти­тутының жатақханасынан бөлме алып берген болатын. Қасымда Қарақалпақстаннан докторлық диссертация жазу үшін келген бір кісі бар. Бір күні ол маған: «Кешкілік бөлмеге ертерек кел. Ақселеу Сейдімбек пен Шәкір Ыбы­раевты шай ішуге шақырып отырмын, бірге бол», – деді. Ахаң оты­рыста «Сөйлесе – сөздің шеше­ні, толғанса – терең ойдың көсемі» екенін танытып, коса әңгіме айтты.

Шәкең оны әлсін-әлсін «Ахаң бұған не деді екен?» деп көтермелеп, қолпаштап отырды. Сол отырыста Ахаң не себептен фамилия орнына өзінің шыққан сойын – Тарақтыны жазып жүргенін айтты. « – Мұны руымды көрсетейін, мақтанайын деп, болмаса тайпалық сананың жалауын желбіретіп жүрген жоқпын. Орыстың дәстүрінен орныққан «ов»-тан құтылудың бір әдісі ретінде қолданып жүрмін. Бір күні қызық оқиға болды. Ономастика жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі едім. Бірде ономастика мәселесі жөнінде республикалық кеңес отырысы өтті. Сонда қазақ ара­сында, соның ішінде зиялы­лар­дың руды фамилия етіп алу көрінісі қатты сыналды. Менің де атым аталды. Мен өз ойымды айттым. Дау-талас туды. Сонда академик Манаш Қозыбаев тұрып былай деді: «Руды фамилия етіп алу, ел-жұрт арасына іріткі салуы, тәуелсіздік алып жатқан жас мемлекетіміздің бірлігін бұзуы мүмкін. Сондықтан мұндай дәстүрге әуес болмайық. Ақселеуге бұл жарасады. Оған рұқсат берейік. Осымен әң­гі­ме тәмам болсын», – деді. Осы­лай­ша, тегімді республикалық оно­мас­ти­калық кеңес арқылы, Манаш ағаның арқасында «ауызша бекітіп» алғанмын деп, – күлді.

Сол жолы ол кісі маған өзінің «Күй шежіре» атты зерттеу кітабын авторлық қолтаңба жазып, сыйға тартты. Қолтаңба жазылған айқара беттің бір жағында Ахаңның өзі салған автопортреті бейнеленген. Қол­таңбада: «Қадірлі бауырым Алма­с­қа ағалық ақ көңіліммен ұсы­на­мын. С.Ақселеу. 15.11.94 ж» – деп жазылған еді. Ахаңның қолтаңбасы түскен аталмыш кітап Ахаңның біздер студенттік жылдары құмарта оқыған «Күңгір-күңгір күмбездер», «Сонар» атты кітабының қатарынан құрметпен орын тапты, қазір де кітапхана қорымызда сақталып тұр.

«Күй шежіре» кітабын кеңейте, ғылыми аппараттармен толықтыра отырып, Ахаң Сейіт Асқарұлының жетекшілігімен докторлық дис­сер­тация қорғады. Оның диссертация қор­ғаған оқиғасын Сейіт аға ра­зы кейіппен былайша еске алып отыратын: «Астанадан Алматыға инс­титутқа директор болып қай­та оралған кезім еді. Ақселеу ке­­ліп ақылдасты: «Өзіңіз біле­сіз, қа­зақтың күй өнеріне қа­тыс­ты бір­­­неше зерттеу кітабын шы­ғар­дым. Солардың негізінде, доктор­­лық жұмысты қорғасам қайтеді», –­ деді. Мен айттым: «Зерттеу кітап­тарың ғылыми ортаға таныс. Жұртшылық сені жақсы біледі. Енді, сен сол зерттеулеріңді ғылыми жүйеге салып, талдап, сараптап, диссертация жаз, жұрт алдында қорға», – дедім. Ол: «Ендеше, сіз ғылыми жетекші болыңыз», – деп қолқа салды. Сөйтіп, М.Әуезов ерекше ықыласпен атап өткен қазақтың күй-аңыздары тақырыбын оған бердім. Ақселеу докторлығын қорғаған ғылыми кеңес отырысына атақты ғалымдармен қатар, Асанәлі Әшімов бастаған бір топ өнер қайраткерлері қатысты. Ғылыми кеңес – белгілі ғалымдар мен қазақ өнерінің майталмандары бас қосқан алқалы жиынға айналып кетті. Кеңесті зорға жаптық».

Докторлық диссертация қорға­ған­­нан кейін Ахаң Алматыдан Астанаға ауысып, Л.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық университетіне оқытушылық қызметке орналасты. Бір күні, ұмытпасам, 2004 жылы болса керек, Астанаға жол түсіп, Ахаңа сәлем беруге барып, Еуразия университетінің бас ғимаратында жолықтым. Қал-жағдайымды біл­­геннен кейін, ғылым жағына ойы­сып, докторлық диссертация тура­лы сұрады. Қазақ ханды­ғы­на байланысты тақырыпты жетекшіммен келісіп, бекіткенімді, бірақ әлі бел шешіп кіріспегенімді айттым. Сонда ол кісі маған былай деді: «Бүйірдегі Қостанайда бәйгеге түсіп жүрсің. Сенімен бәсе­келесетін кісі қатары сирек. Со­дан сен бәйгенің сөресіне оқ бойы озып келесің де: «Ойпырм-ай, өзім керемет екенмін ғой», – деп разы боласың. Жеке-дара жү­ріп, кандидаттықтың буына мал­данып қалыпсың. Уақыт тез өтіп кетеді. Докторлық қорғау жолы­на түс. Ол үшін ғылыми орта керек. Астанаға ғалымдар жиналып жатыр. Осында ауыс. Алматыға да, Секеңе де (С.Қасқабасовқа) жақындайсың. Жұмысқа орналасуға мен көмектесейін. Мынау Заң университетінің ректоры Мақсұт Нәрікбаевпен жақсы тамырлығым бар еді. Оған бір өтініш айтайын, сені жұмысқа ал деп. Сөзімді жер­ге тастамас.Аз-маз сағат алып, док­тор­лығыңды өндіре жазып шығуың керек», – деді.

«Ойланайын» деп «тайм-аут» алып, елге тарттым. Қостанайда 9 жыл жатақханада тұрып, жүрегіміз шайлығып қалғандықтан ба, үй-күй жоқ Астанаға ауысуға бата алмадым. Қостанайда қалып, шықпай қойдым. Бірақ Ахаңның ақылынан кейін «қамшыны басып» 2009 жылы Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен докторлық диссертация қорғап шықтым. Диссертацияға пікір беретін жетекші ұйым болып Еура­зия университетінің қазақ әде­­биеті кафедрасы бекітілді. Ереже бойынша, талқылауға фоль­­кло­рис­ти­ка саласынан үш ғы­лым докторы болуы тиіс. Ахаң жур­­налистика кафедрасының про­фес­соры еді. Сондықтан қазақ әдебиеті мен журналистика кафе­дра­лары бірігіп отырыс өткізіп, докторлық диссертациялық жұ­мы­сымды талқылады. Оң шешімін шығарды.
Жаңа астанада Ахаң алқалы жиындардың, келелі кеңестердің бел ортасында жүрді. Тәуелсіз елдің Есіл бойындағы жаңа астанасы Ахаңның қазақ әлемін зерттеп жүрген ізденісінің рухына жақын болатын. Сондықтан ол Астанада туған халқына аса үлкен шабытпен қызмет жасады. Елбасы жаңа резиденцияға – Ақордаға кіргенде, қазақтың хан көтергенде жасайтын көне төл рәсімін ырымдау көрінісіне қатысып, Ордаға алғашқылардың бірі болып кірді. Ақорда төрін­де Президентке бата берген (М.Жол­дас­беков, Ә.Кекілбай) үш тұлғаның қатарында болды.

Ахаңның Астанадағы кезеңі мен сонау ХҮІ ғасырда Қасым хандығындағы Ораз-Мұхаммед ханның жанында қызмет атқарған Қадырғали Жалайыридің бейне­сі­мен шендестіремін. Ресей патша­лы­­ғына тұтқын болып түскен Ораз-Мұхаммед ар алдындағы адалдығы мен ерлік істері арқасында Қасым хандығының тағына отырғандығы белгілі. Сол оқиғаның құрметіне Қадыр­­ғали Жалайыри атақты «Жами ат-тауарих» (ғылымға таныл­ған атау) атты Шыңғыс ханнан Қазақ хандарына дейін ұласқан билеу­­шілердің шежіресін жазады. Хан тағының жанынан орын ала­ды. Еңбектің соңғы сөздерінің сөресіне «тарақ таңбалы Қадырғали би Жалайыри» деген мәліметті қалдырады. Аталмыш еңбек 400 жыл өткен соң, тарақ таңбалы Ақсе­леу Сейдімбектің Алты Алаштың шежі­ресі жинақ­талған «Қазақтың ауыз­ша тарихы» атты туындысымен Астана төрінде қайта жаңғырып, лайықты жал­ғасын тапты.

Осы жолдарды ой көзімен оқыған оқырман: «бұл не тылсым, болмаса не құдірет, әлде тағдыр ма?» деген сауал тастауы мүмкін. Бізде сол сауалдың «шатырын паналап», қалам сүйкеп отырған жайымыз бар. Санамыз шиырлай алмайтын құдірет сырларын тек материалдық болмысқа сүйенген түйсікпен ұғынып, түйіндейтін толық емес түсінігіміз бар. Ол мынаған саяды: бұл өмірдің мәні – әрқашан жалғастық тауып отыруы­мен маңызды, мағыналы әрі сәнді. Ахаң тұла бойымен көне қазақ мәдениетінің жаңа мыңжылдықтағы жаңғырығы, жалғасы, өзгеше сәні болып қалды. Мәдениет болмысы мықты тұлғалармен жаңарады. Ахаң сынды тума таланттардың өмірі мен шығармашылығы – соның дәлелі.

Алмасбек Әбсадық, 
филология ғылымдарының докторы, 
А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ профессоры