#
#
Cәрсенбі 17/10/2018

Шетпедегі мәселе қашан шешімін табады, Ералы мырза?..

  • 03.10.2018
  • 0
  • 747

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжановқа

Құрметті  Ералы Лұқпанұлы!

Өлкеміздегі 90 жыл тарихы бар, Маңғыстау ауданында отыз сегіз мыңдай адам  тұрады. Аудан орталығы жанындағы тас карьерлері экология талаптарын орындау жұмыстары жөнінде атқарған шаралары туралы тұрғындар алдында есеп беру, өздеріне бекітілген міндеттемелерді толық  орындап отырған жоқ.

Шетпе ауылындағы 25-қиыршық тас карьерлерінен тасымалданатын щебень жаңадан салынған Шетпе-Жетібай жолымен күнімен тасымалдануда. Міне, осы ауыр жүк көліктерінің жүк тасымалдауы, асырып толтырылған көліктерден тиеген шебень, артынан еріп жүрсең ұшып, төгіліп апаттық жағдай туғызуда. Жүктің мөлшерден тыс тиелуі, көзге белгілі. Енді осы мәселеде орынды сұрақ туындайды, көлік полициясы өлшеу құралымен, Шетпе ауылынан шығатын ауыр жүк көлігін тексеруге неге қауһарсыз? 

Шетпе ауылы аумағындағы қиыршық тас карьерлеріне және қиыршық тас өнімін облыс бойынша тасымалдаушы көліктердің жол қауіпсіздігін сақтауы үшін, арнайы рейд жүргізілуі  керек. Шетпеден шыға берісте, арнайы жүк көлік таразысын орнатып жаңадан салынған асфальтті бұзбауы үшін шаралар алынса. Карьер өндіріс орындарындағы шаң сору, су себу, көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылуы қажет. Шетпенің шетінен шебін өндіріп, тас уатып, миллиардтап табыс тауып жатқан карьерлердің экологиялық талаптарды орындамай, ауыл тұрғындарының денсаулығына орасан зияның тигізіп отырғаны жөнінде бірнеше рет жиналыстар өтті, әлеуметтік желіде белсенділермен, БАҚ беттерінде жазылып та жүр. Карьерлердің ауылға жақын орналасқаны және олар шебін өндіру барысында су пайдаланбай, Шетпе аумағын шаңға көміп отырғандарымен қоймай, шебін тиеген жүк көліктері ауыл ішімен жүріп шаңды көтеріп, өзі жаңбырсыз өлкенің, ауыл шетінде жайылымдық жерлердің азайып бара жатқаны да өзекті мәселе.

Жұмыссыздық мәселесі де - Шетпеде ең үлкен мәселенің бірі. Өз байлығының қызығын көрмегені өз алдына, ең азы сол кен орындарына жұмысқа орналаса алмауы, карьерлердің 25-мекемесі ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға да атсалыспай, негізінен гастарбайтерлерді жұмысқа алуын қалай түсінуге болады? Тек қана Жаңаөзендік «Теміртас-1» ЖШС жиырмаға жуығы осы ауылдың тұрғындарын алған. Шебін , қиыршық тас өндіру мұнай өндірудей емес, Қара таудың кез-келген етегінен бастауға болатын өндіріс. Қиырышық тас алынған орындар орын қазан шұңқырларға айналып, ешкім тексермеген соң жабайы өндіріс бизнесіне айналған. Бір жылдары, менің туған жерім Ескі Шетпені шаңға бұқтырған «МКДСМ»АҚ халықтың тілегін ескеріп, карьерін ауылдан әрі қарай көшірген болатын. Неге сол карьер көшіруді «Жаңа орпа» ауылына қолданбайды? Карьерлердің улы шаңы тіршілік иесіне, жердегі өсімдік, жан-жануарлар мен адам ағзасына зиян екендігі белгілі, шаң салдарынан тұрғындар түрлі тыныс жолдары аурулары мен басқа да ішкі ағза ауруларына ұшырауда...

Құрметті Ералы Лұқпанұлы, өзіңіз айтқандай «Маңғыстаудың байлығы-мұнай емес, басты байлығы - Халқы» деген сөзіңізді қолдаймын, ал Шетпенің улы шаң жұтқан халқының жағдайы осылай жалғаса берсе, болашақта қалай болмақ? 

Аталған мәселе бойынша, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы, Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы, Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы, Маңғыстау облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы, Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, Маңғыстау облысының ішкі істер департаменті, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінен Арнайы жұмыс тобын құрып, карьерлердің техникалық-экономикалық, экологиялық, салық, миграциялық, әлеуметтік, тасымалдау жағдайын толықтай тексеріп, заң бұзушылықтардың жолын кесіп, Шетпенің тұрғындарының жанайқайын ескеріп, өзіңіз оң шешім шығарады деп сенемін.

1998-2000 жылдары 3, 
2005-2008 жылдары 4,
2010-2014 жылдары 13,
2015-2016 жылдары 5 карьерге өскен, барлығы - 25.

Аталған мәселе жөнінде жауап күтеміз.

Құрметпен, 

Киікбай Жақыпұлы 

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР