24 сәу, 2018 сағат 07:02

Шетелде діни білім алған қазақ жастарынан қайыр бар ма?

Бүгінгі таңда діни мәселе қоғамдағы өзекті сұрақтардың бірі. Біздің қоғамды діни радикализм мен экстремизм проблемасы біршама алаңдатып отыр. Бұл бағытта мемлекет нақты шараларды қолға алуда.  

Қазір Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен әзірленіп жатқан «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыланып жатқаны баршамызға мәлім. Аталған заңда шетелде діни білім алғысы келетіндер үшін аздаған шектеу енгізілмек. Нақты айтқанда, шетелде діни білім аламын деушілер заң қабылданғаннан кейін жоғары діни білімді өз елімізде алып, жоғарыдан кейінгі білімді ғана шетелде ала алатын болады.

Осы заң жобасына байланысты Қазақстан Республикасының азаматтарына рухани (діни) білімді шет елдерде алуы тек жоғарғы рухани (діни) білімді ҚР алған соң ғана, сондай-ақ тіркелген діни бірлестіктің Қазақстанда рухани (діни) білім беру ұйымы жоқ болған жағдайда халықаралық келісім бар болуымен ерекше жағдайда жол беріледі. Қазіргі таңда қазақстандықтар шетелге оқуға кеткен балалар үшін алаңдаулы. Бұған елімізде шетелдік оқу орындарына жіберу тәжірибесі реттелмегендігі себеп болуда.

Араб мемлекеттері мен Азияның кейбір және Таяу Шығыс елдерінде жағдай  мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие. Өкінішке қарай, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі күнде  әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қа­та­р­ларын толықтыруды көз­дей­ді.

Мысал келтіретін болсақ, Мысырдағы қазақстандық студенттердің жағдайдан хабардарсыздар. 6 қазақстандық студент жоғалып барып табылды. Діни білім алуға, араб тілін оқуға кеткен болатын. Бұларды Мысыр полициясы ұстап әкеткендігі және не себепті ұсталғаны айтылған жоқ. Бұл олардың қажетті білім алулары мүмкіндінен айырды, сонымен қатар олардың ақталмаған қаржылық шығындарға душар болуына алып келді. Осындай тосын оқиғалар біздің еліміздің халықаралық аренадағы беделіне нұқсан келтіретінін де ескерген жөн.

Діни білімі жан-жақты толықпаған, отанында тәжірибелі имамдар мен дінтанушылардан жеткілікті деңгейде тәлім алмаған жастар шетелдік оқу орнына тапсырса тұзаққа тез түседі. Аталған мемлекеттерде ахуал бүгінгі таңда күрделі екендігін түсіну қажет. Ол жақта терроризмге қарсы және жалпы көші-қон тәртібі күшейтілді. Осыған байланысты егер радикалды ағымдардың жақтаушысы болмасада,  күмәнді оқу орталықтарында (марказ деп аталатын), діни немесе тілдік курстарда оқитын болса, жергілікті арнайы органдар мен полицияның назарына дереу ілігеді.

Өйткені дәстүрлі емес діни ағымдар идеологиялық бастауын шет елдік діни оқу орындарынан алатыны белгілі, әсіресе мұсылман елдеріндегі мемлекеттік емес оқу орындары мен білім орталықтары осы тұрғыдан қауіпті болып табылады. Соның салдарынан шетелге діни білім алуға баратын жастар теріс идеоло­гияның ықпалына түсу деректері көбейіп отыр.

Мәселен, жат жерде жат идеология бар. Ол идеологияның өзін үш түрге бөліп қарастыруға болады. Бірінші – саяси идеология. Өзге елдерде Қазақстан саясатына ықпал еткісі келетін саяси топ­тар бар болуы заңды құбылыс.

Екіншісі – діни фанатизм идеологиясы. Елімізге сансыз миссионерлер аттандырған батыс елдері оң-солын әлі танып үлгермеген һәм өз аяғымен кел­ген жастарымызды сәтті пайдаланып кетуі бек мүмкін.

Үшіншісі – дүниелік идеология. Жасындай жарқылдаған жастарды жалт-жұлт еткен дүниемен қызық­ты­рып, қаржымен алдарқатып, елітіп әкет­пе­сіне кім кепіл? Алғашқы саяси идеологияның нә­ти­жесі көзге көрінбегенімен, қалған екеуі­­нің зарары сезіле бастады. Дәлірек айтқанда – қай елде ілім алса, сол елдің тұрмыс салтына сай наным-сенімдерін тықпалауға тырысуда.

Шетелге дін немесе тіл үйренемін деп кетіп, сол елдің діни танымын, діни тәжірибесін, діни санасын өзімен қоса алып келіп жатады. Әсіресе араб мемлекеттерінде білім алған жастардың танымына қарасаңыз, олардың әлі күнге дейін дінді ғылыми тұрғыдан ой елегінен өткізудің байыбына бара алмайтынын, зайырлылық пен дін, қазақ халқының діни тәжірибесін (Ясауиден бастап, Абай, Шәкәрімге дейін қалыптасқан рухани-мәдени құндылықтар) танымайтындықтарын байқауға болады.

Мұны себебін «теология мен философия» ғылымдарының докторы Досай Кенжетай былайша түсіндіріп берді: «Араб елдеріндегі теологиялық білім деңгейі өзгеріссіз орта ғасырлық шаблондармен көмкерілген. Уақыт талабына сәйкес, дін құбылысының басқа танымдармен үндестігі мен байланысы туралы бүгінгі ғылыми философиялық, эпистемиологиялық сұрақтарға көңіл бөліне бермейді. Мұны шетелде білім алып келген жастардың ой өрісі мен ұстанымдарынан да байқауға болады. Мысалы, Түркия араб елдерінде бакалавр бойынша бітіріп келгендерді өз еліндегі университеттерінде тағы екі курс қайта оқытады. Бұл жерде ешқандай амбиция жоқ, керісінше, сақтық бар деп ойлаймын. Бізде де осы мамандарды мемлекеттік тұрғыдан қадағалау тетіктерін, ережелер мен шарттарын орталықтандырып, мемлекеттік, министрлік деңгейінде шешуді қолға алу керек. Бұл зайырлылық ұстанымына қайшы емес, керісінше, шарт болып отыр. Әйтсе де, осы құбылысқа қатысты жауапкершілікті өзімізден іздеген жөн. Саудияға, жалпы «Хижаз» аймағына кез келген білім саласына жастарымызды жіберуді шектеу керек. Ол ел идеологиялық жағынан да, діни танымымыз жағынан да, қоғамдық тұрақтылық тұрғысынан да бізге оңтайлы емес. Иә, Білім және ғылым министрлігінің арнайы рұқсатынсыз онда ешкім оқи алмайды. Бірақ, дін саласы бойынша Саудияда жастарымыз көп оқитынын жасыра алмаймыз. Сондықтан, осыған қатысты тетіктерді қайта қарау керек. Жалпы алғанда, елімізде дін құбылысына мемлекеттік орталықтандырылған саясат  қажет» - деп пікірін білдірген болатын. Ең бастысы жастарымызды әртүрлі радикалды діни ағымдардың деструктивті әсерінен қорғау ортақ міндет болып табылады.

 Бахтияр Қаржаубайұлы Алпысбаев,

дінтанушы, 

Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті «Дінтану секторының» жетекшісі