10 қаз, 2018 сағат 06:21

Шерхан Мұртазаға арналған өлеңдер

Қазақ руханияты орны толмас қазаға ұшырады. Халық жазушысы, көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза 86 жасында өмірден өтті. Ауыр қаза күллі алаш жұртының қабырғасын қайыстырып кетті.  Ақындар қауымы өлеңмен аза тұтты. 

Ал біз Шерхан Мұртазаның қазасына байланысты жазылған өлеңдерді топтастырған едік. Оқиық.

***

Арыстан

... Бөріден--
Бөрілінің байрағынан,
Ата жау сескенетін айбарынан!
Жасынның Оты лаулап тұрушы еді,--
Шағылған Күнге Алтын Айдарынан...

Хош, Қараорманымның Арыстаны!
(Алаштың қай жауымен алыспады?).
Келмеске о да кетіп, енді бізге
Заманы Арыстанның алыстады...

Қоян да, түлкі де енді би болады.
Біздің ми сол не айтса иланады.
... Арыстан гүрілдейді түсімізде,
Ол--бізді ит пен құсқа қимағаны.

Көз жасы омырауда тарамдалған,--
Әкең де қалған өстіп, анаң қалған;
Алаштың арыстары кеткен кезде,
Осындай алмағайып заман болған.

Заманы Арыстардың алыстады,
Жағымыз, қол да тұр ма қарысқалы?
Қараорман қалды бізде күңіреніп,
Қайтейін, жоқ қой, бірақ, Арыстаны?!.

10.10.2018 ж.

Серік Ақсұңқарұлы

***

Шерхан - шер

Жыла Қазақ,
Етегіңді толтырып,
Сөйлемейді енді қайта ол тұрып.
Тірісінде қадіріне жете алмай,
Өкінеміз алғаннан соң өлтіріп.

Жыла Қазақ,
Көздің жасын көлдетіп,
Өзегіңді өкінішке шөлдетіп.
Дүниенің жалғандығын дәлелдеп,
Арамыздан бара жатыр, ол кетіп.

Жоқта Қазақ,
Жоқтауыңды тоқтатпа,
Көсеу ұстап, ошағыңда от жақпа.
Мына "Бір кем дүниені" тәрк етіп,
Шерхан кетті, түсіп бақи - соқпаққа.

Шерхан кетті,
Шерағаммен шер кетті,
Қайғысымен күңірентіп жер,көкті.
Ары менен абыройын қазық қып,
Қаламымен қалың жұртын тербетті.

Мінез кетті,
Мінез кетіп, мін қалды,
Айтылмаған ақиқат пен сын қалды.
Күңіреніп күрең күзгі күн қалды,
Жұлдыз сөніп,ай тұтылған түн қалды.

Бүгінгі күн,
"Қызыл жебе" сынған күн,
Өкініштің көз жасына тұнған күн.
"Ай мен Айша" басу айтып Қазаққа,
Шерхан ағам екінші рет - туған күн!

Әлібек Шегебай

***

Шер-ағам да өтті-ау, дүниеден...

Жалауым-жамау, ақ туым –сынық кезде де,
Нар-намысымды шөктірмеп едің өзгеге.
Есеңгіреген елдің еңсесін көтердің,
Есті сөз айтып ең биіктегі езге де.

Алаштың рухын болаттай құйып бойыңа.
Асқақ сөйледің, орман шөккендей ойыңа.
Шер-мұңын айтып елжіреп жүрді ел мен жұрт,
Шер-аға! – дейтін, еңселі есім-сойыңа.

Түбіңде – қызыр, 
Үніңде – қыжыл, - сөзің – дүр.
Өзіңнен үріккен сорлылар әлі безіп жүр.
Көзіңнен қорыққан көзқамандар да - көз алды...
Сөзіңнен қорықса, «бір кем дүние» - кезім бұл!...

Ел менен жердің, тіл менен ділдің діңгегі.
Тәуелсіз елдің соқпағы менен сүрлеуі.
Бәрі де сенің жаныңның болды шырылы
Жұлдыз бен Айдай түндегі...

Ай менен Айша , Күн де жылайды бұлт іші...
Дүниенің қашан көрініп еді түр-түсі?
Шер-аға, кейде шерлі түс көріп жылаймыз,
Алты Алашымның оңынан болсын бұл-түсі!..

Бақыт Беделхан

* * *

Күркіреп айтар шындықты,
Шер-Аға сынды 
Адам жоқ.
Күмпілдегенімен кіл «мықты»,
Көңілде күдік,
Алаң көп.

Құлазып қалған күй осы,
Өзектен біреу тепкендей.
Жоғалып сөздің киесі,
Ақиқат өліп кеткендей.

Әр сөзін көріп құрандай,
Қанығар ма екен ел жайға,
Қомданып енді қырандай,
Қорғайтын жерді ер қайда!?

Өзге жұртпенен тең көшіп,
Кешпей бір бейнет белшеден,
Кетпесе болды ел босып,
Кеудеге толып шер-шемен.

Көмейде сауал, сірә, көп,
Киеге енді кім ие?
...Қалғандай мәңгі мұра боп,
Бір емес, 
Мың кем дүние.

Ғайсағали Сейтақ

***

Асыл тәжді тот баспас,
Шекпен сандықта сарғаймас,
Кәрі емендер сықырлар,
Жас қайыңдар майысар, 
Заман заманмен көрісер,
Адам адаммен жыласар,
Ай өлмес, жаңасы туар,
Жебе сынбас, зулап ұшар,
Бәрі оңалар, әй, дүние,
Тұран Жолбарысы қайта тумас - 
Ғасыр көзіндегі Шер болып қалар!

Ерлан Жүніс

***

ШЕР-ХАН

Көзін сұмдық шел басқандар бар,
Көкірегін шындық шер басқандар бар,
Ұлт үстінен ұпайын түгендеп,
Ұялмай-қызармай жер басқандар бар!
Бір кем дүние!..

Құлқын деп жеңін түретіндер бар,
Ұлтым деп өмір сүретіндер бар,
Үріп кеп ішіп, шайқап кеп төгіп,
Үйіне қарсы үретіндер бар!
Бір кем дүние!..

Ердің арқаға бататыны бар,
Сарттың сырттан сататыны бар,
Батыр сонда да моласымен-ақ,
Жаудан Жер қорғап жататыны бар!
Бір кем дүние!..

Мирас Асан

***

Қанжарым еді тіліп түсетін,
Қыраным еді іліп түсетін.
Көкжалым еді түріп түсетін,
Ұлтыма дара ұлық кісі еді!

Менменсігенді ықтыра білетін,
Тайғанақтарды бұқтыра білетін.
Ынтымағы бар ықыластыларға,
Ақиқат сөзін ұқтыра білетін.

Құдайды танып мойындаған адам,
Пенделік нәпсіге бой ұрмаған адам.
Адамдық арды ту етіп ұстап,
Жүректе қазақ, ойында Ғалам...

Ығатын еді көлеңкесінен,
Асып ағатын кемер төсінен.
Мәнімен кетті мәңгілігіне,
Қазақиядай кең өлкесінен.

Дәулетбек Байтұрсынұлы