23 нау, 2019 сағат 10:27

Шериаздан Елеукенов. Елордаға Елбасының есімін беру идеясын қолдаймын

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында Астана уақытымен сағат 19:00-де республикалық телеарналар арқылы мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттеріне ғана тән Қазақстан халқына үндеуін жариялады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдадым деген сәтте, миллиондаған көрерменнің сілтідей тынғаны рас.

Қазақстанның ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап 30 жылға жуық еліміздің ішкі-сыртқы саясатында асқан көрегенділік, даналық танытып келген Елбасы бұл жолы да тарихи шешім қабылдаған болатын. Соның негізінде еліміздің Президенті лауазымына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тағайындалып, ант қабылдап, ресми түрде қызметке кіріскен сәтіне бүкілхалық болып куә болдық.

Сол сәтте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Астана атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы бастама көтерді. Бұл ойға өз тарапымнан ешқандай қарсылығым жоқ. Өйткені, өзі негізін қалаған елорданың бүгінгі келбеті, бүгінгі жетістіктері мен мемлекетіміздің әлемнің алпауыт елдерімен тереземіз тең болуы үшін қажыр-қайратын, күш-жігерін аямаған ұлт көшбасшысы еңбегінің ұшан-теңіз екені баршамызға мәлім.

Қазақ еліне Мәңгілік ел идеясын ұсынған да Нұрсұлтан Әбішұлы болатын. Жоғарыда айтқанымдай өзі негізін қалаған елордаға  Елбасының есімін беру идеясын қолдаймын.

Шериаздан Елеукенов,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

«Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері