25 қыр, 2017 сағат 12:04

Шенеуніктер депутат Бақытжан Әбдірайымның намысына тиді

Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында қазақша қойылған сұрақтарға тек орыс тілінде жауап қайтарылуы депутат Бақытжан Әбдірайымның намысына тиді, деп жазады ҚазАқпарат.

Айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру тақырыбындағы Үкімет сағатында баяндама жасаған болатын. «Бүгінгі біздің талқылап жатқан тақырыптың өте маңызды әрі өзекті екені белгілі. Бірақ бұдан да зор бір мәселеге біз бүгін жауап таппадық, құрметті әріптестер! Сондықтан бұл жайт менің көңіліме, намысыма қатты тиді. Атап айтқанда, қазақ тіліндегі, яғни мемлекеттік тілде қойылған 12 сұрақтың 11-іне орыс тілінде жауап берілді. Кім жауап берді? Мына жерде отырған әкімнің орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, олар кіммен жұмыс істейді? Халықпен жұмыс істейді. Олар қазақ тілінде жауап бермесе, онда қалай болмақ? Екіншіден, Елбасы кеше ғана өзінің мақаласында тікелей айтып кетті ғой, мемлекеттік тілді құрметтеу тәуелсіздікті құрметтеу деп. Міне, басынан аяғына дейін Үкімет сағатын Владимир Карпович  (Мәжіліс төрағасының орынбасары Божко - авт.) қазақ тілінде жүргізіп жатыр. Депутат Маггерамов мырза таза қазақ тілінде оқыды, біздің Снежана Имашева деген қарындасымыз қазақ тілінде сөйлейді, ал Шиповских бізден жақсы қазақ тілін меңгерген», - деді Бақытжан Әбдірайым.

Осы орайда депутат мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап берілуі қажеттігін қадап айтты.  

«Біз бұған қазір шектеу қоймасақ, осылай жалғаса береді. Сол себептен менің өтінішім, болашақта бізге келетін лауазымды қызметкерлер мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беруге тырыссын», - деп түйіндеді сөзін Б. Әбдірайым.