23 мам, 2017 сағат 19:01

Шекарада «тоналған» жесір ана ісіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті

Бүгін Астана қаласында «Майқапшағай» кедендік бақылау бекетінде «заңсыз ақша алып өтті» деген желеумен 59,900 АҚШ долларынан айырылған жесір ана Гүлжан Мәуітханның басындағы қиын жағдайларға байланысты баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Осынау атаулы жиынға қоғам белсенділері, заңгерлер – Ерлан Сайыров, Ғалым Байтук, Мұхтар Тайжан, Абзал Құспан, Айжан Дәрібаева, Камиша Есмұхамбетқызы қатарлы тұлғалармен жәбірленушілер, журналистер қатысты.

Баспасөз мәслихатын жүргізген Ерлан Сайыров: «Шекара бекетінде болған бұл жағдайдың Қазақ Еліне келуге ниет етіп отырған өзге қандастырымызға мүлде кері әсер етіп, тіпті, көштің тоқтап қалуына себеп болған шулы оқиға екенін, ел-жұрт болып жоғарғы жақтың назарын аударып, осы істің оңтайлы шешу жолдарын таппаса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі бастамашы болған «әлем қазақтарын атажұртқа жинау» бастамасына үлкен кедергі екенін» айтты.

Гүлжан Мәуітхан, «Майқапшағай» кедендік бақылау бекетінде бар қаржысынан айырылған жесір ана:

Өздеріңізге мәлім, бұрыннан баспасөз бетінде жазылып жүргендей, 8 ақпан күні қасымда ұлым, туған інім, жиенім мен оның келіншегі, олардың баласы бар, жиыны – 7 адам Қазақ Еліне көшіп келе жатқан кезімізде кеденшілер барлығымызға тиесілі 59,900 доллар ақшамызды тәркілеп алды. Тергеу кезінде «Біздің айтқанымыз бойынша істесеңіз, ақшаңыздың бәрі қайтады» деп сендіріп, бәлен қағазға қол қойдырып алды... Ақыры, осындай бәлеге жолығып, бар қаржымыздан айырылдық. Бұрынғы өткен сот отырыстары біздің пайдамызға шешілмеген соң, апеллациялық сотқа арыз жазды. Ол сот алдағы маусым айының 1-і күні Өскемен қаласында өтеді.

Абзал Құспан, заңгер:

Бұл мәселеге заңдық тұрғыдан қарайтын болсақ, қолданыстағы қылмыстық кодексте 234 бапқа сәйкес, біраз заңсыздықтарды байқауға болады. Яғни, бұл жерде Гүлжан Мәуітхан тарапынан, оның өз ақшасын шекарадан дэкларациясыз өткізуінде мемлекетке ешқандай қаржылық залал келіп отырған жоқ. Бұл кісі бар болғаны – бір парақ қағазды толтыруды білмеген.

Ал, Гүлжан Мәуітханның басындағы жағдай бір рет қана қайталанып отырған жоқ. Бұған дейін де болған. Мысалы, дәл қазір менің қолымда Зайсан аудандық сотының 2011 жылы 16 тамызда Томпақ Марқа есімді азаматтың үстінен қозғаған қылмыстық істің үкімі бар. Ол да тура осындай жағдай, еш айырмашылығы жоқ. Қазір Журналист Ұларбек Дәлейұлы екеуіміз осыған ұқсас басқа да фактілерді жинақтап жатырмыз.

Осы оқиғадан кейін мен дамыған батыс елдерінің заңнамаларын зерттеп көрдім. Ол елдерге сіз қомақты ақшаман барсаңыз, олар сізді керісінше құшақ жая қарсы алады. Айталық, Ұлы Британияға сіз ешқандай азаматтығын алмай-ақ 2 миллион фунд стерлинг ақшамен барсаңыз, сізге инвеститсиялық виза береді, ал ол визамен сол елдің азаматтарына қарағанда өкілеттігіңіз әлдеқайда жоғары болады. Кез келген есі дұрыс мемлекет өз ішіне ақшаның сырттан кіргенін қалайды.

Бұл жерде ол кісі контрабандалық қымбат бұйымдар алып келе жатқан жоқ, қоныс аударып көшіп келе жатыр. Бұл істі қылмыс ретінде қарау үшін, қоғамға қауіпті жағы болуы керек. Бірақ, ондай еш негіз жоқ.

Екіншіден, ол кісілер таңғы сағат 10:00 шамасында шекараға келген, сол уақытта ұстағаннан кешкі 8:00 шамасында бірақ босатқан. Бұл жерде заңсыздық болған, яғни, ҚР ҚК тармақтары бойынша жауап алу үшін 3 сағаттан артық ұстауға болмайды. Бұл жерде олардың (Муітхан.Г) бас бостандығын шектеп, заңсыздыққа барған. Оны өздері толтырған тергеу қағаздарынан анық байқауға болады.

Үшіншіден, алдымызда Халықаралық ЭКСПО көрмесі келе жатыр. Ертең сонда шетелден келген азаматтардың бәрін үстінен қылмыстық іс қозғап, соттай береміз бе? Ол жағдай біздің имиджімізге қалай әсер етпек?

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:

Бұл жағдайға қарап отырсақ, біздің кейбір сот жүйесі түсініксіз. Мысалы, бірер ай бұрын жемқорлыққа батқан, бір миллион доллар пара алған Ни деген адам сот алдынан босап кетті... қарап отырсақ мұндай жайттер баршылық. Ал, шетелден көшіп келе жатқан қарапайым отбасын басын қатырып, неше ай бойы сотпен әурелеп жүр. бұл жерде олар орысша білмейді, криллица әріптерін танымайды. Қатал заң бойынша бұл істі қарауға болмайды, меніңше. Елдегі қаптаған жемқорды жазалаудың орнына осындай жағдай болғаны өкінішті. Алдағы сот отырысын бәріміз мұқият бақылаймыз. Керек болса, Өскеменге барамыз. Ал, сот отырысы кешірім жасап, әділ үкім шығарады деп сенеміз.

Бұл ісі – өте маңызды. Қаншама қазақ атажұртына көшіп келуді армандып отыр.

Ғалым Байтук, қоғам қайраткері:

Абай тірі болса, «сорлы қазағы-ай...» деп тағы айтар еді. Гүлжан Мәуітан апайымыздың басындағы бұл жағыдай – бәріміздің жанымызды түршіктірді. Шекарада толтырылмай қалған бір қағаз үшін осынша әреге саул меніңше, дұрыс емес.

Айжан Дәрібаева, Гүлжан мәуітханның қадвокаты:

Осы іспен о бастан айналысу барысында біршама заңсыздықтардың болғанын анық байқадым. Келесі сот отырысы қалай өтетіні қазірше белгісіз. Десе де үміт басым. Бұл іске қоғам болып атсалысу арқылы оңтайлы шешуге болады деген ойдамын. Өзіміздің заңдық құқымызды барынша пайдаланып, үздіксіз күресе беретін боламыз.