02 мау, 2017 сағат 14:01

Шекарада 50 мың долларынан айырылған жесір ананың ісі прокуратураға қайтарылды

Атамекеніне оралып, Қытайдан Қазақстанға көшіп келмек болғанда шекаралық тексеру кезінде 50 мың долларға жуық бар жиған-терген ақшасынан айырылып қалған қандасымыз Гүлжан Мәуітханқызына қатысты апелляциялық сот отырысы бүгін аяқталды, деп хабарлайды baq.kz тілшісі сот залынан.

Екі күнге созылған апелляциялық сот отырысы барысында шекарада бар жиған-терген ақшасынан айырылып қалған қытайлық қандасымыз Гүлжан Мәуітқанқызының ісі бүге-шігесіне дейін қаралып, тергеу барысында бірқатар өрескел заң бұзушылықтардың орын алғаны анықталды.

Кешелі-бері осы іске қатысы бар жәбірленушілерден, куәгерлерден, адвокат пен айыптаушы тараптың жауабын тыңдаған Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық істерді қарайтын сот алқасы Гүлжан Мәуітқанқызының ісіне қатысты төмендегідей шешім шығарды.

«Бүгінгі сот 2017 жылғы 10 сәуір күнгі Зайсан қалалық сотының шығарған үкімінің күшін жойып, бұл істі соттан прокуратураға тергеуге жолдау туралы шешім шығарды», - дейді сот залынан шыққан тілшіміз.

Естеріңізде болса, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты жалғызбасты әйелді ҚР Қылмыстық кодексінің 234-бабы (экономикалық контрабанда) бойынша айыпты деп танып, үстінен 68 мың теңге айыппұл салды.

Ал, 9900 долларын ғана қайтарып беріп, қалған 40 мың доллар қаржысын мемлекетке кіріс ретінде бекіткен болатын.

Бүгінгі сот отырысынан айта кететін тағы бір жағымды жаңалық, Әділбек Мұқташұлы мен Гүлжан Мәуітқанқызының үстінен қозғалған тергеу кезінде және сот кезінде әртүрлі жауап бергені үшін екеуі жауапқа тартылады деген қаулының да күші жойылған.

Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ