06 қаз, 2017 сағат 12:16

Шекара шетіндегі ел үдере көшпесін десек...

Осыдан бес жыл бұрын Қазақстан-Ресей шекарасында «бір терезе» амалы енгізіліп, екі тарап жолаушылар мен жүктерді бірігіп тексеретін болған-ды. Бірақ әлі күнге дейін бір елден екіншісіне қатынаған адамды екі тарап бірге тексергенін көрмедік. Қазақстаннан шықпай тұрып та, шыққаннан кейін де жеке құжат көрсетіп, кіру-шығу қағаздарын толтырып, алашапқын болып жатқан жолаушы. Ресейге айына-жылына бір баратын адамдар бұл сабылысқа көп қинала қоймас, ал солтүстік көршімен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғындары үшін таяқ тастам жерде тұратын жақын-жұрағатымен қатынасу қияметке айналды.

Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкино селосынан 280 шақырым қашықтықта жатқан Сүйіндік, Балқұдық, Азғыр ауылдық округтеріне 11 елді мекен кіреді және 7000-дай халық тұрады. Қазіргі күні шекаралас осы ауылдарға газ, су жүргізіліп, барынша жағдай жасалып жатыр. Бұл шалғайдағы ауыл тұрғындарының қалаға үдере қоныс аударуының алдын алып, шекара белдеуінің жалаңаштану қаупін сейілткендей.

Осы шекара шетіндегі ауыл тұрғындары ауызекі тілде қала деп Атырауды емес, Астраханды атайды. Өйткені географиялық жағынан оларға Ресей қалалары жақын. Дегенмен заңдағы олқылықтан азғырлықтарға жақын қалалары өте алыс болып тұр. Себебі бар-жоғы 60 шақырымдағы Қарабайлы ауданына барып-келу қиындап кетті. Бұл үшін алдымен аудан орталығы Ганюшкинге, одан әрі Котяевка бекеті арқылы Астраханға бару керек. Онда да Ресей жеріне кірген соң үш күн ішінде тіркеліп, 36 келіден артық жүк алып кірмеуі талап етіледі.

Осындай талаптар шекара шетіндегі тұрғындарға қолбайлау, кедергі болып тұр. Біріншіден, бұл екі жақтың кәсіпкерлері мен шаруаларының бір-біріне тауар, азық-түлік өнімдерін шығарып, пайда табуына кедергі. Мәселен, шекарадағы ауылдарға мал мен мал өнімін, қолдан жасайтын бұйымын Қарабайлы бекеті арқылы өтіп, сондағы базарға шығарған анағұрлым тиімді болар еді. Екіншіден, алыс-берісті айтпағанның өзінде, шекараның екі жағындағы тұрғындар бір-бірімен ағайын-тума, құда-жекжат. Қарға тамырлы қазаққа енді той-қуанышты, түрлі кәдені бірге өткізу бас ауруға айналды.

Бұдан басқа, Ресейде үш күн ішінде тіркеліп үлгеру, салмағы 35 келіден асатын жүкті алып өтпеу сияқты шектеулер де жолаушының пайдасына шешіліп тұрған жоқ. Сондай-ақ екі ел бірдей Кедендік одаққа кірсе де, Ресейге затты тонналап алып кіруге болады да, ол жақтан Қазақстанға шыққанда 35 келіден аспауы қадағаланады.

Қазіргі таңда шекараның екі қапталындағы көрші ауыл-поселок тұрғындарының бір-бірімен Балқұдық-Қарабайлы өткізу орны арқылы қатынап тұруына жағдай жасаған жөн. Жалпы, Қазақстан жақтың бекетіне қатысты қолға алуды, жақсартуды қажет ететін мәселелер бар. Мысалы, былтыр Атыраудың Құрманғазы ауданында малдан «нодулярды дерматит» дерті тіркелген-ді. Тексере келгенде оның Ресей мен Дағыстан малынан жұққаны белгілі болды. Ресей жақта ветеринарлық санитарлық бекет бұрыннан жұмыс істейді. Ал бізде оны ашуға осы тосын жағдайдан кейін ұсыныс берілді.

Рас, шекара белдеуіндегі ауыл-аймақты тұрақтандыру мәселесі де жайлап болсын шешімін тауып келеді. Қазір Азғыр ауылдық округінің тоғыз елді мекеніне 11 млрд теңгеге газ жүргізіліп жатыр. Жол, ауызсу проблемалары қолға алынып, біртіндеп шешімін тауып келеді. Бірақ шекара шетіндегі тұрғындардың Ресейдегі туыстарымен қарым-қатынасы жеңілдемесе, онда олар үшін алыс елді мекенде тіршілік еткен экономикалық жағынан тиімсіз. Осындай тұрмыстық қажеттіліктер мен барыс-келіс жағдайы жасалған жағдайда тарихи мәні зор, Бөкей ханның інісі Шығайдан тараған, Дәулеткерей күйші болыстық еткен атақоныстан адамдар үдере көшпей, ауыл-аймақтың ажары қайта кірері анық.

Құралай ҚУАТОВА
Атырау облысы

"Жас Алаш" газеті