08 қыр, 2016 сағат 17:19

Шаһардың шырайын кіргізетін демалыс орындары көбейеді

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қала күні мерекесі қарсаңында Өскемендегі демалыс орындары мен саябақтарда болып, ондағы жүргізіліп жатқан құрылыс, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Естеріңізге салайық, келер аптада облыс орталығы өзінің 296 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осыған байланысты, қазір шаһарда көптеген демалыс орны қалпына келтірілуде, жаңа саябақтар салынып, маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысы аяқталуда. Сондай жаңа нысанның бірі әрі бірегейі деп «Нұрлы жол» саябағын айтуға болады. Облыстық драма театрының жанынан салынып жатқан демалыс орнының жалпы аумағы бес гектарды құрамақ. Саябақтың аумағы әдеттегідей төрт текше емес, ромб тәріздес болады деп жоспарлануда. Ал нысанның тура орталығында биіктігі 22 метрлік «Нұрлы жол» монументі орнатылмақ. Аталмыш монумент көк байрағымыздың түсіне боялған колонналардан, сонымен қатар, шаңырақ пен аспанда қалықтаған бүркіт мүсінінен құралмақ.

 

Шаһардың шырайын кіргізетін демалыс орындары көбейеді

 


Бірегей демалыс орнының құрылысын өз мойнына алған мердігер компания алматылық «Level-S-8» серіктестігінің директоры Сәрсен Сейітовтің айтуынша, қазір саябақтың аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Болашақта мұнда демалыс зоналары, балалардың ойын алаңқайлары мен спорттық алаңдар пайда болып, LED шамдар орнатылмақ. Бұған қоса, 500-ден астам көшет отырғызылады деп күтілуде.

Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ мердігер компания мен құзырлы мекемелер басшыларына бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, мұнда отырғызылатын талдардың биіктігі бастапқы жоспардағыдай бір жарым метр емес, кем дегенде үш жарым, әйтпесе бес метрді құрау керектігін ескертті.

– Келер жылдың жазынан кешіктірмей аталмыш саябақтың құрылысын аяқтап, қолданысқа беруіміз керек. Байқасаңыздар, соңғы бірнеше жылда қаланың осы бір аймағында құрылыс жұмыстары күшейді. Бұл дұрыс, себебі, біз Жібек маталар комбинаты ықшамауданы мен Ертістің оң жағалауы арасындағы бос жатқан жерлерді тиімді пайдалануымыз керек. Міне, жаңадан салынған облыстық театрдың іргесінде болашақта осындай тамаша саябақ пайда болады. Ал 2017 жылы саябақ пен театрдың қасынан тоғыз қабатты он тұрғын үйдің құрылысы басталады. Айналдырған бірнеше жылдың ішінде бұл аймақ адам танымастай өзгереді, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, болашақта қаладағы бұрынғы Комендантка өзенінің аумағы да айтарлықтай өзгеріске ұшырайтын болады. Құрылысшылар бұл жерде шетелде өте танымал декинг (жерге ағаш тақтайлар салу) әдісін қолданбақ. Болашақта демалыс орнында жаңа шамдар орнатылып, ашық алаңқайларға газон төселеді. «Бастау» атты жасанды сарқырама мен шағын су қоймалар пайда болады. Сонымен қатар, «Street workout» тәріздес спорттық алаңқайлар салынып, тренажерлер орнатылмақ.

Болашақта қалалықтардың тағы бір сүйікті демалыс орнына айналатын саябақтың құрылысы екі жылдың ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Комендантканы көркейту ісіне жауапты «Есіл-Энергосервис» ЖШС-нің басшылығына жұмыстарына жоғары баға бере келіп, нысан уақытынан кешіктірілмей қолданысқа берілуі керектігін тағы бір мәрте еске салды.

Қаланы аралау барысында аймақ басшысы Ұлы Отан соғысында құрбан болған сарбаздарға арналған Даңқ мемориалының айналасында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазір Ертіс пен Үлбі өзендері тоғысқан тұста орын тепкен мемориалды қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілуде. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша мұнда түсі мүлдем өзгеше тротуар төселіп, жағалау қоршаулары гранит плиткалармен қапталмақ. Сондай-ақ, биіктігі төрт метрді құрайтын шойын тіреуіштер орын теппек. Бұл жұмыстың барлығы биылғы күзден қалмай аяқталуы тиіс.

Аймақ басшысы, сонымен қатар, Борис Александров атындағы спорт сарайында болып, мұндағы құрылыс жұмыстарының барысын көріп қайтты. Бүгінде спорт сарайының фойелерін 18,5 метрге үлкейту жұмыстары аяқталуға жақын. Болашақта мұнда сауда нүктелері, демалыс орындары, қосымша дәретханалар мен пандустар пайда болады. Мердігерлер аталмыш жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін аяқталатынына сендіріп отыр. Ал келер жылдан бастап спорт сарайының сыйымдылығын ұлғайту жұмыстары қолға алынады деп күтілуде. Осының арқасында бүгінде 4 400 орынға шақталған арена бес жарым мың адамды қабылдай алатын болмақ.

– Өскемен – қазақ хоккейінің отаны. Мұнда бұл спортты жақсы көрмейтін адам кемде-кем. Спорт сарайына «Торпедоның» ойындарына келген сайын арена жанкүйерге лық толатынын көріп жүрмін. Осы себепті облыс орталығында сыйымдылығы кем дегенде бес жарым мыңдық хоккей аренасы болуы керек деп түйдім. Міне, алдағы бірнеше жылда осы бағыттағы жұмыстар аяқталып, кеңейген, жаңарған Спорт сарайы жанкүйерлерді қабылдауға дайын болады, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.

Аймақ басшысы, бұл күні сонымен қатар, Күленов кентінің Молдағұлова көшесі бойындағы абаттандыру, көркейту жұмыстарының барысымен танысты. Қазір мұнда тротуар төселіп, балалардың ойын алаңқайлары салынуда. Сондай-ақ, облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақниет» мектеп-интернатының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталмыш нысанда келешекте есту, сөйлеу, көру қабілеті нашар жүзге жуық бала емделіп, білім алатын болады. Мектеп-интернат жаңа жылға дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Нұржан Кенжеұлы

"Дидар" газеті