14 қар, 2016 сағат 11:13

Шарафат Жылқыбаева. Жапондар қайдан шыққан?

Ұлттар заман теңiзiндегi балықтар тәрiздi. Бiрi тереңде қалса, ендi бiрi су бетiнде еркiн жүзедi. Теңiздегi iрiлi-ұсақты мекендеушiлер бiр-бiрiмен туыс та, бiр-бiрiне жау да, олардың күштiсi әлсiзiн қорек қылатыны сияқты тарихтың айдынында алпауыттарға талай этностар жұтылып кеткенi белгiлi. Ал ұлтты өзгеге бодан болудан сақтайтын күш — руханият. Руханияттың тамыры — мәдениет, әдебиет пен өнер. Рухани тамырының салалары берiк ұлт қайсы дегенде ең алдымен жапон елi еске түседi. 

Ниппон (нихон) этнонимiнiң мағынасы «Күн негiздi», «Күн тамырлы» деп аударылады. Туында да қызыл Күн бейнеленген Күншығыс елiнiң көшпендi қазақ мәдениетiмен байланысы туралы айтқанда балықты атауымыздың себебi бар. Ұлттың тұрмыс-тiршiлiгiнде әрбiр заттың, әр әрекеттiң белгiлi бiр рөл атқаратынын ескерсек, ұлттық символдардың да философиялық, этнографиялық және әдеби мәнi бар. Жапондар ұлттық болмысты бұтарлап, бөлшектемей толық қалпында сақтап отырған ел. Сакана иероглифiмен таңбаланатын балықты жапондардың ұлттық асы деп қана қарастыруға болмайды. Сакана ұлттық ағаш сакура мен ұлттық сусын сакэ сияқты басты символдар санатына жатады. Күншығыс халқы нелiктен сакура, сакэ, сакананы ұлттық символ ретiнде әспеттейтiнiн бұған дейiн дүниежүзiнiң бiрде-бiр шығыстанушысы, не әдебиеттанушысы немесе лингвист ғалымы дәлелдей алған жоқ. Бұл символдардың мәнiне үңiлмедi де. Өйткенi, символдардың сыры көшпендiлер мәдениетiмен байланысты едi.

Ғылым салалары қашанда бiр-бiрiмен сабақтаса байланысып жатыр. Үш шектi шямисэн аспабынан бастап, кото, бива, фуэ, шякухачи сияқты музыкалық мұралар архипелагқа осыдан 30 мың жыл бұрынғы Дзйомон дәуiрiнде елдiң оңтүстiгiндегi Окинава аралдары арқылы кiрген. Жапон аралдарынан Дзйомон дәуiрiне жататын қыш ыдыстар көптеп табылған («Нихонгиджюцуши» Токио: 2001, 6 бет). Бүгiнде көп қолданылмайтын, даңғараға ұқсас жапон тайкосының Окинава өңiрiмен байланысты тарихын Ямамото Хироко деген өнертанушы жазған («Нихоннотайко, Аджиянотайко» Токио: 2002). 

Бүгiнге дейiн дүниежүзiнiң ғалымдары жапон ұлтының тегi туралы дәлелдi пiкiр айта алмады. Жапон мәдениетiнiң тарихын Орта Азия халықтары мәдениетiмен, оның iшiнде қазақ руханиятымен байланыстыра зерттеген ешкiм болмады. В.Н. Горегляд «Жапон ұлты Полинезия аралдарынан көшiп келген» («Классическая культура Японий. Очерки духовной жизни.» С-П: 2006, 7 бет) деген теорияны ұсынса, зерттеушiлердiң денi жапон мәдениетi Корея мен Қытай арқылы басқа бiр беймәлiм аймақтан жеткендiгiн айтқанмен, нақты қай жер екенiн атай алмаған. Ол беймәлiм аймақтың көшпендiлер даласы екендiгi бүгiнгi ХХI ғасырда дәлелденуi бұған дейiн Азияда батыстық идеология үстемдiк еткендiгiнен деп бiлемiз. Дзйорури, Но, Кабуки театрларының архаикалық негiзi жыраулар мәдениетiнде болса, жыраулардың атасы Қорқыт баба күмбезiнiң Сыр бойында екендiгi белгiлi. 

Ал кото аспабы қазақтың жетiгенiне ұқсайды. Кото он үш, он жетi және жиырма бiр шектi болса, жетiген үш шектi. Қытайда осындай аспаптың чжэн деген түрi бар. Жапон музыкасының көшпендiлер өркениетiмен байланысты екендiгiн дәлелдейтiн тағы бiр фактор музыкалық аспаптың өнертану тұрғысынан ғана емес, лингвистикалық та сипатына қатысты. Жетi саны жапон тiлiнде шичи таңбасымен бейнеленсе, гэн — шек деген мағына бередi. 

Демек, жетiген сөзiнiң этнолингвистикалық астары — жетi шектi аспап семантикасына саяды. Жоғарыда келтiрiлген мысалдардан түйетiнiмiз, жапон өнерiнiң бастау тарихы 20-30 мың жыл бұрынғы Дзйомон дәуiрiнде жатыр. 

Этнографиялық ою-өрнектi заттар туралы айтқанда көшпендiлер тұрмысында киiз үйдiң жабдықтарына мән беремiз. Ежелгi көшпендiлер танымындағы шаңырақ Күн символикасымен байланысты. Гун көсемi ерте тұрып, Күнге қарап сиынған. Күншығыс халқының туында Күннiң бейнеленуi этно-мәдени таным көкжиегiн танытса керек. Жапон елi этникалық ерекшелiктi осылай сақтап отыр. 

Ежелгi Жiбек жолы бойындағы қазақ шаһарларының бүгiнде аты ғана сақталса, бұл жол Шығыс халықтарының ортақ тарихының тамыры iспеттi. Жiбек кездемелердi тек Шығыс халықтары пайдаланған. Жапон кимоносы да жiбектен тiгiлгендiгi белгiлi. Көздiң жауын алатын кимонолар жапон мәдениетiнiң айшықты бiр саласы. Егер кимоно сөзiнiң лингво-мәдени сипатына мән берсек, ки — кию, моно — зат деген қос ұғымның бiрiгуiнен құралған. Кию, киiм деген қазақ сөздерiнiң этимологиясы жапон тiлiндегi ки таңбасымен тамырлас екендiгi айқын. Егер қазақтың камзол-шапандарында көшпендi халықтың тұрмыс-тiршiлiгiне тән ою-өрнектер бедерленсе, жапон кимоносында аралдардың табиғаты айшықталған. Кимоно мацумойоу, кикуакикуса, кика, широхаги, аджисай, цубаки, момиджи («Нихоннодэнтоу. Иротокатачи» Токио: 1987, 31-44 беттер) ою-өрнектері салынған кездемелерден тiгiледi. Ер кiсi көбiне көк түстi кимоно кисе, қыз-келiншектер жыл мезгiлiне қарай сакура, толқынды теңiз, сан-алуан ою-өрнектер бейнеленген кимоно киедi. Кимононың тiгiсiне қарап, қай өңiрден, жылдың қай мезгiлi екенiн бiлуге болады. Кимононы киюдiң өзi үлкен өнер. 

Ер адамның ру таңбасы кимононың иығына, кеудесiне таңбаланады. Қазiрде ұлттық мерекелерде кимонодан жапондық нәзiк эстетикалық талғам аңғарылып тұрады. Кимононың қыздар киетiн фурисодэ, иротомэсодэ, жазға арналған юката сияқты түрлерiмен қоса куротомэсодэ, хоумонги, иромуджи, цукуэсагэ (Кигучия Йошико. «Кимононокицукэтотабимүсуби» Токио: 2002, 4-7 беттер) сияқты түрлерi бар.

Жапон халқы ұлттық мәдениеттiң формасымен қатар мән-мазмұнын да сақтаған. Батыс мәдениеттанушылары мен шығыстанушылары жапон мәдениетiнiң тек сыртқы пiшiнiне ғана назар аударып келгендiгi жасырын емес. Жапон халқы «ұлттық» ұғымын басқа ұғым-түсiнiктерден әрдайым жоғары қояды. Жапондық мәдениет пен батыстық мәдениеттiң арасында үлкен қорған бар. Өзiнiң ұлттық болмысына қол сұқпайтын бiрден-бiр ұлт десек те болады. Жапон өнерiне заманауи сипат беру тән емес. Мәселен, Но, Кабуки, Дзйорури театрларының репертуары сан ғасыр бұрынғы өнердiң осы түрi алғаш пайда болған кездегi алғашқы қойылымдардан тұрады. Әртiстердiң костюмi, сахна, декорация, т.б. толығымен ежелгi қалпында сақталған. Егер жапонның ұлттық театрына қазiргi драматургтердiң шығармаларын енгiзсе, бұл ұлт өнерiне қол сұғушылық болар едi. Сондай-ақ, шямисэн, кото, шякухачиде ойнаған өнерпаздар үнемi сахнаға кимономен ғана шығады. 

Жапон мәдениетi мен өнерiнiң сақталуынан да учи/сото ұғымдарының философиялық терең астарын байқаймыз. Учи — iшкi, өзiмдiкi, сото — сыртқы, бөтен болса, жапондар ұлт өнерiне «бөтендi» араластырмайды. Ұлттық мәдениеттi сақтаудың басты белгiсi де осы. Мысалы, Гион мацури мерекесiнен көне заман күймесiн көргенде Хэйан дәуiрi көз алдымызға келедi. Жапон мәдениетiне бөлшектiк емес, тұтастық сипаты тән. Қыз балалардың хинамацури мерекесi кезiнде безендiрiлетiн қуыршақтарға назар салсақ, әр сатыдағы сакура, шабдалы тәрiздi детальдардың қай заманда болсын өз орнында тұрғанын көремiз. Ғұрыптық шараның қайсысы болса да әр зат өз орнында, мәнiн толық сақтап тұрғаны байқалады. Өйткенi, өнердегi символ дегенiмiз — мән. Сан мен рет бұзылса, мән жойылады. Бұл қағиданы ежелгi көшпендiлер берiк ұстанған.

Ақсақалдар институты, отбасындағы ер адамның статусы, үлкендi сыйлау сияқты ұғым-түсiнiктер жапон мәдениетi мен көшпендiлердiң өмiр салтына тiкелей қатысы бар екенiн көрсетедi. Тарихи кезеңдер қос ұлттың арасын бөлсе де, жаңа заманда ежелде етене жақын болғандығымызды айшық айта аламыз. Көшпендiлер өркениетiнiң бiр бөлiгi жапон мәдениетi екендiгi айқын. Оған бiз этнографиялық, тарихи-лингвистикалық, әдеби кешендi зерттеу жүргiзу нәтижесiнде көзiмiз жеттi. Еларалық ынтымақтастық экономика ғана емес, өнерде де көрiнуi тиiс. Қазақ пен жапон гендiк қана емес, рухани тұрғыдан да жақын екендiгi этномәдени құндылықтарынан танылса керек. Кейбiр жапон ғалымдары жазып жүргендей «жапондар Америка мен Африкадан келуi мүмкiн» деген теорияның негiзсiз екендiгiн дәлелдеп отырмыз. Қазақ өнерiнiң тарихы Күншығыспен байланысты екендiгi сөзсiз.