23 жел, 2016 сағат 13:14

"Шал" деп кімді айтамыз?

Осы мақаланы жазумызға бір ерекше себеп болды. Әдеттегідей әлеуметтік желіні аударып-төңкеріп отырғанымызда «Шал» сөзінің түпкі мағынасы төсекке жарамай қалған ер адам» деп басталатын сорақы жазбаның бізді шалқамыздан түсіргені бар.

Жазбаны пікір білдірушілер қоштап, авторды қошеметтеп жатыр. Сосын: «Бұл қай сасқандары? Аталы сөздің нарқы мен парқы кімнің талқысынан өтіпті? Мұндай «сәуегейліктің» тамыры қайда жатыр?» – деген топ-топ сұраққа тоғытылып қалғанымыз рас-ты. Бурыл сақалдан ақсақалға айналып, қариялық салауатына қанығып, алыс кетсе аталық ақылын сағынып өскен қалпымызбен бір, туғанымнан «атасының аузынан түсе қалып», шақалағынан «шалдың баласы» атанып, шарапатымен шар дүниенің жарты патшасындай болып өскен өзіміз сынды немере атаулыны аяғаннан екі қынжылдық. Сөйттік те, манағы санадағы көп сауал жауап іздеуге кірісіп кеттік.

Асылы, бұл осыдан бір жыл бұрын интернеттің иін қандырып, иірімінде ұзақтан-ұзаққа батып-шығып жүріп алған маңғыстаулық Жәнібек Қожықтың кездейсоқ ақпараты-тын. Анықтап қарасаңыз, осы бір жыл аралығында арнайы сілтемемен де, сілтемесіз де «сілтеп» жүргендердің көбінің пікірі сол Жәнібектің жаңағы сорақы тұжырымының төңірегінде өрбіпті. Онда маңғыстаулық жазарман: «Кеше «кемпір» сөзінің мағынасын жаздым. «Кемпір» күйеуі қайтыс болған егде жастағы әйел деген сөз. Себебі, қазақта «пірсіздің пірі шайтан, әйелдің пірі күйеуі» деген мақал бар. Ал бүгін «шал» сөзінің мағынасын жазбақпын. Оған себеп қазіргі жастар бұл сөздердің түпкі мағынасын толық білмегесін, үлкендер «ұят болады қойыңдар» демегесін бір-бірін «кемпір», «шал» деп айтып жүр», – деп бір түйеді. Мұнан ары өз басынан өткен бір жайды баян етеді. Осыдан 25 жыл бұрын Онды ауылында үлкен той болғанын, сол қуанышта нағашысы Ыбырай мен нағашысы құралыптас қариялардың асаба жігіттің «шал» деген бір сөзіне шамданғанын тілге тиек етеді. Әрі сонда бұл реніштің мәнісін сұрағанда төрде отырған нағашысы «Әй, бала, сөздің мағынасын білмесең айтпа, менің жасым 85-те, бірақ 80-ге келгенімше шал болғаным жоқ, қалай түсінсең солай түсін», – деп айтып салып отырғанын жеткізеді. Ең қызығы, шағын жазбаның түйіні де осы негізде қорытыланады. Сөйтіп, шал–төсекке жарамай қалған ер адам екен-мыс.

Мүбәдә, дана қазақтың «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамас» деп келетін жақсы лепесіне жүгінсеңіз, жел – бір жыл бұрын Жәнібек Қожық есімді автордың жазған шала мақала екені, шөп – «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі сөз зерттегеннен көрі, сөз қуғанды ұнататын топ екенін бірден түсінеміз. Өзінің ойыңда орамы қалыптаспаған сөзді өзгеден ести сала «ой, пәлілеп» анталай жөнелу әлеуметтік желі қолданушыларға тән құбылыс. Ал, 5 жыл сайын бір орфографиялық сөздік шығарып қойып, лингвистикалық талдау мен тұжырымдаудан аулақ жүретін филолог, этимологтар сол мінезінен жаңылмай бұл «пәтуә» туралы ләм демеді. Әйтпесе, бұған қарсы бір уәждің, байыбы бүтін бір байламның мерзімді баспасөзде жарық көрмегі керек-тұғын. «Аталған сөздің тамыры қайда?» деген бір ғалым болса «алысқа ат жүгітрпей-ақ» қолдарындағы көп кітаптардың біріне көз жүгіртсе болғаны еді... 

Қош, сонымен қазақ тілінің алып сөздігіндегі «Шал» атауы нені меңзейді дегенге тоқталсақ. Бірден бала күннен құлаққа сіңісті болған мына бір мақал ойға оралады. «Алтыға дейін бала ерке, алпыстан кейін шал ерке» дейтін. Қалай екшеп, қай есеппен талқыласаңыз да, дәл осы мақалда «Шал» атауы биіктемесе, еш аласармас. Оны айтамыз-ау, мұндайда «Бұл дүниенің мысалы, ұшып өткен құспен тең», иә болмаса, «Білімің болса-дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей» деп қазақ жырында тың сүренімен танылған Шал Құлекеұлы ақынның есімі ойдан шықпайды. Ақынның азан шақырып қойған аты – Тілеуке. Ал осы Тілеуке жыраудың 15 жасында «Шал ақын» атануы, әрине, халқының ұлы перзентін анау айтқандай «шал» деп кекетіп, кемсітуінен емес, қайта «дана, абыз» деп білген сүйіспеншілігінен туындаған. Абыройсыз сөз болса өзі де:

Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң, 
Болмайды қойға пана тал дегенiң...–деп ел берген есімін жырына қоспас еді. Ал қазір көп айтып жүрген «тұжырымға» келсек, шүбәланбасын, Шал ақынның ұрпақтары болған. 1964 жылы Мұхтар Мағауин Шал ақынның Қошан деген шөпшегімен кездесіп, бабасының жырларын аузынан жазып алған! 

Енді осы сөзді зерделеп көрелік. Біріншіден, тарих ғылымының докторы Бақыт Еженханның «Найман хандығының мемлекеттік құрылымы» атты еңбегін парақтасаңыз, онда да «Шал» атауы кездеседі. Онда ғалым ежелгі мемлекеттің әкімшілік, өзіндік басқару жүйесіндегі бір лауазым «Шал» екенін айтады. Оған «Жамиғ-ат тауарихтың» Шыңғысхан шежіресінде найман Күшліктің аға, әпке-қарындастары, руы туралы әңгімеде осы сөздің қайталанып отыратынын дәлел етеді. Айталық: «Алин-шал», «Баян-шал», «Тару-шал» және «Түңге шал» болып жалғаса береді. Осылайша Рашид-ад-дин өз еңбегінде «шал» атауын «ханзада» сөзімен теңестіреді. Мұны тарих деп біліп, екі деңіз.

Үшінші дәйекке келсек. Орта ғасырларда солтүстік Қытай жерін қидандар мекендегенін білеміз. Міне, осы халықта да «Шал» сөзі қолданылған. Мәселенки, бүтін тайпа өмірінен сыр шертетін тарихи шежіре «Лияо-ши-да» да аталған сөз жиі ұшырасады. Ол ол ма, еңбектің «Патшалық тілге түсініктеме» деген тарауында «Тамашу ша-ли» деген атау беріліп, дәл сонда бұл тіркес: «тама» – көне түрікше «шабарман», ал «ша-ли» – «ұл» деп түсіндіріледі. Осындағы «Тамашу ша-ли» атқарған міндеттер мәнісіне үңілсеңіз, мынадай ақпарат аласыз. Ақсүйек ұрпағы саналатын шал сырт мемлекеттерге қол бастап шығады. Әрі бұл өкілдің жат ру-тайпаларға қол бастап баруындағы себеп хан әулетінің өкілі екенін және барған жерін басқару құзыретінің барлығын таныту. Енді осындағы «Тамашу ша-ли» сөзін түркілік негізде түгендеп, қазақы сөздік қисынға салып кеп жіберсеңіз, «тамаша шал» деген сөз шығады. Бұлай дейтініміз, «Ша-ли» атауы ерте қытай иероглифтерінің заңдылықтарына бағынған қидан тілі екенін, ал түптеп келгенде оның түркілік «шал» сөзі екенін бағамдау қиын болмаса керек. Демек, мұнда да түркілік танымның жатқаны байқалады. 

Түркілік таным демекші, осы орайда ежелгі түріктер атауы айрықша дәлдікпен, асқан ұқыптылықпен жазылған Ду Судың IX ғасырдағы «Тун-диян-да» деген кітабынан да бір дерек келтіре кеткеніміз артық болмас. Аталған еңбекте: «Алғашында түрік ақсүйектерінің лауазымдары он дәрежеге бөлінген. Олардың аты адам денесі, жасы, сақал-шашы, аңдардың аты сияқтылардан келген», – дейтін ерекше бір мәлімет бар. Мұның несі ерекше дейсіз ғой? Себебі, онда бүгінгі біздің сөздік қолданысымыздағы «Ақсақал», «шал», «бас уәзір», «қолбасшы» тағы сол секілді адамның дене мүшесі мен жасына қатысты қойылған көптеген сөздердің түп-тамыры айқындала түсетіндей. Осыдан барып шын мәніндегі «Шал» сөзінің қайдан шыққанын, оның түп-тамырының қайда жатқанын бағамдай аласыз.

Алысқа бармай, жақыннан тағы бір-екі дәйек ұсыналық. Сөздің мәйегін таныған, Алаш баспасөзінің атасы болған әйгілі Ахмет Байтұрсынұлының да «Шал мен жұмыскер сөзі» деген мысал өлеңі болмаушы ма еді? Онан да бері зерделей түссеңіз, Алтайдың кербұғысы атанған атақты Оралханның «Тоқадан қалған тұяқ» атты еңбегі тағы бар. Сонда емес пе, жазушының «Тоқа шал» деп көршісінің атын туындыда көп кіріктіретіні. Қарымды қаламгер өз шығармасында «шал» сөзінің орнына басқа атау таппады дейсіз бе, табады. Тек ақылға терең, сөзге кенен зергер көшпенді қазақ психологиясының қатпар-қатпарына, таным-тұңғиына осы бір сөздің сіңімді, қонымды екенін ұққасын жазбады ма? 

Тіптен, бұл атаудың санамызға сіңімді, қонымды екені туралы мысал керек десе, «Шалды шақыр, асыңа келсін, шалдығына күл, басыңа келсін» деген мақалды іштей қайталайсыз. Жәнібек Қожық есімді жазарман айтқандай «жарамсыз еркек» мағынасындағы сөз болса, атам қазақ аталы сөзінде «шалдығына күл, басыңа келсін» деп баласына жамандық тілер ме еді, тәйірі?! Бақсаңыз, мұнда да «Шал» атауын қазақтың «жас күнінде бір бала, қартайғанда бір бала» деп, оның әрбір «ерсі» қылығына түсіністікпен қарайтын терең танымы жатқандай. Әсілі, бір кездердегі лауазымға орай құрметті адамды «шал» деу дәстүрге енген, "ақсақал", "қария", "қарт" деген сөздерге тең сыйлы сөздер сапындағы атау. Бір қарияның «Әй, шал деме, мен әлі жігіттеймін» деген бір ауыз қағытпа сөзінен қазақтың ежелгі түсінігін қопарып тастардай түсінік іздеу – әбестік. Ол қарияныкі «бір кемпір бір кемпірге: әй, қыз, - депті» дегеннің төңірегіндегі қазақы қыжыртпа. 

Тобықтай түйін: Іргелес жатқан Ресейде тіл мамандары жыл сайын өздерінің сөздік қорына енген жаңалықтарды тізіп, көне сөздерін зерттеп, жариялап отырады. Бізде ондай жоқ. Сондықтан ұлттың жадында сақталған, қазыналы тарихтың коды іспетті құнды сөздер жиі қиянат көреді. Шаласауатты ізденіс «шалды» шалып құлатып, «кемпірді» кемсеңдете бастады. «Шалдың» шалғайынан алғандар, ертең «ақсақалды» да албастыдай етер. Сондағы мақсат не? Наполеон Бонопарттан қалды делініп жүрген «Жауыңнан қорықпа – тура келіп өлтірер, досыңнан қорықпа – ары кетсе сатып кетер. Қорықсаң, айналасына немқұрайлы қарайтындардан қорық, солардың үнсіздігі кесірінен айналада опасыздық пен қантөгіс болып жатыр» деген сөзі ойға оралады. Мен тіл мамандарының 25 жылдағы немқұрайлылығын түсіне алмадым!

Қозыбай ҚҰРМАН,

"Жетісу" газеті