31 там, 2017 сағат 09:28

Шахтадағы апат: 3 адам қаза тапты

31 тамызда таңғы уақытта Қарағанды облысының Шахтинск қаласында "Арселор Миттал Теміртау" компаниясына тиесілі "Казахстанская" шахтасында төтенше жағдай болды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап хабарлайды. 

Таңғы төрт шамасында кенеттен метан ауаға тараған. "Шахтада алдын ала мәлімет бойынша 136 адам болған. Сонымен қатар, болжаммен апат жағдайы болған жерде төрт адам қалып қойған. Қолда бар мәлімет бойынша, шахтадан үш адамның мәйіті табылған", - делінген хабарламада.  

Таңғы сағат 7-де қаза тапқандардың денесін жоғарыға шығарып, эвакуациялау басталды. 7 сағат 05 минутта шахтаның барлық жұмысшылары - 130 адам жердің бетіне шығарылды. Тек үш жұмысшы апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізді.

Қаза тапқандар жайлы мәлімет:

1. Ахметжанов Рустам Ренатұлы, 23.03.1983ж., үйленген, 3 баласы бар.

2. Руденко Валерий Валентинович, 18.05.1980 ж., үйленген, 2 баласы бар.

3. Шебанов Максим Сергеевич, 24.05.1986 ж., үйленген, 1 баласы бар.

Бұл жұмыстарға Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Индустриалдық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің «Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі» РМК Қарағанды мен Шахтинскідегі 7 бөлімшесінің 60 адамы мен 9 техникасы тартылды.