05 қаң, 2017 сағат 19:09

Шахан тұрғындары депутаттарға өз проблемаларын айтты

- Мәжіліс депутаттары,  «Нұр Отан»  партиясы фракциясының мүшелері  Нұрлан Дулатбеков, Снежанна Имашева және Юрий Тимощенко бүгін Қарағанды облысы Шахан кентіне барды, деп хабарлады Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Депутаттар алдымен қазандықтың жарылуы салдарынан құлаған үйді көрді. Оларды бұл жерде Шахтинск әкімі Сержан Аймақов күтіп алды. Қала басшысы жағдайды баяндады, қалпына келтіру жұмыстары, зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілгені жайында айтып берді.  

«4-14 қаңтар аралығында өңірлерге жұмыс сапарын жоспарладық. Апатқа байланысты бірінші Шаханға келуді шештік. Көңіл білдіру үшін, гуманитарлық көмек көрсетіп, тұрғындардың бастамашыл тобымен кездесіп, оларды тыңдау үшін келдік. Енді проблемаларды егжей-тегжейлі саралап, сосын әрекетке көшеміз», - деді Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков.  

Ю. Тимощенко Шахтинск әкімімен әңгімелесу барысында, жылыту жүйесін түгендеу қажеттігін айтты. «Басқа үйлерге де осындай қондырғы қойылған. Әзірге тергеу жүріп жатыр, бұл жерде техникалық және адам факторы туындады. Жабдықтардың қандай дәрежеде екенін, қызметкерлердің дайындық деңгейін тексеру қажет», - деп санайды депутат.

Содан кейін әкімдікте жергілікті белсенділермен кездесу болды.

«Сіздермен бірігіп  бұл апаттың алдын алуға болатын еді. Сіздерді сайладық, бүгін біздің көкейкесті мәселелерімізді тыңдап, өз сайлаушыларыңызды құтқару шешімін қабылдайды деп сенеміз. Себебі адамдар әлі де осындай үйлерде тұрып жатыр. Мұндай қазандықтар жетерлік», деген ойын білдірді жергілікті қоғамдастық төрағасы Сапар Ибкеев. - Бізге қазандық керек. Бұл туралы сұрап өтінгіміз келмейді, талап етеміз. Осы мәселені үкіметтік  деңгейде шешуге жәрдемдесулеріңізді сұраймыз».  

Кінәліні іздеу ақылға сыймайды, - деді белсенді. «Барлығымыз - кінәліміз. Қаза тапқандардың алдында бәріміз де жауаптымыз. Енді аман қалған адамдар алдында жауапкершілігімізді ұмытпайық».

Депутаттар белсенділермен жылытуға байланысты шешімдердің баламалы нұсқаларын талқылады.